Сұлтан Жиенбаев

0
39

Ұлы Отан соғысының ардагері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, «Құр­метті теміржолшы» Сұлтан Жиенбаев 98 жасына қараған шағында өмір­ден өтті.
Ол 1921 жылы Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік универси­те­тінің физика-математика факультетін, Алматыдағы саяси жетекшілердің орын­ба­сарларын дайындайтын курсты бітірген. Алматы­дағы «Қазақ мал дайындау» кеңсесінде, одан кейін Қа­зақстан басқармасында қызмет істеді.
1941 жылдың желтоқсан айында Алматы қаласында жасақталып жатқан 100-дер­­бес қазақ атқыштар бри­­га­да­сының атқыштар ро­та­сына старшина болып та­ғайындалады, кейін вз­вод командирі бола­ды. 100-дербес атқыштар бри­га­­дасы 1942 жылы қара­ша­да Калинин майданында 39-армия құрамында сұра­пыл соғысқа кірісіп кете­ді, сол ұрыста Сұлтан айрық­ша ерлік үлгісін көрсетеді.
1944-1950 жылдары Түр­кістан-Сібір темір жолы жұ­мысшы жабдықтау бас­қар­­масы жүйесінде әртүр­лі басшы қызметтерде бол­ды. 1962 жылы Сұлтан Жиен­баев республиканың Сауда министрі болып таға­йын­далады. Министрлікті басқару барысында 1962-1970 жылдары Сұлтан Сүлей­менұлы сауда және көпшілік тамақтандыруды дамыту мен сала қызметін жетілдіруге көп күш-жігерін жұмсайды. 1970 жылы Қа­зақ КСР Министрлер ке­ңесі төрағасының орын­ба­сары болып тағайындалды. Ол бұл қызметте 15 жылға жуық еңбек етті. Бұл ретте сауда, жеңіл және тамақ өнеркәсібі салаларымен қо­са республиканың Қару­лы Күштеріне қамқорлық жасаумен айналысты. Ол 1985 жылы Республиканың тарихи және мәдени ес­кер­тіш­терін қорғау қоға­мы Орталық кеңесі прези­диумының төрағасы болып сайланды және 1988 жылға дейін осы қызметті атқарды.
Сұлтан Жиенбаевтың же­ке бастамасымен және ғы­лыми, мәдени және қо­ғамдық мекемелердің тілек­терін ескере отырып, 1992 жылы Дінмұ­хамед Қонаев атындағы Халықаралық қор құрылды. Қордың бі­рінші президенті болып Сұлтан Сүлейменұлы сайланды, Қазан төңкерісі, үш Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы және «Құрмет» ордендерімен, екі «Бірінші дәрежелі Отан соғысы» ордені, «Ерлігі үшін» медалі, сондай-ақ Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің бірнеше құрмет грамоталарымен марапатталған.
Марқұмның иманы жолдас болсын!

«Prezident & Halyq»
газетінің ұжымы

Жауап қалдыру