Өміріне серік болған сәттілік

0
162

Үздіксіз еңбек пен тынымсыз талпыныстың арқасында алынбастай көрінген асуларды бағындырған жандар өмірі өнегеге толы. Мейірхан Төлеуғазыұлы Әбділманов сондай ғибратты ғұмыр иелерінің бірі еді. Марқұмның дүниеден озғанына да жылға жуық уақыт өтіпті. Ол жақындарының жадында қарапайым құрылысшыдан вице-министр қызметіне дейін көтерілген білгір маман, анасын алақанына салып өткен қайырлы перзент, адал жар, асқар әке ретінде қалды.
Мейірхан Әбділманов 1940 жылы 3 ақпанда Семей қаласында туған. Тағдыр оған әкесін, әкесі Төлеуғазыға ұлын көруді жазбапты. Оған кеңестік тәртіп, артынша басталған сұм соғыс мүмкіндік бермеді. Төлеуғазыны үйленгеніне, бір баласының барына, екіншісі әне-міне дүниеге келгелі отырғанына қарамай әскер қатарына алды. Ол кез үшін бұл таңсық дүние емес еді. Бәріне ортақ тәртіп солай болған. Отан алдындағы борышты өтеуді абыройлы міндет санаған Төлеуғазы бұлай болғанына еш өкінбеген. Еңсесін тік ұстап Қиыр Шығысқа әскери қызметке кете барды. Бір жылдан кейін соғыс басталып, жас сарбаз Сталинград түбіндегі әскери бөлімшелердің біріне ауыстырылды.
1943 жылы майданнан келген хабар Әб­діл­мановтар әулетіне ауыр соққы болып тиді. Отағасы Сталинград түбіндегі шай­қаста ұшты-күйлі жо­ғалған екен. Әке орнына әке болу, Серікқан мен Мейірханды жеткізіп, өсіру аналары 25 жастағы Күлпаштың мойнына артылды.
Өмір балаларды ерте есейтті. Мейірхан ағасымен бірге анасына қолғабыс болуға, қиын да күрделі кез­де отбасының жоқ-жітігін бірге түгендесуге үйренді. Қазағы қалың ауыл болса бір сәрі, жергілікті халықтан келімсегі басым Семейде өскендіктен ол кезде ауланың бұзық балаларына еріп, қисық жолға түсіп кетпеудің өзі жетістік. Осыны ұққан анасы бос уақытын құр өткізбеудің амалын ойластырып Мейірханды бокс үйірмесіне берді. Бәлкім анасы спорттың бұл түріне берерде баласының ынтасын байқады ма, кім білсін. Әйтеуір Мейірхан бокста көп-көрім нәтиже көрсете бастады. Тіпті жастар арасында 1-разряд алып, жаттықтырушылары болашағына үмітпен қарайтын. Әкесіз өскендіктен бос, сылбыр болмасын деп спортқа баулыған анасы Мейірханның ер мінезді болып ержетіп келе жатқанына көңілі толды.
Бірақ ұлының ендігіде білім алып, қызмет істегенін құп көрді. Сондықтан Мейірхан 1958 жылы орта мектепті ойдағыдай бітірген соң, Семей құрылыс техникумына түсті. 1961 жылы аталған оқу орнын өнеркәсіп және азаматтық құрылыс мамандығы бойынша тәмәмдап, техник-құрылысшы маманы атанады. Ол кез қайда маман керек болса, сол жаққа жіберілетін тұс. Мейірханға жолдама Қарағанды облысына берілді. Жас маман «Егінді бұлақ» кеңшарын қайта құру жұмыстарына атсалысып, еңбек жолын бастап кетті.
Мейірхан шаруаның жайымен танысып, аз-кем тәжірибе алған соң туған жерге ауысуға асықты. Анасын сағынды. Қолғанат боп, жанында жүруді қалады. Екінші жағынан оны Семейде техникумда танысқан болашақ жары – Бәзилә тосып жүрген болатын.
1963 жыл Мейірханның өмірінде көптеген айтулы оқиғалар орын алды. Алдымен Семей қалалық құрылыс мекемесіне прораб болып ауысты. Туған Семейімен, анасымен қауышты. Көп ұзамай шаңырақ көтерді. Білімін шыңдай түспек оймен Өскеменнің құрылыс-жол институтына сырттай бөлімге түсті.
