Ғұмырдария – дариға-жүрек

0
239

…Үйге кіріп-шығып жатқан адамдарға бөгет жасамау үшін еркектер жағы қалтарыста тұрған бір диванға жайғасқан едік. Мен Мәсімбай ақсақалмен қатар отырып қалыппын. Бәріміз үнсізбіз. Ертең осы үйден Бейқұт апамызды соңғы сапарға шығарып саламыз.
«Көп кешікпеспін, соңыңнан барып қалармын!» деп күбірлегенін құлағым шалып қалды. Жан-жағыма қарап едім, менен басқа ешкім естімеген сияқты. Сәлден кейін таяғымен жер түрткілеген қалпы «сен кімсің?» деді. Жөнімді айттым. Ойлана, жанарын бір нүктеге қадап алған.
– Балалар келіп кеткен. Батамды бергем. Ерлан көбінесе менің бауырымда өсті ғой, – деді.
Ерлан – жиен немересі. Менің күйеу балам. Қызым Айгүл екеуі шаңырақ құрғандарына бір жылдан асып қалған. Бірақ Мәсімбай ақсақалмен бұған дейін жүздесе алмағанбыз.
–Мен жанардан мүлдем айырылғаныма біраз уақыт болды. Ешбір ем қонбады. Өздігімнен жүріп-тұруым қиын. Бүгін, міне мынадай жағдайда кездестік, – деді. Қайғыдан жүрегі қарс айырылып отырса да дауысы ашық, әрбір сөзін шегемен қаққандай нық тастайды. Ныспымды сұрады. Сосын қазақтың шежіресі жайында біраз ой толғады.
Ол кісінің айтуына қара­ған­да рулық шежіре – атаға бөлі­ну болса, туыстық шежіре – сол ру ішіндегі жақындықты ажырату. Туысқандар арасында қыз алысу, қыз берісу – қан­дық қатынастарға жатады. Кей­бір шығыс халықтарында бір емшек ембесе болды деп ағай­ын адамдарды атастыру ауыр зардаптарға соқтырған. Сон­дық­тан жеті атаға дейін қыз алысу қатаң жазаланған. Мә­се­лен, Ең­лік пен Кебектің, Қал­қа­ман мен Мамырдың өлім жазасына кесілуі – осы жеті ата­лық дәстүрді сақтамаудан туын­даған. Ал жеті аталықтан асса бұ­ған рұқсат етіледі. Мұндайда жеті атадан куәгер шақырып, ала арқан керіп, боз бие шалып, қолдарын қанға батырып, енді рулы ел болу жолында бә­туә­ласқан. Осы қасиетті дәс­түрді бү­гінгі мансапқорлар мен билікке ұм­тылушылар халықты жікке бө­лудің ұтымды құралына айналдырып алғанын айта ке­ліп, ақсақал өз өмірінің әр сәт­те­рін қыс­қаша баяндай бастады. Сө­зін бөлмедім. Ол кісі неге ма­ған ішкі сырын ақтарғанын енді түсініп отырған жайым бар. Бұл жайында кейінірек…
– Мен 1929 жылы қыстау­ға кө­шіп барған кезде дүниеге ке­ліп­пін, – деп әңгімесін жал­ға­ған сол қоңыр да жуан дауысынан айнымай. – Отбасымызбен колхозға мүше болып кі­ріп­піз. Бірақ ауыл белсенді­лері «бұ­лар байдың тұқымы, мұны неге жер аудармайды?» деп ГПУ-ға сыбырлауын қоймайды. Қо­лы­мыз­да­ғы жалғыз жыл­қы­мыз­ды тартып алыпты. Қор­лық­қа шыдамаған әкем ГПУ мүшесін тойтарып тас­тайды. Соңы ушыға бас­та­ған соң бір түнде бала-ша­ға­сын жетектеп, қырғыз асып кете­ді. Онда да қиын­шы­лық­қа тап болады. Қытайға өту­ге бел буады. Бірақ шекарадан қай­та­ры­лады. Ақырында На­рын­қол ауданы, «Қостөбе» деген ұжым­шар­ға тиянақ­тай­ды. Ха­лық ашаршылықтан ес жия бас­та­ған­да соғыс басталады. Әс­кер­ге жарайтындардың бә­рі май­дан­ға аттанады. Отыз шақ­ты ға­на түтіннен тұратын ша­ғын ауылда ер-азамат қалмайды. Мұға­лім­дер де әскерге кетіп, төрт жыл­дық мектеп жабылады.
