Ғылыми-техникалық ақпараттар жүйесін қалыптастырған

0
231

90-жылдары бұрынғы Одақтық мемлекеттік ғылыми-техникалық ақпараттар (ҒТА) жүйесінің қирауынан кейін Қазақстан өзінің интеллектуалдық әлеуеті жайлы мәліметтердің маңызды бөлігінен айырылды, республикаға әдебиеттердің келіп түсуі күрт азайды. ҒТА көптеген салалық органдары таратылып, ҒТА аумақтық орталықтары қаржылық қиындықтарды бастан кешірді. Осының салдарынан және басқа да факторларға байланысты еліміздің ҒТА жүйесі жойылу алдында тұрды. Міне осындай жағдайда Қазақстанда ҒТА жаңа жүйесін жасауда және дамытуда Қазақтың Мемлекеттік ғылыми-техникалық ақпараттар ғы­лыми зерттеу институтын 13 жыл басқарған, осы са­ла бойынша республикада бірінші ғылым докторы дәре­жесін алған, техника ғылымдарының докторы Кембаев Бекет Арапбайұлының еңбегі зор еді. Бұл күндері әйдік ғалымның өмірден өткеніне бір жол толып отыр.
Белгілі ағылшын жазушысы, тарихшы Рёскин Джон: «Сіздің істеріңіздің нәтижелерін бас­қалар бағалайды, тек қана өз жүрегіңіздің таза да әділ болуына тырысыңыз» деп жазғанындай, Бекеттің өмірлік жолын, бүкіл болмысын танытатын қасиеттерін әлі ұмыта қоймаған қызметтестері, дос-жол­­дастары, ағайын-туыс­­та­ры, құда-жекжаттары есте­­лік­терімен екінші өмірін жалғас­тырмақ.
Бекет Кембаев 1944 жыл­дың 11 тамызында Оң­түстік Қа­зақстан облысы Леңгір қа­ласында мұғалімнің отбасында дүниеге келді. 1961 жылы Леңгір ауданы Қасқасу саласындағы қазақ орта мектебін күміс медальмен бітірді. Ол өзінің еңбек жолын Сайрам ауданы Задарья мотор-жөндеу шеберханасында жинақтаушы слесарь болып бастады.
1962 жылы Қазақ ауыл шаруашылық институтына түсіп, 1967 жылы инженер-техник мамандығын алды. 1967-1969 жылдары осы институтта «Теплотехника» кафедрасында оқытушы болып қызмет атқарды. 1969-1971 жылдары Орта Азия әскери округінде Самарканд қаласында ротаның техникалық бөлімі командирінің орынбасары болып әскери борышын атқарды.
1971 жылдан 1983 жылға дейін КСРО Ауыл шар­уа­шы­лығы министрлігі Ауыл ша­руа­шылығы ғылыми-зерт­теу институтының радиология лабо­раториясының ин­женері, аға инженері, кіші, аға ғылыми қыз­меткері болып жұмыс атқарды.
1980 жылы Обнинск қала­сының ауыл шаруашы­лық ра­диологиясы Бүкілодақ­тық ғы­лыми-зерттеу институтында өндіріс­тен және ғылыми жұмыстан қол үзбей жүріп, биология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғады.
Сол уақыттың өзінде жас талантты зерттеушінің шығар­машылық қабілеті анық та айқын көрінеді. Оны Б.Кембаевтың диссертациялық жұмысын белгілі радиобиолог ғалымдар Рудольф Михайлович Алексахин, Борис Иванович Жуков, Екатерина Васильевна Юденцеваның жо­ғары бағалаулары дәлел еді. Олар ізденушіге жұмыс­тың теориялық негіздерін кеңейтуге және биология ғылым­дарының докторы ғы­лыми дәрежесін қорғау үшін ұсынуға кеңес берген еді.
Диссертацияны табысты қор­ғау мен жұмысқа берілген жо­ғары баға қанаттандыра түс­кен жас ғалым кандидаты өз ұжымына қайта оралғанда, жас зерттеуші өзін дұрыс қабыл­дамаған ортаға тап болады. Бұл жағдай оның бастаған зерттеу жұмыстарын тоқтатуына себеп болды, одан соң ол институтты тастауға шешім қабылдады.
