Жақсы ағамды сағындым…

0
236

Белгілі қаламгер, жазушы-жур­налист, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы Жұмабек Кенжалин дүниеден озғалы да бір жылдың жүзі болыпты. Жұмабек Омарұлы – саяси ғылымдарының кандидаты, профессор, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі еді. Ол ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының және Қазақстан Журналистер ода­ғы сыйлығының лауреаты, Қа­зақ­с­тан Журналистер акаде­мия­­сы­ның академигі, Қазақ­стан Рес­пуб­ликасының Мәдениет қай­рат­кері болатын. 14 шілде күні мар­құмның жылдық асы беріл­мек. Осыған байланысты төмен­де Жүкең­нің шәкірттерінің бірі, респу­б­лика­лық «Полиция.kz» журналы бас редак­торының орын­басары Ерке­ғали Бейсеновтың техникалық себеппен кітапқа енбей қалған материалын арнайы ұсынып отырмыз.
Алғаш есте қалғаны бұдан он бес жыл бұрынғы жайт. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінен журналистика факультетінің 1-курсын аяқтап, өндірістік тәжірибеден өту үшін өзі­міздің аудандық «Амангел­ді арайы» газетіне бардым. Бас редакторы Қанеш Қанафин деген жергілікті жур­налист еді. Туып-өскен ауылым жайын сұрап білгеннен кейін, бірден: «Жұмабек Кенжалин ағаңды танисың ба?», – деді. «Сырттай кейбір мақалаларын оқығаным болмаса, ол кісімен бетпе-бет көріспегенмін», – деп шынымды айттым. «Сен журналистиканың жұмырт­­қасын енді жарып шығып отыр­ған балапан журна­лиссің ғой. Енді сол ағаңмен таныс! Ол – біраз жас әріптестердің қанатын қатайтқан жанашыр азамат. Ауылдасың ғой. Сені де құрығанда мына «Амангелді арайының» бас редакторы болатын деңгейге дейін самғатар», – деп күлді.
Содан жылжып жылдар, сырғып айлар өте берді. Жұмабек Кенжалин ағамды алғаш рет қолыма «журналист» деген маман екенімді айғақтайтын дипломымды алған 2006 жылдың күзінде көрдім. Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жас­тар фестиваліне «Журналис­тика» номинациясы бойынша қатысып жатқан едім. Сөйтсем, 2002 жылы «Астана ақшамы» газетінде әріп­тес ретінде танысып, кейін жақын дос болып кеткен Дас­тан Кенжалин: «Ереке, осы сен Сарыторғайдан емес пе едің?», – деді. «Иә», – дедім. «Биыл «Шабыттың» «журна­листика» номинациясына менің әкем де қазылық етіп отыр. Сені сол кісімен таныс­тырайын. Ертең кешке үйге қонаққа келсеңші!», – деді Дәкең. Мәссаған! Осыдан 5 жыл бұрын сонау Амангелді ауданындағы Қанеш Қанафин айтқан Жұмабек Кенжалин ғой, бұл! Ол – Алматыда, мен – Астанада. Жолымыздың әлі оң-со­лым­ды танып үлгермеген студент кезімде емес, әріп­тес­тер ретінде түйісер болғанын айтсаңшы…
«Еркеғали, – деді Жұмабек ағам, аз-кем таныстықтан соң, – Дастан ризалықпен айт­қан­дықтан сенің «Ел» газетіне шыққан экономикалық 9 сараптамаңды түгел оқып шықтым. Жақсы екен. Сауыт­бек Абдрахманов ағаң да сөз танитын адам ғой, «Бас жүлдені осы балаға берейік!», – деді. Бибігүл Жексенбай да сені лайық көріп отыр. Бірақ, оны «Қазақ радиосының» «Мен қазақпын» деген 12 адамдық ұжымдық хабары алатын болды. Сондықтан бас жүлдеге бір емес, 12 адам­мен таласқаныңа риза бол да, 1-орынды қанағат тұт! Ал, құтты болсын!», – деп қо­лын ұсынды. Сол отырған жерімде жүрек дүрсілдеп, көз ойнақшып, ағамның қал­ған сөздерін естімей, есім шықты. Рахметімді айттым ба, жоқ па, оны да білмеймін.