– 11-12 жастағы біздер таң­ның атысы, күннің батысы со­қа құлағынан түспедік. 1942 жыл­дың көктемгі егісін бі­ті­ріп, Нарынқолға оқуға кет­тім. Бірақ оқуымыз ұзаққа созылмады. Алтыншы класты аяқ­тар-аяқтамастан шөп шабу­ға же­гіл­дік. Күндер өтіп жатты. Ме­нің үлкен ағам Бәзілден 1942 жыл­дың көктемінде-ақ «қа­рақа­ғаз» келді. Ең кіші ағам Қо­жа­қан 1942 жылдың жел­тоқ­сан айында жаралы болып госпи­таль­ға түсіпті. Ортаншы ағам Жү­ніс­бай елден ерек туған жан еді. Ол туралы белгілі жазушы Бер­ді­бек Соқ­пақ­баев­тың «Балалық шақ­қа саяхат» деген кітабында да біраз айтылған. «Көпек­баев­тар жайында жеке кітап жазамын» деп жүретін Бердібек. Оған ғұ­мы­ры жетпеді.., – деді ақса­қал өт­кен күндерін еске алып.
Сол олқылықтың орнын толтыру мақсатында өзі «Ауылым – алтын бесігім», «Өмір – тір­ші­лік таңы» атты екі кітап жазыпты. Жанары суалса да жан сезі­мі­нен туындаған сөздерді ақ қа­ғазға түсіруінің өзі бір ерлік. «Бұл кітапты жазуыма себеп­ші болған қыздарым Әлия мен Дарияға өмірде бақыт ті­лей­мін. Оқушы қауымға да, қыз­дарым мен балаларыма, сол сияқты осы жазбамды түзетуге қолғабыс тигізген немерем Абайқызы Лаураға да көп рахмет. Сабағын жақсы оқып, қашанда Қазақстанның білімді азаматтарының қатарында болсын!» – депті бірінші кітаптың алғы сөзінде. Ал екінші кітаптағы «Жанұяның басынан өткен тағдыр тауқыметі» деген тарау сол «Балалық шаққа саяхаттан» алынған екен. Енді мен осы тараудан үзінділер келтіру арқылы Мәсімбай ақсақалдың айтқандарын басқа бір қырынан жаңғыртуды жөн көрдім.
…«Кейін заман оңала бастағанда Көпекбай балалары шеттерінен жігерлі, қасқыр жігіттер болып өсті. Тұрмыстарын тез түзеп алды, –деп жазады жазушы Бердібек Соқпақбаев. – Бәзіл колхоз құрылысын қолдан тұрғызысқан еңбеккер азаматтың бірі еді. Отан соғысына дейін бригадир, одан кейін ауылдық ке­ңес­тің хатшысы қызметін атқарды. Үй­лен­ді, бала сүйді. 1941-1942 жыл­дары Мәскеу түбіндегі шай­қас­та қаза тапты.
