Тауда туып, қырда түлеген

0
122

«Ет жақының, ең жақының өмірден озған күні ишің өрт, қырқында – шоқ, жылында жоқ», – дейді екен бұрынғылар. Тумаса да туғандай боп кеткен іні, ет жақын болмаса да ең жақынның бірі дарынды қаламгер, қарымды аудармашы, бекзат азамат Бекболат Әдетовтың дүние салғанына да қырық күн болып қалыпты. Іштегі өрттің беті қайтып, шоқтың қоламтаға айналар тұсы дегенмен, өртенген өзектің ада-күде айығып кетуі неғайбыл шығар.
Осы өткенде ғана сексенге толған мерейтойын ұлан-асыр етіп, тауға қарап өскен тау баласының әлі талай сең­гірлерден асарына сеніп, ақ тілекті үйіп-төккен едік қой. Жалған дүние-ай, қатыбас тағдыр келесі сеңгірден асуына да мұрша бермеді. Жаратқан иенің жаны жайсаң жақсылардың жасай тү­суіне сараңдық жасайтыны несі екен?! Көкірек шерге толып, көңіл мұңға бөгіп, тағы да көзі­міз жасаурап қала бердік. Әлі де еңсе көтере алмай келеміз. Сый­лас та, қимас, қаламдас та, қа­дамдас досыңнан айырылу қан­дай қиын десейші!
Тау мен даланың мейірімін телі емген перзент еді ол. Тал бойынан таудың тапжылмас та­бан­дылығы мен даланың тау­сыл­мас дарқандығы түгел табылатын. Тауда туғанмен далаға ғашық боп өскен. Сол сезім оны оқу бітірісімен асқарлы Алатау баурайына байыздатпай, бір қиырдағы Торғай даласына алып барды. Онда ол бір орысы бол­маса да жоғарыдағылардың әмірімен орысша, қазақша шы­ғатын аудандық газетте қызмет істеп, екі тілде еркін жазатын дә­ре­жеге жетті. Осылай саяси да, әдеби де аудармаға тең жорға тәржіман болуының алғышарты қалыптасты. «Баланың жілік ал­мақ мінезінен» деген емес пе. Ұзамай-ақ ол өз ортасына балдай батып, судай сіңіп, тор­ғайлықтардың сүйіктісіне айналды. Бір қызығы ақын-әншілер жыртылып айырылатын өңірде «Торғай вальсін» шығарып берді. Туған тілді анасындай ардақтап, сөз қадірін қастерлейтін, өлең-жыр, ән мен күй десе ішкен асын жерге қоятын сол бір шежірелі өлкеден ол көзі тірісінде жүрек жібі үзілмеген талай тілектес, ниеттес достар тауып қайтты.
Ал Торғай өз алдына облыс болып отау тіккенде оның газетінің бір басшысы боп барып, біраз жыл жемісті еңбек етті. Шынын айтқанда оның Торғайға екінші рет баруына мен себепші болдым. Астаналық облыстың «Жетісу» газетінде орынбасар болып істейтін кезім. Торғайдан жаңа облыс ашылғанда оның газетіне редактор боп әріптес ағамыз көкшетаулық Әбділда Дүйсенов бекіп, сенімді серік болып, қалтқысыз көмектесер жігіт тауып бер деп қолқа салды. Қадірлес ағаға қолұшын бер­мей бола ма, ойыма қаламы жүрдек, санасы зерек, сауатты да жан-жақты бұрын ол өңірді білетін Бекболат түсті. Өзім осы газетке аттай қалап алдырған досты қимағанмен, салмақты өзіне салып өсуіне жол ашар деп сөйлесіп көрсем онша кетәрі емес. Сосын беку қамымен Алматыда жүрген болашақ басшысын шақырып, бірге отырып, барлық мән-жайды бірлесе ақылдасып, берік байламға кел­ген едік. Сөйтіп бұрын да ол жақ­тың төл тумасындай болып кеткен, жұрт Бекентай деп еркелеткен Бекболат Әдетов «Торғай таңы» газетіне бас редактордың бірінші орынбасары боп кетті.
Содан ол Қазақ баспасөзінің қара шаңырағы – «СҚ»-ға, яғни қазіргі «Егемен Қазақстанға» қа­рымды қаламгер, қабырғалы қайраткер боп келіп, белді де беделді бір бөлімнің меңге­ру­шілігіне бекітілді. Соның алдында ғана басты басылымға орынбасар болып, сенім артар серік іздеп алакөңіл болып жүргенде көктен тілесе де қолға түспес әріптес табыла кетті. Бұрын ас­таналық облыстың газетінде сені­сіп жұмыс істеген сыралғы, сырбаз әріптесіммен шұрқырай көріскенбіз. Содан бастап газет сынды тозбас бір терінің пұш­пағын бірге илестік.
Жалпы Бекболат екеуміз бір шаңырақтың астында білек біріктіріп, тілек ұластырып жиырма жылдан астам еңбек еткен екенбіз. Біздің арақатынасымыз басшы мен бағынышты емес, әмсе аға мен інінің арасындағыдай бол­ды. Қысылғанда кеңесшім, қи­налғанда көмекшім болды ол. Басылымның өзекті мәселелері, көтерер тақырыптары жайында көбіне сонымен ақылдасушы едім. Тіпті өз жазғандарымды да соны ала отырып оқып, баспа­ханаға содан соң ғана жіберетінмін. Содан ба екен, екеуміздің жазу мәнеріміз де, ой өрнегіміз де кейде бір-біріне ұқсап кеткен.
Кадр мәселесінде де оның көмегі аз тиген жоқ. Қанында тұл­парды тайынан, жүйрікті ша­ңы­нан танитын қазақ атаның қасиеті бар ол кісі танығыш бола­тын. Жас журналистің қолынан не келетінін ол алғашқы қалам сілтесіне қарап бірден айыратын. «Егеменге..» Ержұманның, Кең­шіліктің, Қадырдың (Әлімқұлов) келуіне жанын салғандардың бірі сол.
Асылы ол іске адал, сөзге берік азамат болатын. Сонысы үшін оған мен өзіміздей сендім, інімдей жақсы көрдім. Оны өз атымен атамай, еркелетіп көбі­несе «Бекай» деуші едім. Өзі де былтыр сыйлаған соңғы кітабына «Өзіңіздің Бекайыңыз» деп жа­зыпты.
Жан аяспас достарың Арыс­тан мен Рәшит, Нұрмахан мен Сабыр­жан, Тәжібаймен соңынан салмай ілесе кеткен Ғалымыңа қосылып пейіште иманың шал­қып жатқан шығар, Бекай! Біз бар­да, ізбасар інілерің барда сен мәңгі тірісің.

Сарбас АҚТАЕВ,
жазушы-журналист

Жауап қалдыру