Шора САРЫБАЕВ

0
161

Үстіміздегі жылғы 2 мамырда көрнекті ғалым, қазақ тілі диалектологиясы ғылымының негізін қалаушылардың бірі, ҚР Ұлттық Ғылым Ака­де­мия­сының академигі, профессор Шора Шамғалиұлы Сарыбаев 94 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.
Шора Шамғалиұлы Сарыбаев 1925 жылы 2 наурызда Ташкент қаласында дүниеге келген. Бар ғұ­мырын ана тілі ғылымына арнаған ғалым 60 жылдай А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі Институтында еңбек етіп, ондаған ғы­лым докторы мен канди­дат­тарын тәрбиелеп, ар­тында отыз томнан ас­там фундаменталдық ең­бек қалдырған. Соңғы демі тау­сылғанша қолы­нан қала­мы түспеген Ш.Сары­баев­тың еңбектері өзбек, араб, қырғыз, татар, түрік, әзербайжан т.б. тілдерге аударылып, түркі тілдерінің дамуына да елеулі үлес қосты
Оның ғылыми зерттеу еңбектері диалектология, морфология, лексикология, лексикография, библиография, тіл тарихы, аударма, есімнама, алтаистика мәселелеріне арналды. 250-ден астам ғылыми мақаласы мен оқулығы, монографиясы жарық көрген. С.Аманжоловтың тілдегі диалектілерді топтау теориясын әрі қарай дамытып, диалектология са­ласындағы тер­мин­дер­дің қалып­тасуына атса­лыс­қан.
«Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігін» (1966), «Қазақ тілінің диа­лек­тологиялық сөз­дігін» (1969), «Жаңа атаулар сөздігін» (1992) құ­рас­тыруға қатысқан. 1965 жылы АҚШ-тағы Гарвард корпорациясының мүше­лігіне сайланған, ГФР-да (1975), Түркияда (1994) өткен халықаралық конгресс, конференцияларда баяндамалар жасаған.
Ғылымға сіңірген еңбегі үшін филология ғылымының докторы (1974 ж.), профессор, (1979 ж.), ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, (1983 ж.), Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1985) атақтарын иеленген.
Марқұмның иманы саламат болсын!

«Prezident & Halyq» газетінің ұжымы

Жауап қалдыру