Жағдайға байланысты Б.А. Кембаев үйсіз-жайсыз, жұмыс­сыз Алматыға келіп, 1983 жылы ВАСХНИЛ-дің Шығыс бөлімшесі ғылыми-техникалық ақпараттар бө­лімінің бастығы қызметіне орна­ласады. ВАСХНИЛ-де жұ­мыс жасаған кезі оның ғы­лыми ұйымдастырушы ретінде қалыптасуына негіз салды. Бекет Арапбайұлы бөлім бастығы, механизация секциясының ғалым-хат­шы­сы, Президиумының бас ғалым-хатшысы қызметін атқара жүріп, ғылыми-ұйым­дас­тырушылық жұмы­сында, ғылыми зерттеу және тәжі­рибелік конструкторлық жұ­мыс­тарын үйлестіруде сирек кездесетін қабілет танытты.
Институттан республикалық масштабтағы ғылым штабы құрамына өтуі Б.А. Кембаевтың агроөнеркәсіптік кешен салалары бойынша мамандармен, ғалымдармен тығыз байланыста болуына мүмкіндік берді. Еліміздің халық шаруашылығы ста­тис­­тикалық және индикативті көрсеткіштерінің ерек­шеліктерін, әртүрлі маман­дық­тардың қыр-сырларын танып-білуде бағалы тәжірибе жи­нақталды. Сондықтан да оның келесі қызметтегі өсу белесі Қазақстан Республикасы мемлекеттік экономикалық комитеті болуы кездейсоқ емес еді. Онда ғылым, инновация және ғылыми-техникалық прог­ресс бөлімінің бастығы қызметін атқарды (1991-1992 жж). 1992 жылы Б.А. Кембаев Қазақстан Республикасы Президенті Аппараты мен Министрлер кабинеті ғылым және ғылыми-техникалық сая­си бөлімінің меңгерушісі қызметіне ұсынылды.
1993 жылдың бас кезінде ол аз ғана уақыт «Атакент» істерлік ынтымақтастық қа­зақ­стандық орталығының ви­це-президенті болып іс­теді де, осы жылдың мамыр айында Қазақ мемлекеттік ғылыми-техникалық ақпа­раттар ғылыми-зерттеу инс­­титутының директоры және Республикалық мақ­сатты ғы­лыми-техникалық «Қа­зақстан Республикасы ғы­лыми-техникалық ақпа­раттар мемлекеттік жүйесін дамыту бағдар­ламасының жетекшісі болып тағайындалды.
Б.А. Кембаевтың институт директоры қызметін ат­қа­ру­ының алғашқы кезі ақ­параттар ағынын орта­лықтан тұты­ну­шы­ларға беріп отыратын және Қазақстанның ғылыми-тех­ни­ка­лық әлеуеті тура­лы мәлі­мет­терді жинақ­тауды, ұйым­дас­тыру мен орталыққа жеткізу буынының рөлін атқаратын Қазақ мемлекеттік ғылыми-техникалық ақпараттар инс­титуты да құрамында болған бұрынғы Одақтық бір кезде масштабты түрде және қалыптасқан негізде жұмыс жасайтын ғылыми-техникалық ақпараттар жүйе­сінің таралу кезеңіне тап келді.
