Өскелең ұрпаққа өнеге

0
119

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Абыхан Жексембеков атын­да­ғы қазақ орта мектебінде жыл са­йын ақпан айының басталар ша­ғын­да үлкен қарбалас шақ туады. Оның өзіндік сыры да жоқ емес. Ұжым мектепке аты берілген дара тұлға Абыхан Жексембековтың ту­ған күнін жылдағы дәстүр бойынша атап өтуге ұмтылады. Ол өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары осы Түрген ауылында алғаш қазақ мектебін ашуға зор күш-жігерін жұмсаған абзал жан еді. Елінің болашағы үшін жұмсаған еселеген еңбегінің жемісін тәуелсіз елдің бүгінгі таңдағы ұрпақтары көріп отыр. Сондықтан абзал жанның өмірі әр жасөспірімге үлгі де өнеге.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру, өскелең ұрпақты туған жерге деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу мақ­сатында алдын ала «Ұрпақтар са­бақтастығы» тақырыбымен он­күн­дік ұйымдастырылды. Мектеп­тің ашылғанына биыл 25 жыл толады. Онкүндіктің ашылуына ардагер ұстаздар мен мектептің алғашқы түлектері шақырылды. Емен-жарқын әңгімелерде мектеп тарихынан есте­ліктер айтылып, ән-күй қанат қағып жатты. Онкүндікте оқушы – ата-ана – мектеп ұжымы арасында еркін та­­қырыпта эссе, өлең жазудан, қо­лөнер­­шілік пен сурет салудан, ән-би және спорт түр­лерінен, табиғи өнім­дерден макет жасау­дан бай­қау­лар ұйым­­дас­ты­рыл­­ды. Осы бай­қау­лар­дың қо­ры­тын­ды­сын жи­нақ түрін­де шы­ға­ру жос­пар­­ла­ну­да.
Абы­хан Аманбай­ұлы­ның атқар­ған еселі еңбегі мен өнегелі өмір жолын насихаттау үшін еске алу кештері, түрлі кездесулер мен іс-ша­­ралар өткізілді. Он­дағы ой Абыхан аға өмірі бүгінгі жас ұр­пақ­қа тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге болса екен де­ген мақсат. Педагогикалық ұжым мү­ше­лерінің де шығармашылық потен­циалын дамыту да назардан тыс қалған жоқ. Айтулы дата қар­са­ңында облыстық ғылыми-әдістемелік кон­­ференциялар ұйым­дастырылды. Абай атындағы ҚазҰПУ-дың кафедра профессорлары және «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Алматы облысы бойынша ПҚ БАИ-ның аға оқытушылары, Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы «На­­зарбаев Зияткерлік мектебі» мұға­лімдері мен аудан мектептеріндегі әріп­тестеріміз шақырылып, іс тәжірибе алмасу дәстүрге айналған.

Қазақта «сегіз қырлы, бір сырлы» деген сөз бар. Осы сөз тура Абыхан Аманбайұлына арналып айтылғандай. Ол сонау 1995 жылдың өзінде-ақ «Байторы баба» қоғамдық қорын құрып, жоңғарлармен соғыс­та үлкен ерлік көрсеткен Байторы батыр туралы деректерді жинап, тарихи ақиқаттың ашылуына ай­тар­лықтай үлес қосты. Бұл Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың жақында жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы қазықты қағидалармен астасып жатыр. Мемлекет басшысы осы бағдар­ламалық материалында: «Көпшіліктің сана­сында тарихи үдерістер, негізінен, тұлғаландыру сипатына ие болатыны белгілі. Көптеген халықтар өз елінің ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады» дейді ғой. Осы орайда «Көп түкірсе – көл» демекші, Байторы баба ұрпақтары бас қосып, қолда барын жинап, Матай тауының ең биік жотасына биіктігі 18 метр, аумағы 81 шаршы метрді алып жатқан, аспан түстес ашық көк сырмен боялған күмбез тұрғызды. Қазіргі кез­де Кербұлақ ауданының жұрты Байторы, Тайторы, Қоянкөз туралы аңыз әңгімелерді әлі де айтып отырады.
Абыхан Аманбайұлы қазақ хал­қының тарихы мен әдеп-ғұрпын жете біл­ген жан еді. Шағын мақалада әрине, бәрін қамту мүмкін емес. Алай­да:
Тербеткен тектілікпен бесігіңді,
Ел күткен азамат ең – шешіміңді.
Көрсеткен қайратың да үлгі-өнеге,
Бүгінгі ұрпақ ұмытпайды есіміңді, – деп артындағы ел-жұрты тебіренген азамат қандай құрметке де лайық. Абыхан ағадай ілкі буынның игі істерін насихаттап отыру бүгінгі ұрпақтың міндеті.
Даралар мен даналар салған жолды ұрпағымыз жалынды түрде жалғас­тырғаны әбден жарасымды.

Гүлбақыт  ҚАСЫМЖАНОВА,
А.Жексембеков атындағы қазақ орта мектебінің директоры
Еңбекшіқазақ ауданы

Жауап қалдыру