Жадымыздасың, Рахымжан!

0
143

Өткен ғасырдың 70-90 жылдарында қа­зақ поэзия­сында өз қол­таңбасын қалдыр­ған, Же­тісудың талантты ақын­дарының бірі Ра­хымжан Өтегенов бо­ла­тын. Марқұм тірі бол­са бүұл күндері 70 жасқа толар еді. Оның жырларындағы мөлдір сезім, тұнып тұрған табиғат суреттері, адамдық пен адалдық, махаббат сырлары оқырманын бау­рап алатын. Екеуміз Шелек кентіндегі Абай атындағы орта мектепте бір класта бірге оқыдық. Шығармашылық жолымыз­ды қатар бастадық.
Сабақ үстінде өлең жазып отыру Рахымжанның әдеті болатын. Бірде өзімен өзі болып отырған шәкіртті әдебиет пәнінің мұғалімі Кеңесжан Жұмабекова апай тұрғызды.
– Рахымжан, не істеп отырсың, қыздарға хат жазып отырсың ба?
– Жоқ, апай!
– Шыныңды айт!
Өлең жазып отырмын, – деп қипықтап қалды.
– Өлең?! Қане, оқышы!
– Жоқ апай, әншейін өзім­ше! Апай қадалған же­рі­нен қан алмай тынбайтын. Сыныптасымыз амал жоқ жазған өлеңін оқып берді:
Шелектің желі аймалап мені қарсы алды.
Ұмыттым сонда, ұмыт­тым бәрін шаршауды.
Кеудемді менің бір әсер билеп кетті ме
Қайталап шықтым махаббат жайлы барша әнді!
Өй, айналайын, сен шы­нымен-ақ ақын болайын деп тұр екенсің ғой, – ән­шейінде мінезі қатал апайдың жүзі жылылыққа бөленді.
– Талабыңа жет, бірақ сабақ үстінде саба­ғыңа қара!
Осыдан кейін бүкіл сы­нып­тағы балалар Ра­хым­жанның Шелек туралы өлеңін жаттап алған. Кейін Рахымжанның «Гүлім ме­нің» деген өлеңіне мек­теп мұғалімдерінің бірі, әуесқой композитор Нұр­ғали Мәнкеев ән де шығар­ды. Ол жастар арасында жиі айтылатын.
Рахымжан еңбекке ерте араласты. Мектептен соң КазГУ-дің журналистика факультетін бітірді. Алматы облыстық «Жетісу» газетінде көп жыл қатар қызмет еттік. Марқұм көз жұмғанша ширек ғасырдай жалпы қазақ баспасөзінде жемісті еңбек етті. Әріп­тестері оны ақын ғана емес, тамаша ақ мылтық жур­налист ретінде де біле­тін.
«Жетісудан» кейін «Қа­зақстан пионері» газетіне ауысты. Сондай-ақ «Қазақ әдебиеті» газетінде, Қазақ радиосында Рахымжанның журналистік іздері сайрап жатыр. Бірақ оның өз қатарында дара орны бар ақын болғанын айту керек. Өзі Тұманбай Молдағалиевті пір тұтатын. Тұмағаң да тек Рахымжанды ғана емес жанында бірге жүрген біздерді де жатсынбай үнемі ағалық ақылын айтып отыртын.
Рахымжанның «Жас керуен» (1969). «Көктем тынысы» сияқты ұжымдық жи­нақтарда, одан кейін «Ақ шуақ», «Көңіл көк­те­мі», «Арманымның ақ құ­сы» сияқты жеке жыр жи­нақ­тары жарық көрді. 60 жылдығы тұсында таң­даулы өлеңдерінен құрас­тырып «Сыбаға» атты кітабын шығардық.
Асыл досым 1993 жылы небары 44 жасында дүние салды. Одан бері де міне, 26 жыл өтіпті.
Рахаңның ауылда өз қолымен еккен шыбықтары бүгінде дараққа айналды. Артында қалған ұл-қызы азамат болды. Тірі болса дәл бүгін 70-ке толғанын тойлап жатар еді. Марқұм ауыл тіршілігін ғажап жақсы көруші еді. Әрі оны сүйсіне жырлайтын. Рахаңның төменде ұсынылып отырған жырларынан сол ауыл суреттерін танисыз.

Марат ТОҚАШБАЕВ.

БАСТАҢҒЫ
Ауылдың кеші еді майда лепті,
Жиылып үлкен-кіші тойға кетті.
Он жеті, он сегіздер қалып қойып,
Бастаңғы жасау біздің ойға кепті.

Қысыла шашымызды тарап қойып,
Біз жүрдік қыз алдына шарап қойып.
Құрбылар бойжеткенін сездіреді,
Астымен көздерінің қарап қойып.

Отырып көрші қызға тамсанып біз,
Сол күні тастық екен қаншалық біз.
Жастықтың алғаш тартқан буы ма екен,
Қосыла түн ауғанша ән салыппыз.

Бас қосып, дабырласып тасқан күні,
Жастықтың қалықтайды аспанда үні.
Неге екен, жиын-тойға барған сайын,
Еске алам сол алғашқы бастаңғыны.

ЖЕҢЕШЕ

0, жеңеше,
Бүкіл ауыл мақтаған
Жүзің сенің аппақ шығар мақтадан.
Қаймақ қатқан шайыңды әкел, сағындым,
Сүрің бар ма қайыныңа сақтаған?

Нең бар тағы, қайда сары қымызың?
Ішсем-дағы қанбаспын-ау күн ұзын.
Жер түбінен жетелеген осында
Дәм шығар-ау, нан шығар-ау бір үзім.

Кім болады, құдаша ма мына қыз,
Құлағымнан бұрынғыша бұраңыз.
Менің жайым бірқалыпты бұл күні,
Алматының бір шетінде тұрамыз.

Келемін деп ойлағам жоқ бұл күнде,
Жетелеген бұлай қарай күлкің бе?
Неткен өзі дәмді-ақ еді, шіркін-ай,
Өз қолыңмен сақтап қойған құртым де.

Бойжеткеннің қалаушы едің қандайын,
Алматыға бара сала тандайын.
Сені көріп қуанғаным шығар-ау,
Тершіп бара жатыр мына маңдайым.

Болыпсың-ау бұл күндері жан-жақты,
Әрбір сөзің жан сүйсінер салмақты.
Мейіріңе де, шайыңа да қанықтым,
Айналайын ақ жеңешем ардақты.

Жауап қалдыру