Шапағат шашқан әбекең еді

0
136

Тағдырдың жазуы солай болды да ағайынның айбары, елдің тұтқасындай болған асыл азамат, біздің бауырымыз Әбілқайыр (Әбілтай) Ізбасарұлы Есенов 80 жасынан енді асқан тұста 2018 жылы 29 желтоқсанда пәни дүниеден бақи дүниеге озды.
Әбілқайыр Есенов 1939 жылы 9 желтоқсанда Қызы­лорда облысы, Арал ауданы Ауан ауылында қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келген. Мектептен соң 1954 жылы Арал қаласындағы екі жылдық кәсіби-техникалық училищеге түсіп, оны бітірген бойда Аван балық заводына кеме механигі болып еңбек жолын бастайды. 1961 жылдан 1978 жылға дейін 17 жыл бойы «Аралрыбпром» өндірістік бірлестігінде транспорт цехының бастығы болып қызмет істеді. Одан кейін жиырма жыл­ға жуық (1978 – 1997жж) осы өн­дірістік бірлестіктің тұр­ғын үй-коммуналдық бө­лімін басқарды. Арасында Қы­зы­лорданың поли­тех­­ни­калық тех­никумын құры­лыс­шы-тех­ник маман­дығы бойынша бі­тіріп алады. Бірқатар жылдар «Қызмет» акционерлік қоғамында Автопарк және жабдықтау бөліміне жетекшілік етті. Одан кейін «Әлем жұлдыз» корпорациясында «Жұлдыз» ЖШС директоры, тоңазыту цехының бастығы, «Қамыстыбас» балық питомнигінде өндірістік жабдықтау бөлімінің жетекшісі болып істеді. «Қамбаш-балық» компаниясына басшылық етті.
Зейнеткерлікке шыққанша да, шыққаннан кейін де қоғам­дық жұмыстардың бел ортасында жүрді. Қарамағындағы адамдардың әлеуметтік мәсе­лелерін шешуге қолынан келгенше көмектесті.
1991-1992 жылдары «Тұрғын үй – 91» бағдарламасы бойынша Аралдағы Жұмабаев, Дос­жанов көшелерінің бойынан «Аралрыбпром» өндірістік бір­лестігінің жұмысшы қызмет­керлеріне 5 тұрғын үй салды. Сол тұста Бөген ауылдық кеңесіне қарасты Сіңіртекті шаруашылығының малшыларына арнап бірн­еше үй салды. Арал қаласындағы бірқатар ведомостволық үйлерді ке­ңейтіп берді. Ол тұрғындар сол қоныстарында әлі күнге дейін тұрып жатыр.
Жалпы еңбек өтілінің 55 жылын балық шаруашылығына арнаған ардагер бірқатар орден-медальдармен мара­пат­талған. Министрліктің, облыс­тың кәсіподақ ұйымының онда­ған Мақтау грамоталарына ие болды. «Аграрлық Қа­зақстан» кітабына өмір­баяны мен суреті шықты. Жұбайы Кү­лән екеуі үлгілі отбасын құрып, шаңырақтан жеті перзент өрбітті.
Әбекең елге сыйлы, аға­йын-туысқа қамқор, жұртқа жа­нашыр, айналасына шапа­ғат шашқан жан еді. Алла та­ғала иманын саламат етсін! Үстіміздегі жылғы 3 ақпан­да Арал қаласында қырық күндік кәдесі берілмек. Сол Асқа ағайын-туыс, құда-жек­жаттарды шақырамыз.

Бауырлары мен балалары

Жауап қалдыру