Жүнісбай – Бәзілден асып кетті. Ол ғажап зерек оқи­тын. Өжет­тің өжеті еді. Алдына әзі­рей­лі келіп тұрса да қасқайып, айылын жимай сөйлейтін. Кластан класқа мезгілсіз аттап (сол кезде бұған жол берілетін), он жылдықты бізден бұрын бі­тір­ді. 1940 жылы Мәскеудегі офицерлік училищеде оқып жүр­ген­де Қы­зыл алаңдағы Бірінші май әс­кери шеруіне қатысты. Ке­ле­сі 1941 жылғы жетінші қара­ша­да Жү­ніс­бай дивизия коман­ди­рі­нің бұйрығымен Қы­зыл алаң­да­ғы тарихи әскери шеруге та­ғы қатысты. 1944 жыл­дың та­мызында полк барлаушысы Жү­ніс­бай Көпекбаев ерлікпен қа­за тапты!..». Б. Соқпақбаев бір­ге оқыған досын осылайша са­ғына, өкінішпен еске алады. Бұдан кейін Көпекбайдың үшінші ұлы Қожақан жайында айта келіп, «оның таланты екі ағасынан да артық еді!» дейді. Қожақан сабақты үздік оқумен қатар, шебер музыкант болыпты. Домбыраны жас кезінен безілдетіп, сырнайдың құлағында ойнапты. 1940 жылы Алматы педучилищесіне оқуға түскен Қожақан келесі жылы өзі сұранып, соғысқа аттанады. Батальон политругі қызметінде жүргенде 1943 жылы қаза табады. «Осы аталған үш жігіттің үшеуі де сайдың тасындай ірі, аяулы жандар еді. Ащы өмірдің батпағын белшеден кешіп жүріп, қайғырып, қапалануды білмейтін. Үшеуі де өмірге ғашық, жалын атқан арман иелері еді. Алда сәулетті болашақ барына сенетін, сол үшін жан қиюға дайын тұратын. Амал нешік, үшеуі бірдей майданда қаза тапты. Көпекбай балаларының ең кішісі – Мәсімбай бар қазір. Ір­гелі бір совхоздың парторгі» де­лі­ніпті аталған тарауда.
Міне, сол парторг бүгін сексеннің сеңгіріне шыққанда 64 жыл отасқан өмірлік жарын жоқтап, іштей егіліп отыр.
«Өмір – тіршілік таңы» кі­та­бын­дағы «Мен тұзға қалай бардым», «Қасқырлар» атты тарауларда Мәсімбай ақсақал өз басынан өткерген қатерлі оқиғалар­ды баяндайды. Оның бала кез­де­гі ержүректігіне таңдана­сың. 1943 жылдың қаңтарында 13 жасар Мәсімбайды колхоз бас­ты­ғы сонау 120 шақырым жердегі Қарқарадан ат-шанамен тұз алып келуге жұмсайды. Елде бас көтерер басқа азамат жоқ. Денелі, өз жасынан әлде­қай­да ересек көрінетін, күш-қай­раты тасып тұрған жеткіншекке ерік­сіз үміт артады. Тамаққа са­лу­ға шымшым тұз таба алмай қи­налған Қостөбе жұртын 13 жасар бала тығырықтан алып шығады.
Қол шанаға пар ат шегіп, ел қамы үшін қауіпті сапарға аттанған оны жолда бір топ қасқыр қамайды. Түз тағыларына жем болатынына көзі жеткенде жас бала арыстанша айбаттанып шыға келіпті. Өмір мен өлім арасындағы осынау арпалысты сәтті деміңді ішіңе тарта отырып оқисың. Азулары сақ-сақ еткен арландармен таң атқанша арпалысып, айласын асырған жеткіншектің жаужүректігіне сүйсінесің. Сол жеткіншек одан кейін де тағдырдың талай талқысына түседі. Ақыл мен қайраттың арқасында бәрін жеңіп шығады.
Бейқұт апамыздың «қонақасын» өткізген түні Мәсімбай ақсақалдың біраз әңгімесін тыңдадым. Өткен өмірін еске алу арқылы ағайын-туғанның қайғысын, өзінің ішкі күйігін жеңілдетуге тырысқанын түсіндім.
Ауыл азаматтарының біразы жанымызға дөңгелене отырып, әңгімемізге құлақ түріпті. Солардың ішінен күйеу баласы Аханды Мәсімбай ақсақал ту сыртымен-ақ танғанына таң қалдым. Бүкіл шаруаның басы-қасында жүрген оған көз жанарын тура қадап, әлденелерді сұрады. Ахан генералдың алдында жауап бергендей тақ-тұқ етеді. Менің сұраулы жүзімді байқаған Ахан басын изеді. «Иә, бұл кісі маңайындағының бәрін көзбен көргендей сезіп отырады» дегенін ұққандаймын және бұл топшылауыма өзімді-өзім сендіргендеймін. Бұдан кейінгі ойларым кітаптағы деректерге қарай ойыса берді.