Ғылыми-техникалық ақпа­раттар жүйесінің тоқталуына байланысты институттың ғы­лым­ды ақпараттармен қам­та­ма­сыз ету міндеттері де айқын­далмаған күй кешті. Осын­дай жағдайда өзінің се­німді еңбегімен жүйелі ісі арқылы ұжымын топтастыра біл­ді. Б.А. Кембаевтың жеке қа­тысуымен және жетекшілі­гімен институттың жаңа жағ­дайдағы негізгі міндеттері; оның құрылымы анықталды, кадр­ларды таңдау мен орна­лас­тыру жүзеге асты. Алғаш рет Қазақстанда Мемлекеттік ғы­­­лыми-зерттеу және тәжі­ри­белік құрастырушылық жұ­мыс­­­тары диссертациялар­мен, ғы­лыми-техникалық бағ­­­­­­дар­­­­­­­ла­малар қорын қа­лып­­­тас­­тыру, қазақстандық ав­­тор­­­­лар­дың ғылыми жария­ла­­ным­дар ағы­нын анали­ти­ка­­лық-син­те­ти­ка­­­лық өңдеу, ре­­­­фе­ра­тив­ті жур­­налдар шы­ға­ру, авто­мат­тан­дырылған ақпа­раттық қор­­ларды тарату, ғылыми ақ­параттық қызмет ая­сындағы нор­­мативті-әдіс­темелік құ­жат­тарды жасау жұмысы бастау алды. Республикалық «ҚР ғылыми-техникалық ақпарат­тар мемлекеттік жүйесін дамыту» тапсырысын орындайтын 30-дан астам мемлекеттік ғылыми және ақпараттық қызметтерін үй­лестіруді ұйым­дастыру жұ­мысы жүр­гізілді.
Бекет Арапбайұлы аз ғана мерзім ішінде институт пен оның аймақтық орталықтарын есептеу және оргтехникамен жабдықтады.
1996 жылдан бастап институтпен оның республика облыстарындағы 16 орталығы тұрақты түрде жұмыс істей бастады. ҚР ғылыми-техникалық ақпараттар мемлекеттік жүйесі элементтерін өзара және республикалық, ТМД мен алыс шетелдердің басқа да ақ­параттық жүйе­лерімен қабыс­тыратын автомат­тандырылған жүйесі құрылды (аймақтық және халықаралық байланыс). Бұл қазақстандық ғылыми-тех­никалық өнімдерді әлемдік нарыққа шығарудың бастамасын жасауға жол ашты.
1998-2000 жылдары Б.А. Кембаев информатика мә­се­лесі бойынша екі бір­дей ха­лықаралық бағ­дар­ла­ма­лардың үйлестірушісі. ТМД елдері ғылыми-техни­калық ақпараттар жөнінен мемлекетаралық үйлес­тіру кеңесінің төрағасы болды. Оның көп күш жұмсауының арқасында осы кезеңдерде ТМД елдері арасында ғылыми-техникалық ақ­параттар алмасу үрдісінде негізгі алынатын ТМД қатысушы мем­лекеттері ашық ғылыми-тех­никалық ақ­параттармен алмасу тәртібі және еркін пайда­лану жөнінде келісімге қол қойылды.
Б.А. Кембаев 2000 жылы ҚР үкіметінің қаулысымен ТМД елдерінің ғылыми-техни­калық ақпараттар жөнінен мем­лекетаралық үйлестіру кеңесінің өкілетті өкілі болып тағайындалды. Осы уақыт ішінде ол ғы­лыми-техникалық ақ­параттарды жинақтау, өңдеу, іздестіру, сақтау және жеткізу мәселесімен айналы­сатын ғылыми-инфор­матика теориясы мен практикасын зерттеуде танымал көшбасшысы ретінде қалыптасты. Осы бағыттағы 10 жылдық еңбегінің нәтижесі «Қазақстан Республикасы ғылыми-техникалық ақпа­раттар жүйесі: жағдай және даму болашағы» монографиясында айтылған. Бұл еңбек Қазақстан және ТМД елдері ғылыми-қоғамдарының арасында кеңі­нен қолдау тапты. Кітапта ҚР ғылыми-техникалық ақпараттар жүйе­сінің қазіргі жай-күйін зерттеу нәтижелері, оны дамыту және әлемдік ақпараттар кеңістігіне шығару тенденциясы көрсетілгендігімен де монография ақпараттар жүйесін дамыту бағдарламасы мен тұжырымдамасын жасау­дың әдістемелік және практикалық құралы болды. Б.А. Кембаевтың ғылыми-техникалық сфера­дағы еңбегімен Қазақ­стан және ТМД елдері ақпараттандыру әлеміндегі айғақсыз көш­бас­шы­лығын тану оның Халық­аралық ақпараттандыру акаде­миясын академигі, вице-президенті (2000 жылы), Қазақстан Республикасы Инженерлік Ака­демиясының (1999 жылы) және халықаралық инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі (2000 жылы) сайлануынан көрінді.
