Рымкеш Жұмаділова

0
67

18 қыркүйек күні бар саналы ғұмырын қазақ өнеріне арнаған опера әншісі, 35 жыл бойы Абай атындағы опера және балет театрының жеке солисі болған, Құрманғазы атындағы Ұлттық консерва­ториясының халық әні ка­фед­расының дауыс қою пәні­нің мұғалімі Рымкеш Жұ­ма­ділова оқыстан бақиға аттанды.
Рымкеш Жұмаділова 1957 жылы Қарағанды об­лы­сы Ақтоғай ауданы Қа­ра­меңді ауылында туған. Ба­ла кезінен әжесіне ерке­леп өскен ол үш-төрт жасы­нан-ақ үйге қонақ келсе орындыққа шығып ән сал­ғанды ұнататын. Ондайда қайран әже мақтанып отыратын-ды. Мектеп жасында да осы әдетін қойған жоқ. Өнер деп алға ұмтылған қыз әуелі Қарағандыдағы Тәттімбет атындағы музыка училищесінен дәріс алып, кейін Қазақтың Құрманғазы атындағы ұлттық консерва­ториясында оқуын жалғас­тырып, оны 1986 жылы бі­тірген.
Әнші 2003 жылы «Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қай­рат­кері» құрметті атағы­на ие болды. Күләш Байсейі­това атындағы Республикалық ән байқауында және Баку­де өткен Халықаралық Глинка атындағы әншілер кон­курсында лауреат атан­ған. Рымкештің 2001 жылы «Қазақконцерттің» кон­це­рт залында «Аққулы әнім» атты ән кеші болса, 2004 жылы Қазақтың Абай атындағы опера жә­не балет театрында өт­кен «Жұлдызды кеш» деп аталатын есеп беру кеші көрерменнің ілтипаты ерекше бөленді. Әншінің дауыс мүмкіндігіне, қанша биікке шырқаса да ұшқан құстың еркіндігіндей әдемі үнді сол жолы халық тамсана тыңдап, өнеріне бас иді. 2007 жылы «Қазақтың бір қызымын өнер қуған» деген дәл осындай тамаша кеші өтті. Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойына орай әзірленген «Туған ел берерім көп менің саған» атты жеке шығармашылық кешінде халық залға сыймай кеткеніне көпшілік куә.
Рымкештің Қазақ радио­сы­ның әуе толқынынан жиі берілетін халықтың «Ахау керім», «Гүлдерайым», «Мау­сым­жан», Сегіз серінің «Гау­һар тас», Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», Ма­нар­бек Ержановтың «Қуана­мын», Сыдық Мұха­мед­жановтың «Тербеледі тың дала», Нұрғиса Тілен­диевтің «Ақ шағала», Ілия Жақановтың «Еділ мен Жайық» әндері қай қазақтың болсын көңіліне шуақ сыйлағаны кім-кімге де аян.
Рымкеш Жұмаділова опера ұжымымен Түркия, Қы­тай, Балтық жағалау­ларына барып өнер көрсетті. Қазақ­тың Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрімен бұрынғы Кеңестер Одағын, сондай-ақ қазақ жерін армансыз аралап, сандуғаштай сайрады, ел құрметіне бөленді.
Марқұмның иманы жолдас болсын!

«Рrezident & Halyq»
газетінің ұжымы

Жауап қалдыру