Мәсімбай Көпекбаев 1950 жылы 10 жылдық мектепті бі­тіргеннен кейін ауылдық кеңес­тің хатшысы, мектепте бухгалтер, интернатта тәрбиеші, Малыбай техникалық училище­сін­де ұстаздық қызметтер атқа­рып­ты. Кол­хоз шаруашылықтарын ұйым­дастыруға белсене ара­ласқан. Совхоз партия ұйы­мы­ның хатшысы қыз­ме­тін­де жүр­ген­де Алматы зоо­тех­ни­ка­лық-малдәрігерлік институтына тү­сіп, оны зоотехник маманды­ғы бойынша сырттай оқып бітіре­ді. Бұ­дан кейін атқармаған қызме­ті жоқ десе де болғандай: совхозда жұмысшылар комитеті­нің төрағасы, бөлімше меңгеруші­сі, гидротехник, зоотехник, совхоз партия комитетінің хатшысы. 1988 жылы зейнетке шықанына қарамастан азаматтық қорға­ныс инспекторы әрі совхоздың техника қауіпсіздік инженері қыз­мет­те­рін қоса атқарады. Ке­ңес үкіметі тараған тұста өз алдына шаруа қожалығын құрып, Американың «Филип-Морис» те­мекі компаниясымен бірлесе жұ­мыс жүргізген.
Осынау жылдар ішінде «Ең­бек­те­гі ерлігі», «Еңбек ардаге­рі» медальдарымен, Ұлы Отан со­ғы­сының 50, 60 жылдығы медальдарымен, көптеген заттай сыйлықтармен марапатталған. Бес рет ауылдық кеңестің де­путаттығына сайланыпты. Қа­зақ­стан тәуелсіздігінің 20 жыл­ды­ғында Еңбекшіқазақ ауда­ны­ның құрметті азаматы атағын иеленген. Бейқұт апамызбен бір­ге отасқан 64 жыл ішінде се­гіз бала тәрбиелеп өсіріпті. Бар­лығы жоғары білімді, білікті азаматтар болып өсіпті. Олардан тараған немерелер мен шө­бе­ре­лердің көбісі Мәсекең мен Бей­құт апамыздың бауырында тәр­бие­леніпті.
«Сабақтан шыға салысымен өз үйімізге бармай, наға­шы ата­мыз бен апамызға қа­рай асы­ға­тын­быз. Сол кісілер­дің ақыл-парасаты мен мейірім шуа­ғы­нан нәр алып өстік. Әке-ше­ше­міз күні бойы жұ­мыс­та. Кеш­ке қарай үйге қону­ға ға­на ке­ле­тінбіз. Бүгінде өзі­міз де балалы-шағалымыз. На­ға­шы ата­мыз бен әжемізден ал­ған тәр­бие­мізді балалары­мыз­ға үй­ре­те­міз. Қариялардың әр­бір айт­қан ақылдары мен на­қыл­да­ры кө­ңі­лі­міз­де күні бү­гін­ге дей­ін сайрап тұр». Бұл сөз­дер­ді олар­дың аузынан арагідік қа­на ес­тіп қал­ғам. Өздерінен арнайы сұ­ра­ған емеспін. Сұрасам, бұ­дан да зор жүрекжарды лебіздер ес­ту­ім мүмкін.
…Әртүрлі ой жетегінде отырып таңның атқанын да бай­қа­мап­пын. Бейқұт апамызды мәң­гі­лік сапарына шығарып са­лу­ға Шелек жұрты көп жиналды. Қа­бір басында Мәсімбай ақ­са­қал сұ­ра­пыл дауылдарда сынбай қал­ған қарағайдай қасқ­айып тұр­ды. Құран оқылып, кө­ңіл жұ­ба­тар сөздер айтылған соң көп­ші­лік тарай бастады. Бір­ақ олар бірер айдан кейін дәл осы жерге қайта жиналып, сүйікті де да­на­гөй қариялары – Мәсім­бай ақ­са­қал­мен де мәңгілікке қош­та­са­тындарын білген жоқ еді.
…Сыңарын іздеген дари­ға-жү­рек көпке шыдамайтынын сол түні-ақ сезген екен. «Көп ке­шік­пес­пін, соңыңнан барып қа­лар­мын!» деп күбірлеге­ні бекер болмады.
Ғұмырдария деген осы!..
Серік ЖҰМАБЕКҰЛЫ,
журналист

Жауап қалдыру