Осы жылдар ішінде Б.А. Кембаев Қазақстан және ТМД елдері ғылыми қоғамында өзінің ма­­қа­лаларымен белгілі, ірі зерт­­теуші-маман, ғылыми ұйым­дас­тырушы ретінде белгілі болды.
Қазақ мемлекеттік ақпа­раттық ғылыми-техни­калық институты жұмыс істеген жылдарында Б.А. Кембаев ғылыми-техникалық ақпараттар мәселесі жөнінде 113 ғылыми еңбек жариялады, оның ішінде 4 монография, шетел баспасөзінде 10 мақала, автоматтандырылған базасы және бағдарламалық өнімдерге 3 куәлік алдынды.
Б.А. Кембаев Мемлекеттік ғылыми-техникалық ақ­па­раттар жүйесін қалып­тастырумен да­мытудағы жетістіктер үшін «Қа­зақстан Республикасы тәуел­сіздігіне 10 жыл мерекелік ме­далімен, ТМД-ны дамытуға қосқан үлес үшін және оның құрылғанына 10 жыл толуына байланысты ТМД атқару коми­тетінің грамотасымен марапатталды.
Институттың директор­лығы­нан босағаннан кейін Бекет жауап­кершіліктері шектеулі (ЖШС) серіктестерге («Қызыл құм», Стандарт групп ЛТД) шақы­руымен жетекші менеджер ат­қарушы директор қызмет­терінде болды.
Қасқасу кішкене ауылынан шыққан қыр баласының білімге, ғылымға ұмтылуының қайнар көзі қайда жатыр десек. Ол – біздіңше, пікір тәуелсіздігі мен еңбексүйгіштігі Отан соғы­сының ардагері, ұстаз, 40 жылға жуық мектеп директоры болған әкесінен, ал әділдікпен мен қиыншылықты жеңе білу қасиеттері 10 балалы үлкен отбасының ұйытқысы бола білген ақылды да көрегендігі анасынан дарыған деген пікірге келуге болады.
Біз Бекетпен ширек ғасыр Құдай қосқан құдалық дәре­же­сінде болдық, сыйласып туыс болып кеттік. Өзіміздің бала­лардың, немерелердің қы­­­зық­тарын бірге атадық. Құ­дамыздың алды кең, өзінің ұстаған бағытына бекем, сый­ласқан жанмен адал қарым-қатынас жасауға дайын тұратын. Бекеттің туа біткен турашыл мінезі, адамға деген ақ пейілі, қо­ғамға деген ақ ниеті, оның ел алдында құрметке бөлінуіне себеп­кер болғаны сөзсіз. Іске аспайтын шаруаларды «далбаса» деп отырушы еді. Біз аңғарған тағы бір қасиеті: өткеніне өкініш ай­тып, еңсесін түсірмеді. Поэ­зия тілімен айтсақ: «Сабыр сақтап салқындылық сездіреді, жар­масса да кедергілер жолында».
Көңіл қимағанмен Бекеңді арсыз ажал арамыздан алып кетті. Мұндайда айтар сөз тек артын оңдасын дегенге тірелсе керек. Соңында асыл жары, ұлдары, өсіп-өнген немерелері қалды. Бұл өлді деуге келмейтін, өмір жалғасын ұқтырады.
Ж. Баласағұн айтқандай: «Тірі өледі, жер қойнауы жатағы. Ізі қалады, болса жақсы атағы». Мұндайда оның екінші өмірі жалғасын тапты десек, абзал азаматтың рухы биіктей түспек.

Әділхан ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
тарих ғылымдарының докторы,
профессор,
Қазақстан Республикасының
әлеуметтік академиясының академигі

Жауап қалдыру