Молдияр Серікбаев

0
198

Қазақ халқы өзінің тағы бір үлкен жүректі асыл азаматынан айырылды. Үстіміздегі жылғы 28 желтоқсан күні белгілі ғалым, геолог, картограф, рысқұловтанушы Молдияр Серікбаев 84-ке қараған шағында пәни дүниеден бақи дүниеге аттанды.
Молдияр Серікбаев 1933 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданындағы Жаңаталап-Шетбұлақ ауылында дүниеге келген. 1956 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің геология-география факультетін тәмәмдаған соң, қызу еңбекке араласты. КСРО құрылыс минис­трлігі жанындағы Орал геологиялық экспе­ди­ция­сында тәжірибе жинақтады. Елге орлған соң, Қ.И.Сәтбаев атындағы Геология ғылымдары институтында жұмыс істеді. 1958 жылдан 1972 жылға дейін жер­ді картаға түсіру экспедициясында геолог болып қызмет атқа­рды. Геологиялық барлау экспедициясы құрамында асбест, тальк және тағы басқа қазба байлықтарды іздестіру-барлау жұмыстарымен айналысты. Оңтүстік Қазақстан өңірін картаға түсіру мен қазба байлықтарды іздестіру шаруаларына атсалысты. Қазақ геологиялық қорында геолог және бас маман болды. 1964 жылы Қазақ КСР Геология министрлігінің тапсырмасы бойынша институттың ғылыми жетекшісі Вениамин Федорович Беспаловпен бірге республиканың геологиялық картасын жасап шықты.
Молдияр Серікбаев бүкіл ғұмырын өзінің сүйікті мамандығы геология-картография саласына арнады. Арнайы жасақталған экспедиция құрамында еліміздің барлық облыстарында болып, жер қойнауындағы минералдық байлықтарды анықтап, оны картаға түсіруге елеулі еңбек сіңірді. Сондай ұжымдық жұмыстарының бірі кезінде КСРО Мемлекеттік сыйлығына ұсынылған да болатын. Өкінішке қарай, сарапшылар комиссияның әділетсіздігінен Молдияр Серікбаевқа мемлекеттік сыйлық бұйырмады. Алайда ол атақ-даңқты, ғылыми дәрежелерді арман етпеген кісі. Алайда геология саласындағы білім-біліктілігі ұшан-теңіз болатын. Тіптен Новосібірдегі КСРО Ғылым академиясының Шығыс бөлімшесіндегі аты әлемге мәшһүр академиктер оның білім-біліктілігін жоғары бағалайтын, оның пікіріне ден қоятын.
М.Серікбаев Картография-геодезия қорының шақыруымен 1994-1995 жылдары қазақ тілінде әкімшілік-аумақтық, ал 1995-2003 жылдары 14 облыстың аумақтық-әкімшілік карталарын әзірлеуге атсалысты. 2003-2006 жылдары Қорғаныс министрлігінің картографиялық орталығында Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясымен, Қытаймен және Орта Азия елдерімен шектесетін аймақтарын қамтыған 26 парақтан тұратын аумақтық-әкімшілік карталарын, сызба-нұсқаларын ғылыми дәлдікпен қағаз бетіне түсіріп шықты. Айта берсе, оның атқарған істері ауқымдылығы жағынан, тереңдігі мен өзектілігі жағынан тым кемел.
Молдияр Серікбаевтың тұлғатанудағы өзінше ізденістері де ауқымды. 1937 жылдың қуғын-сүргіннің құрбаны болған мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлов жөнінде Кеңестер Одағы республикаларының мұрағаттарынан аса мол құжат-деректер жинақтады.
Ол зейнеткерлікке шыққан соң да рес­публикалық басылымдар редак­цияларына, оның ішінде өзі тұрақты авторы болып табылатын «Президент және Халық» газетінің редакциясына жиі келетін. Ұлтжанды ағаның ондаған сұқбаттары жарық көрді.
Артында мол мұра қалдырған Молдияр ағаның жарқын бейнесі оны білетіндердің жадында ұзақ сақталатын болады. Марқұмның иманы саламат болсын, рухы пейіште шалқысын!

«Президент және Халық»
газетінің ұжымы

Жауап қалдыру