Жас болса да білікті, жұмыстың қырын білетін Мейірхан қызметтік сатылармен жылдам өрледі. Ауысып келгеннен көп ұзамай облыстық ауыл шаруашылық басқармасына жетекші инженер болып тағайындалды. Ол жерде бірнеше жемісті жылдар өтті. Кәсіби тұрғыда толысты. Жұмысты барын салып істейтін, түннің бір уағына дейін кеңседе отыратын кездері жиі болатын. Еңбекқорлық қасиеттері анасынан дарыса керек.
Анасы Күлпаш та жұмыс үшін жаралған жан еді, жарықтық. Қос құлынын жеткізем деп тері зауытында тыным таппай тер төкті. Жасы келгенде зейнетке шығуға бала-шағасы зорға көндірген екен. Осы жағынан анасынан аумаған Мейірханға дос­тары «нағыз коммунист» деп жиі әзілдейтін дейді жақындары. Көп достарының ішінде Виталий Иванович Вазильский екеуі ерекше жақсы араласты. Виталий Иванович елу жыл егіз қозыдай қатар жүріп, әй-шәй деспей жан жолдас болған Мейірхан досын бүгінде сағынышпен еске алады.
Перзент сүйіп, зайыбы Бәзиләмен бақыттың бал шырынын татқан сәттердің молайған тұсы да осы кездер. 1964 жылы тұңғыштары Жан­на, үш жылдан кейін ұлы Марат дү­ниеге келіп, Әбділмановтар әулеті шаттыққа кенеле түсті.
1970 жылы Мейірхан институтты тәмәмдасымен «Казгипроводхозға» бөлім басшысы болып тағайын­дал­ды. Бұл мекемеге аттай алты жылын арнады. Ал 1974 жылы кен­жесі Қанат жарық дүние есігін ашты. Жас, интеллектуалдық күш-қуаты тасып тұрған Мейірхан сол кездегі ел астанасы – Алматыға қызметке ауысуды армандады. «Жо­лы болар жігіттің» деп басталатын мақалдағыдай Мейірханға 1976 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігінен күрделі жөндеу бөлімінің бас­шысы қызметі ұсынылды. Жалпы Мейірхан өзін жолы болғыш жан санайтын. Сондықтан көп ойланбастан Алматыға тартты. Орнығып алған соң әйелі Бәзилә мен ортаншы ұлы Маратты алдырды. Жанна мен Қанат әжелерімен Семейде қалды.
Мейірхан жаңа жұмысында да шар­­уаны шашау шығармай ұйым­дас­­ты­ратын ықтияттылығымен танылды. Бәзилә №10 тігін шеберханасына ­ меңгеруші болып тағайындалды. Маратты №29 орта мектепке 4-сыныпқа берді. Бірша­ма уақыт жерүйдің бір бөлмесін жал­дап тұрған оларға 1977 жылы Мейір­­ханның жұмысынан Көк ба­зардың маңынан 3 бөлмелі пәтер бе­­рілді. Ауылдағы анасы, балалары бә­­рі жаңа үйге көшіп, Әбділмановтар әу­леті Алматыға біржола қоныс аударды.
Мейірхан қайта құру кезеңімен ілесе Кеңес одағы күйрегенге дейін «Қазбасқаракөлпром» құрылыс трес­тінің басшысы, күрделі жөндеу бас­қармасының жетекшісі, жолаушы та­сымалы басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды.
Тәуелсіздік алған тұста ҚР Жо­ғарғы Кеңесінің бақылау палатасы­на өтті. Палата таратылған соң Ор­ман шаруашылығы және ағаш өңдеу өнеркәсібі министрінің орынбасары қызметіне ауысты. Мейірхан Әбділмановтың жауапты қызметтегі жұмысы тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарындағы үлкен дағдарыс жағдайымен, табиғи апат орын алған кезбен тұспа-тұс келді. Жақындары отағасының ұдайы жұмысбасты болғанын, үнемі үлкен істердің басы-қасында жүргенін айтады. «Еркек – түздің адамы» демекші, Мейірхан отбасын жауапты қызметімен араластырғысы келмей, жұмыс жайын көп баян ете бермейтін. Зайыбы Бәзилә жолдасының министрліктегі қызметінің елдің шығыс өлкесімен байланысты болғанын еске алады. Зырянда бірнеше өндіріс орындарын салған. 90 жылдардың басында Зайсанда болған жойқын жер сілкінісінен кейін комиссия мүшесі болып айлап сол жақта жүрген.
