Өмірі өнегеге толы еді

0
41

Үстіміздегі жылғы 18 наурызда көрнекті құрылысшы, құ­рылыс саласының білікті ұйымдастырушыларының бірі Мейірхан Төлеуғазыұлы Әб­діл­манов 79 жасқа қараған ша­ғында пәни дүниеден бақи дүниеге озды.
Мейірхан Әбділманов 1940 жылы 3 ақпанда сұрапыл Ұлы отан соғысынан бір жыл бұрын Семей қаласында дүниеге келген. Әкесі Төлеуғазы ұлын көрместен әскер қатарына шақырылып, артынша бастал­ған соғысқа қатысқан. 1943 жылы Әбділманов отбасына отағасының Сталинград түбін­дегі шайқаста ұшты-күйлі жоғал­ғаны туралы хабар жетеді. Жартылай жетімдіктің кермек дәмін татқан ағасы Серік­қан екеуін 25 жастағы ана­лары Күлпаш жеткізіп, өсіреді.
Мейірхан Әбділманов жа­сынан білімге, спортқа құш­тар­лық танытқан. Бокстан І разя­ды да болған. 1957 жы­лы Семейдегі №16 мектепті тә­мәмдап, сол жылы құрылыс техникумына түсті. 1961 жылы аталған оқу орнын өнеркәсіп және аза­маттық құрылыс маман-дығы бойынша бітіріп, техник-құрылысшы маманы атанады. Еңбек жолын Қарағанды облысында «Егінді бұлақ» совхозын салысудан бастаған. 1963 жылы Семей қалалық құрылыс мекемесіне прораб болып ауысып, Өскеменнің құрылыс-жол институтына түседі. Көп ұзамай облыстық ауыл ша­руашылық басқармасына жетекші инженер болып ауыстырылады. 1970 жылы институтты тәмәмдасымен Мейірхан «Казгипроводхозға» бөлім басшысы болып тағайын­далған. 1976 жылы Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі күрделі жөндеу бөлігінің басшысы қызметіне ауыстырылып, Алатау баурайындағы ару қала – Алматыға қоныс аударады. Қайта құру кезеңінен бастап, Кеңес одағы ыдыраған уақытқа дейін «Қазбасқаракөл пром» құрылыс трестінің басшысы, күрделі жөндеу басқар­масының жетекшісі, жолаушы тасымалы басқармасы бас­шы­сының орынбасары қыз­меттерін абыроймен атқара­ды. Тәуелсіздік алған тұста Мейір­хан Әбділманов ҚР Жоғарғы Кеңесінің бақылау пала­тасына өтіп, кейін Орман шаруашылығы және ағаш өңдеу өнеркәсібі министрінің орынбасары қызметінде құрметті зейнеткерлікке шыққан.
Бар саналы ғұмырын қыз­метке арнаған Мейірхан Әбділ­манов зейнетке шыққан­нан кейін де құрылыс саласында еңбек етіп, шетелдік компа­ния­лардың кеңесшісі болған.
55 жыл отасқан жары, рес­публикаға ғана емес алыс-жақын шетелдерге де белгілі «Мақпал» сән орталығының директоры Бәзилә Әбділманова оған бір қыз, екі ұл сыйлаған. Олардың барлығы да бүгін абыройлы қызметте. Балаларынан алты немере бір шөбере тараған.
Соғыстан кейінгі ауыр кезең­де тура жолдан таймай, анасына шығысып, әуелі Алланың, одан кейін өзінің ерік-жігерінің арқасында осындай биік же­тістікке жету, арда азамат болып қалыптасу – құрметке лайықты іс. Ол 80 жасқа қараған шағында дүниеден озған анасын алақанында ұс­тап, перзенттік парызын адал орындады. Өмір ерте есейт­кен құрметті құрылысшы – Мейірхан Әбділмановтың өне­геге толы өмірі өскелең ұр­паққа үлгі. Марқұмның жаны жән­натта болғай!

Бір топ жолдастары.

Жауап қалдыру