Ұстаз ұлағаты

0
61

Алғаш Алматыда акушерлік-гинеко­ло­гиялық ғылыми-зерттеу инсти­тутының құрылып, жұмыс істеп жатқанын 1980 жылдың басында құлағымыз шалған. Сәл кейінірек Мәскеудің «Комсомольская правда» деген газетінен осы институтта қызмет етуге конкурс жариялағанын оқыдым. Ол өзімді кәдімгідей тәжірибелі дәрігер санап қалған кезім. 1972 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын бітіріп, елде – Қазалыда, кейін Ленинск қаласында (қазіргі – Байқоңыр) талай жыл акушер-гинеколог болып, гинекология бөлімшесін басқарып дегендей қызмет жасап жүргенмін. Алайда ғылыми білімімнің жеткіліксіздігін жиі аңғара бастағам. Іздену керектігін түсіндім.
Көп ұзамай кезекті еңбек демалысымды алып Алматыға қарай жол тарттым. Қолымда газеттегі конкурс жарияланған хабарландыру бар. Алматыда бажам Кеңес Исаев тұратын, ол да қазір марқұм болып кетті. Сол бажам: «Институттың директоры Исалиев деген керемет жақсы адам, алдына ертіп апарайын, таныстырайын, еңбегіңді елейтін таза, қағілез басшы», – деп көңілімді демеп жіберді. Жастық шақта көп нәрсеге мән бере қоймайтын кезіміз, директордың алдына ақ жейде, ақ шалбар киіп, мұртымды едірейтіп, Кеңес бажамен бірге кіріп келдік. Институт басшысы Жалғау Шәкірұлы Исалиев сұңғақ бойлы, көрікті келген, дауысы майда қоңыр, өзінен бұрын көзі ерте күлімдейтін, кең маңдайлы, қалың шашты, сыпайы адам екен. Орнынан тұрып келіп, қолын беріп амандасып, танысқаннан кейін, дереу хатшы қызды шақыртып, құжаттарымды реттеуге тапсырма берді. Сонымен институтқа кіші ғылыми қызметкер, 25 орындық білдей бір гинекология бөлімшесінің меңгерушісі болып шыға келдім. Институтқа жұмысқа қабылдануым қанат бітірді. Бұл 1981 жылдың тамыз айы болатын.
Институттың таңертеңгі ғылыми конференциясына алғаш қатысып, ондағы мәселелерді қалай жүзеге асыру жөнінде көптеген мағлұматтар алдым. Сол қа­бырғада талай таңғажайып та тамаша адамдармен қызметтес болдым. Мысалы, бас дәрігер Нұрзақ Нәскенұлы, бөлім меңгерушісі гинеколог Жомарт Нұрқасымұлы есімдерін атауға болар еді. Мені қосқанда, өрімдей осы жігіттердің қолынан жоғары дәрежедегі қаншама күрделі операциялар мен медициналық көмектің қаншама түрлері өтті десеңізші. Институтта түнеп қалатын кездерім жиі болатын. Ауыр науқаспен түскен қаншама адамды ажал аузынан аман алып қалып отырдық. Сөйтіп менің жаңа орында үйреншікті де қалыпты тіршілігім басталып кетті. Уақыттың жоқтығынан ғылыми жұмысты ысырып қойдым десем де болады.
Сол тұста Жалғау Шәкірұлы Исалиев: «Ал, Сәдуақас, Мәскеуде ультрадыбыс деген аппарат бар, солардың бірін министрлік арқылы Алматыға бөлдіртіп келдім, сен Мәскеуге барып оқып, үйреніп, игеріп кел, соған сені ыңғайлы көріп отырмын және кооперативтік үй салынайын деп жатыр, қаражатың болса, сол кооперативке иститут атынан қызметкер ретінде кіргізейін, еңбегіңді осы өткен 6 айда көрсете білдің», – деді. Сонымен, қалтамда көк тиыным болмаса да, пәтер мәселесіне қатысты тез келістім.
Мені аң-таң қалдырғаны, Жалғау Шә­кірұлы менің кәсіби дәрежемнің жетілуін ғана ойламай, сонымен бірге тұрмыстық жағ­дайымды да ойлағаны. Ал басты мә­селеге келгенде шынымды айтсам – қи­налдым. Басқа бір жігіттің барғысы келіп, қылқылдап сұранып-ақ жүрген. Әйтеуір, не керек, Жалғау Шәкірұлы мені күштегендей етіп, Мәскеудегі ультрадыбыстық зерттеу оқуына (қазір УЗИ дейді) аттандырды. Ол 1982 жылы болатын.
Ресейдің акушер- гинекологиялық ғылыми-зерттеу институтында Николай Владирович Демидовтың қолынан оқып, Қазақстанға қайтарда министрлік бөлдірткен сондай аппаратты ала келдім. Біздің ғылыми орталық 1982 жылдың мамыр айынан ультра дыбыстық зерттеу аппаратымен қамтамасыз етілді. Сол арқылы перинатальдық көрсеткіштер ерекше ғылыми жетістіктерге жалғасты. Жалғау Шәкірұлының ғылыми ұйымдастырушылық қабілеті мен көрегенділігінің арқасында плацента, баланың іш құрылысында әр түрлі қан кету, баланың әр түрлі ауруларын болжауда УЗИ институт қызметкерлеріне үлкен көмек болды.