Саналы ғұмырын қызметке ар­наған Мейірхан Әбділманов зейнет­ке шыққаннан кейін де құрылыс сала­сында еңбек етіп, шетелдік ком­паниялардың кеңесшісі болды. Алматыдағы талай ғи­марат­тың жо­басы жасаларда сақа құрылыс­шы­ға әкеліп, көрсетіп, тексертіп алу­шылар аз болмапты. Арасында құрылыс материалдарын үнем­­деп қаржыға кенеліп қалуды көздей­тін компаниялардың құрылыс жұмыс­тарын көргенде уайымдап, «ертең құлап қалса қайтеді-ей» деп жаны ауыратын. Қарт құрылысшының айтқанындай, бір ғимараттың табанына жұқа арматура салынғанының салдарынан нысан шөгіп, Мейірхан Әбділмановтың жөн көрсетуімен қайта жөнделіпті.
Жоғарыда Мейірхан Әбділ­мановтың жолы болғыштығы туралы айтылып қалды ғой. Соның айғағы ретінде мына деректерді келтірелік. Марқұмның «Спорт­ло­то» лоторея­сын ұда­йы ойнайтын әде­ті болыпты. Сон­да әрдайым үл­кен­ді-кішілі ұтыс алып отыр­ған. Бірде тө­се­ніш, бірде фотоап­парат, бірде кілем дегендей. Бұның өзі кез келген ойыншыға бұйыра бермейтіні бел­гілі. Ал 1988 жылы көп адамның тіпті ойы тұрмақ түсіне кірмейтін ұтысқа кенелді. «Спортлото» лоторея­сында жасырылған 36 номердің 5-еуін дұ­рыс тауып 10 мың сом ұтып, өзінің ал­ғашқы көлігі ВАЗ – 2107 машинасын сатып алған.
Мейірхан Әб­діл­ма­нов жұмысын адал, таза істеген жан­дардың қата­рынан еді. Жоғары лауазымды қызмет істеп тұрғанда да сол үкіметтің берген үйінен басқа ештеңесі болмаған. Сондықтан да өзіне әрі айналасына жоғары талап қоятын. Ұқыптылықты, тиянақтылықты жа­ны қалаушы еді. Тап­сырманың жедел әрі дұрыс орындалуын қатаң ба­қылайтын. Іске деген жауап­сыз­дыққа төзе алмайтын. Кей адамдардың бойынан сондайды байқаса лажсыз налитын. Кезінде өзі бас болып тұр­ғызған ғимараттардың ұқып­сыз­дықтан тозып тұрғанын көрсе марқұм көзіне жас алып, көңілі қатты түсетін кездер болыпты.
Бәлкім, сондай уайымдар жинала келе ауру болып жабысты ма кім біледі, әйтеуір 2010 жылдан бастап денсаулығы сыр бере бастады. Инсульт алды. «Сынық арба көп кешер» демешкі сырқаттанса сегіз жыл сыр білдірмей, былтыр ерте көктемде 78 жасына қараған шағында бақилық болды.
Марқұмның артында жары, ұрпағы, істеген ісі қалды. Зайыбы Бәзилә Әбділманова елімізге белгілі 40 жылдан астам тарихы бар «Мақпал» сән орталығының директоры. Ұлттық нақыштағы түрлі киім үлгілерін ел ішіне, жақын-алыс ше­телдерге экс­пор­тқа шығарады. 2000 жылға дейін Қазақстанға келген мемлекет бас­шылары мен саясаткерлердің иығына осы орта­лық шеберханасынан шық­қан ұлт­тық шапандар жабылып келді. Ал­матыда өтетін «Азия Дауысы» халықаралық музыка фестиваліне қатысқан отандық өнерпаздардың бар­лығы осы сән үйінің киімдерін киетін.
Тұңғыштары Жанна анасына қолғанат. Мамандығы тіл маманы болса да бүгінде дизайн саласының білгірі, шебер ұйымдастырушы, білікті басшы. Ортаншы ұлдары Марат құқық қорғау қызметі саласында жауапты қызметте. Полковник. Үйдің кенжесі Қанат Бинеш Жарбосынов атындағы урология институтының белді қызметкері, дәрігер, ғылым кандидаты.
Мейірхан Әбділмановтай айтулы азаматтардың ғұмыры біздерге үлгі-өнеге. Ол дүниеден озғанша Күлпаш анасын алақанында ұстап, перзенттік парызын адал орындаған жан. Сондай-ақ қоғам мен отбасы алдындағы жауапкершілігін де соңғы демі үзілгенше бір сәт естен шығарған емес. Мейірханның өмірі нағыз өнегелі өмір!

Меліс Сейдахметов,
«P&H»

Жауап қалдыру