Жалпы, торғайлықтар – жер­­лес­тік, руластық, тамыр-таныстық «ауруына» шал­дық­паған халық. «Бәлен­ше­кең ағаң ғой», «Түген­шекең інің ғой» десе, «Ааа» дей са­ламыз. «Аға-көке» деп жыл­постанып, сыймас тесікке сүңгіп кетер, сондай-ақ «бауырым екенсің ғой» деп бастық етіп қояр қарекет-табиғатымызға жат. Олай болмаса, Төлек деген бір ата­ның ұрпақтары – Жұмабек Кенжалин мен Еркеғали Бейсенов алғаш рет 2006 жылы танысып, одан кейін араға тура он жыл салып, 2016 жылы бір-ақ көрісер ме еді?..
Иә, мен 2016 жылы Жұмабек ағам басқаратын «Қазақ газеттері» ЖШС-не қарасты «Ана тілі» газетіне Астанадағы меншікті тілшісі болып жұмысқа орналастым. Оған дейін, яғни 2015 жылы біз жұмыс істейтін «Таң» телеарнасы ақпараттар қызметін тоқтатқан. Банктегі несиелік қарызым үсті-үстіне өсіп, ондағылар карталық есеп­шотымды бұғаттап тас­таған. Қалалық «Астана ақшамы» газетінде Мағжан Садыханұлы, Нұртөре Жүсіп, Амантай Шәріп және Ерболат Қамен деген 4 редактордың қара­мағына 4 рет барып жұмыс істегендіктен, онда бос орын болса да жоламадым. Кезінде бірдеңе ұнамай қалса, қолды бір-ақ сілтеп, ондағы жұмысымнан шығып кете салып жүрген өзіме де обал жоқ… Ал басқа редакция бас­шылары құдды бір-бірінің ауыздарына түкіріп қойғандай: «Қазір штат толық. Орын босап жатса, хабарласамыз. Өзіміз­­ден жауап күтіңіз», – деп ел­пілдеген болып, егіз лебіздерімен шығарып салған-ды. Сол бос уақыттарымның бірінде ұялы телефоныма бөтен нөмірден қоңырау шалынды. Трубканы алсам… Жұмабек Кенжалин! «Дастан сені бір жылдан бері жұмыссыз жатыр деген соң, хабарласып тұрмын. Текке жатпай, «Ана тілінің» Астанадағы меншікті тілшісі бол! Жарай ма? Қа­жетті құжаттарыңды дайындап қой! Өзім бір барғанда, алып кетермін», – дейді. «Уфф!» деп терең тыныстап алып, енді отыра бергенімде, ағам қайтадан қоңырау шалып тұр. «Айтпақшы, біздің меншікті тілшілерге төлейтін жалақы 100 мыңға жетпейді. Сондықтан өзіңе қосымша жұмыс та қарастыра жүрер­сің. Ал, жақсы! Соны айта салайын дегенмін», – дейді атыңнан айналайын, алтын ағам!
Сөйтіп, жұмысты бастап кеттік. Жоғарыда айтып өт­кендей, банкомат карточ­касы бұғаттаулы. Басқасын аштырсам, ол да автомат­ты түрде «қара тізім» қата­­рынан көрінеді. Осы жағ­дайда Жұмабек аға не істеді дейсіздер ғой… Айлық жалақымды өз қолымен әке­ліп, қолыма санап тұрып ұста­тып, есепшіден шығартып алған арнайы қағазына қол қойдыртып алып кетті. Кейін оқырмандарды газетке жаздырту бойынша мені Көкшетау мен Петропавлға іссапармен жіберетін болып, соның ақшасын және алдағы екі айдың айлығын қоса ала келді. «Кредитіңнің қалғанын осы ақшамен жауып таста! Алдағы екі айда қаламақыға жұмыс істей тұ­рар­сың. Ең бастысы, банкомат карточкаңды аштыртып алсаң болды ғой», – деді. Сосын «Айтпақшы, неге қосымша жұмыс таппадың? Сені таныс жігіттер қырсық деп жүр ғой. Қойсаңшы, он­дайыңды!», – деп зілсіз ұрсып қойды.
Ағам сондай шексіз мейірбан еді. Маған әлгіндей жан­ашыр­лықты ауылдас, рулас інісі болғандықтан жасап жүрген жоқ. Жалпы, қара­мағындағы өзге де жас қыз­меткерлердің бәріне дәл сон­дай қамқорлық танытатын. Көз алдымдағы жалғыз зиялы тұлға сынды көрінетін. Өмірде бетпе-бет бес-ақ рет көріссек те, бұрыннан етене жақын сияқты, адамды өзіне тез баурап алар қасиеті бар еді. Осы естелікті өткен шақпен айтып отырғаным қандай өкінішті…
Жақсы ағамды сағындым…

Еркеғали БЕЙСЕНОВ,
республикалық «Полиция.kz» журналы
бас редакторының орынбасары

Жауап қалдыру