Жалғау Шәкірұлы ғылыми конференцияларды іскерлікпен, көңілді бастап, өте күрделі, мазмұнды өткізетін. Ол кісінің ғылыми еңбектері өмірде қазірге дейін пайдаланылып жүр. 1986 жылы желтоқсан көтерілісі кезінде институт ұжымы 78 пайыз қазақтардан тұратынына қарамастан ғылыми қызметкерлер қа­уіпті қудалаудан аман қалды. Жалғау Шәкір­ұлын МҚК құрығынан құтқарған оның қағілез мінезі, майда дауысы, өткір ма­қал-мәтелдері мен орынды қалжы­ңы болар деп ойлаймын. Кісімен сөй­лесуі, тіл табысуы, мәнді де мағыналы мақал-мәтелдері, адамдармен қарым-қатынасының өзі біздер үшін үлкен өмір мектебі еді.
Бұл туралы медицина ғылымдары­ның докторы, Ана мен бала денсаулығын қорғау орталығының ғалым хатшысы болған профессор К.Жаманаева былай дейді: «Жалғау Шәкірұлы 1975 жылы Ана мен баланы қорғау ғылыми-зерттеу институтының базасында құрылған Акушерлік пен гинекология ғылыми-зерттеу институтына директор болып тағайындалды. Ұжымы кішкентай институт алдына акушерлік пен гинекология ғылымдарының негізін қалау үшін орасан міндеттер қойылды. Директор ұжымды бір қолдың саласындай топтастырып, материалдық базасын нығайту, зерттеу тақырыптарын кеңейту, кадр іріктеу бойынша атқарған ұлан-ғайыр шаруалары жас ғалымдар үшін шынайы кәсіби маманға айналуына септесті». Ал біздің әріптесіміз Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері Жомарт Нұрқасымұлы: «Жалғау Шәкірұлы беделдігінің, іскерлігінің, ұйымдастыру қабілетінің арқасында басқа институттар 20-30 жыл бойы ала алмай жүрген екінші категорияны екі жылда-ақ алды. Жәкең бір жағынан қарапайым болса, екінші жағынан ақылшымыз болды және сөзге шебер, анекдоттарды қоса айтатын. Біздің кейбір қылықтарымыздың оқыс жерлерін аңғарса ұрсып, жекіп немесе айғайға салмайтын. Мәдениетті түрде мысалмен немесе әзілмен келтіріп, мақалдап айтқанда өз кінәмізді түсініп, ондай қылықтарды қайталамауға тырысатынбыз. Жалпы біз Жәкеңді қара сөзде – шешендіктің, қызметте – іскерліктің және ұйымдастырушылықтың, еліне дегенде – патриоттықтың, үлкен-кішіге деген кішіпейілділіктің кенішіндей есептейтінбіз», – дейді. Мінеки, ол кісінің қасиеттері туралы замандастарының пікірлері сон­дай болатын.
Алғашқы ғылыми жетекшім Жалғау Шәкірұлының үлкен қамқорлығының ар­қасында 1989 жылы сонау Волгоградта, ултьрадыбыстық зерттеуге байланысты тақырыпта кандидаттық диссертациямды қорғадым.
Қазақ­станда УЗИ зерттеуін көбіне менің есіміммен байланыстырады. Ақиқатында ультрадыбыстық диагностиканың дамуы, оны пайдалану алғаш рет Орта Азияда Жалғау Шәкірұлының араласуымен жүр­генін айтар едім. Ол кезде Жалғау Шәкірұлы ҚазКСР Денсаулық сақтау ми­нистрінің орынбасары болатын. Осы кі­сі­нің қатысуымен үлкен қаржы бөлініп, Қазақстанға 19 ултьрадыбыстық аппарат алдырылып, мамандар даярланып, барлық облыстарға таратылды.
Жалғау Шәкірұлы институт жұмысын бәрінен жоғары қоятын. Мәселен, тіл­тап­қыштық қасиетінің арқасында жа­пон­дықтармен келісіп, бір ультрады­быс­тық аппаратты Қазақстанға тегін ал­дыртқаны есте. Алайда Жәкең институтпен бірге қызметкерлерінің жағдайын үнемі назарда ұстайтын. Жақындары қай­тыс болғандарға алдымен барып, қайғысын бөлісетін, жылы сөздерін аямай, қолынан келген көмегін жасайтын. Қуаныштары болса сол шаңырақтың төрінен табылатын. Ол кәсіби маман, білгір ұйымдастырушы ғана емес өз халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүріне де жетік болатын. Сондай қасиеттері мен артықшылықтары үшін де бүкіл ұжым аяғынан тік тұрып құрметтейтін. Сол қымбатты ұстазымыз өмірден ертерек кетті, тірі болса биыл 85 жасқа келер еді.
Жәкең ақындықтан да кет әрі емес-тін. Оңаша қалған сәттерде ақ қағазға төгілдіріп, жыр маржандарын тізетін.
«Күн өтті, еңсе түсті қайран өмір,
Ойнамайды бұрынғыдай шіркін көңіл.
Бұл дүниеге қайта келсем егер де,
Өзгертпес ем осы бағыт, осы жолым», – дейді ол. Мамандығына адалдық деген осы болар.
Денсаулық сақтау саласындағы ұйым­дастырушылық қабілеті өте зор, еңбекқор Жалғау Шәкірұлының жарқын бейнесі әр­қашанда менің жүрегімде мәңгілік сақ­талады.

Сәдуақас МҰСТАФАЕВ,
медицина ғылымының докторы,
профессор

Жауап қалдыру