Сағыныш екен сол бір кез…

0
19

(Студенттік шақтарымыз бірге өткен, төрт жыл бірге оқыған Әлия Ерғазиева жайлы сыр)
Сол бір ұяң да мейірлі, адам баласына ақ адал қалпыңмен қарайтын нұрлы жүзің­ді Уа­қыт атты қатал да, қастерлі мезгіл өшіре алмапты. Арада 35 жылдан кейін сол бір бір­ге оқыған курстастар бас қосқан кезде бас­қа­ны қайдам, менің көзіме сенің бей­нең қай­та-қайта елестей берді. Жартысына жуық жиналған қыз-жігіттер арасында се­нің жоқтығың айқын байқалып тұрды. Тіп­ті әл­дебір жақтан кешігіп келетіндей бол­дың да тұрдың. Анау бір жылдары сенің өмір­ден өтіп кеткендігің жайлы естігенімде жанарыма жас тығылып, бір белгісіз әрі-сәрі күй кеш­кен едім. Небары 43 жыл ғана ғұ­мыр сү­ріп­сің. Әрине, Өмір болған соң жұ­мыр басты пенденің бұл Жалғанға қонақ ретін­де келіп-ке­те­ті­ні рас. Біреуге ерте, біреуге кеш. Десек те, сенің орның ерекше еді.
Иә, сенің орның ерекше еді, Әлия. Абай атын­дағы Алматы Мемлекеттік уни­вер­си­те­ті­нің (бұрынғы КазПИ) № 4 жа­та­ха­насы біз­дің жастық шағымыздың куәсі ғой бұл жер. Әр нәрсені сылтауратып сендердің бөл­ме­ле­рі­ңе жиі-жиі барушы едік-ау. Қылдай арам­дық жоқ, сол бір мөлдіреген кездер-ай. Ұлы Мұқағали айтқандай қазір «сол бір кез­дің әр­бір сәтін алтынға айырбастап» ала-алмай жүр­ген жоқпыз ба?! Уақыт шіркін сынапша сыр­ғып, келмес жаққа қарай зуылдап өтіп барады.
Айтқандай, 35 жылдан кейінгі кездесуі бір ға­жап болды, Әлия!. Сонау Батыс жақ­тан Гүл­жан мен Тамара, Шымкенттен Әкім­бай, Ырысты, Алматы облысынан Гүл­нәр, Айтбек келіпті. Дегенмен, дені осы Алматы қа­ла­сын­да екен. Хадиша, Айна­гүл, Әдеп­хен, Сейсемхан, Есілбай, Әтір­күл, Зи­да­гүл, Тә­жі­гүл, Ира, Оралхан болды. Кереку өңі­рінен Галина да кел­ді. Галинаны бө­ле-жарып арнайы айтып отырғаным екеуің егіз қо­зы­дай бір жүруші едіңдер ғой. Сол кү­ні Га­ли­наның да біртүрлі көңіл-күй­де бол­ға­нын байқадым. Ол да сені іздеп алаң­да­ған­дай болды да тұрды.
Өмірден ерте озып кеткен Өзіңе, Тұр­сын­күл­ге, Мұстафаға арнайы құран оқыт­тық. Кеш­кісін бір мейрамханада, ертесі Әдеп­хан­ның үйінде болдық. Кейбіріміздің жү­зі­міз­ді әжім торлай бастапты, шашымыз да ағарыпты, кешегі кою қара шашымыз селдірей түсіпті. Дегенмен, көңіліміз баяғы­дай өз­гер­меген секілді. Рахаттана өткен жыл­дар­ға саяхат жасадық. Әрине, өмірден өтіп кеткен сендердің де есімдерің қайта-қай­та еске алынып жатты.
Әлия, оқу орнын бітіретін жылы бәрі­міз бір-бір дәптер бастап, қолтаңба жаздырып алмап па едік. Сол бір қолтаңба жа­зыл­ған дәптер менде әлі күні бар. Өз­дерің­ді са­ғын­ған­да сол жаныма ыстық қол­таң­баларға көз салып қоям. Өздеріңді есіме алам. Сен былай деп қолтаңба қалдырыпсың:
“Серікжан!
Алғаш қорқып аудитория есігін аш­қа­ны­мыз­ға да төрт жылдай уақыт өте шы­ғып­ты. Өт­пестей болған 4 жылды артқа тастап, әр­қай­сы­сы­мыз әр тарапқа кетуімізге аз ғана уақыт қалыпты. Мен саған қолтаңбамды қал­дыра отырып, сенің өміріңе тілерім бай­лық та, мансап та емес. Тілерім қанша уа­қыт озса да, жастық кезің тозбасын, де­мек­пін.
Жастық. Жаспен өлшенбейді ол тіптен,
Адалдықпен, сұлулықпен, еңбекпен,
Қателікпен, қайратпенен, өрлікпен…
Кейін бірге жүрген осы студенттік күн­дерді ұмытпа.
Қолтаңба қалдырушы: Ерғазиева Әлия Қа­дыр­қызы 22-наурыз 1979 жыл.
Арада тура 36 жыл. Аз уақыт емес. Алайда Өзің жазғандай сол бір күн­дер­ді ұмыт­қамыз жоқ. Өзің жазғандай се­нің бойың­да адалдық та, сұлулық та, өрлік те, ең­бек­қор­лық та … бәрі-бәрі бар болатын. Осынау бас­қо­суымызда сен туралы ке­ңі­рек сұ­рап-бі­луі­ме мүмкіндік болмады. Оның үс­ті­не құр­бың Галинаның да жан-жарасын ауыртып алармын деп ойладым. Ұл­да­рың бар деп ес­тимін. Сен көре алмаған жақ­сы­лық­тарды со­лар­дың көруіне жазсын. Асқақ ру­хың оларды қолдап-қоршап жүр­сін. Ру­хың шат болсын, Әлия. Біз сені ұмыт­қа­мыз жоқ”.
Серікжан ҚАЖИ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Жауап қалдыру