Шамғон Сағаддинұлы ҚАЖЫҒАЛИЕВ

0
270

Шамғон Сағаддинұлы ҚАЖЫҒАЛИЕВ
Қазақ мәдениеті мен өнері ауыр қазаға ұшырады. 2015 жылғы 2- мамырда КСРО және Қазақ КСР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Шамғон Сағаддинұлы Қажығалиев 88 жасында дүниеден озды.
Шамғон Қажығалиев абыройлы еңбек етіп, ғибратты өмір сүрді. Ол Алматы кон­сер­ва­тория­сының халық аспаптар бө­лімінде домбыраны – Қа­зақ КСР халық әртісі Қ. Жан­ті­ле­уовтен, скрипканы – профессор И. Лесманнан жә­не дирижер мамандығы бойынша А. Жұ­банов пен доцент Л. Шар­городскийден жо­ға­ры бі­лім алды. Кейін Ленинград кон­серваториясында профессор Э. Грикуровтың класын опера-симфония дириже­рі ма­ман­ды­ғы бойынша бі­тір­ді.
Ш. Қа­жығалиев 1951 жылдан бастап Құрманғазы атында­ғы мем­ле­кет­тік халық ас­паптар ор­кес­трі­нің бас дирижері болды. 1953 жылы Румы­ния­ның Бухарест қаласында жастар мен студенттердің IV дү­ние­жү­зі­лік фестивалінде оркестр алтын медаль жеңіп алды. Ш. Қа­жығалиевтың кә­сі­би ди­ри­жерлік және жо­ға­ры ұйым­дас­ты­ру­шы­лық қабі­ле­ті­нің арқасында оркестр­дің репертуары жақ­сарып, оған алтын қордағы ұлт­тық му­зы­калық клас­сика­ның те­рең қойнауындағы ха­лық­тың атақты композиторлары Құр­ман­ға­зы­дан бастап Дина Нұр­пейісованың, Дәу­лет­ке­рей­дің, Сү­гірдің күйлері кір­ді.
1967 жылы оркестрге республиканың еңбек сіңір­ген ұжымы, 1978 жылы ака­де­мия­лық атақтары берілді. Ал 1984 жылы «Халықтар досты­ғы» ор­де­німен марапатталды. Тә­жі­ри­бе­лі ұстаз оншақты әдіс­те­ме­лік бағдарлама мен оқу құ­ра­лының репертуарын жасады. Шамғон Қа­жыға­лиев ха­лық аспаптар оркестрі үшін 200-ден астам қазақ, орыс, шетел сазгерлерінің туындысын өң­деп, Ахмет Жұбанов­тың шы­ғар­машылық мұрасы­нан 20 күйдің партитураларын жазды. Оның дирижерлік өне­рі өз уақытымен үнемі астасып, шығармашылығы таң­ғал­дыр­май қойған емес. Оркестр көптеген халықаралық жә­не республикалық фестивальдер мен конкурстарға қа­тыс­ты. Польша, Румыния, Венгрия, Чехословакия, Германия, Франция, Швеция, Финляндия, Дания, Португалия, Үндістан, Ауғанстан, Қы­тай және тағы басқа елдерде өнер көрсетіп, халықты тәнті етті.
Ш.Қажығалиев 1968 жыл­дан 1971 жылға дейін Қа­зақ­стан Республикасы мемлекеттік симфониялық ор­кес­трі­нің көркемдік жетекшісі және бас дирижері болды. 1971 жылдан Құрманғазы атын­дағы мемлекеттік халық аспаптар оркестрінің бас дири­жері, ал 1980 жылдан Құр­ман­ға­зы атындағы Алматы кон­сер­ва­ториясының профессоры міндеттерін атқарды.
Ол 1992 жылы Қарағанды облысы әкімдігінің ша­қыр­туы­мен Тәт­тімбет атында­ғы ака­демия­лық халық аспаптар ор­кестрі­нің көркемдік жетекшісі болды. Өзінің жарты ғұмыр­лық көр­кем тәжіри­бе­сін ұжымның орын­даушы­лық өнерін өрлету үшін барынша пайдаланды. Шам­ғон Са­ғад­динұлы Қажығалиев­тің ерен ең­бегі мемлекеттік жо­ға­ры наградалармен марапат­тал­ды. Ол «Парасат», «Отан» ор­ден­дерінің иегері, Орал қа­ла­сының құрметті азаматы атанды. Абзал азамат, көрнек­ті өнер қайраткері Шам­ғон Қа­жы­ға­лиев­тің жар­қын бейнесі ел жадында әр­дайым сақ­талады.
ҚР Мәдениет министрлігі

Жауап қалдыру