Миллиардты мойындатқан еді

0
150

Үстіміздегі жылғы 25 тамызда Қытай қазақтарының арасынан шыққан белгілі математик, ұлағатты ұстаз, ұлт ғылымының өркендеуіне өлшеусіз үлес қос­қан ғалым, профессор Әмір Жал­бағаев пәни дүниеден бақи дүниеге озды. Көрнекті ғалым 1936 жылы дүниеге келген еді. Оның бүкіл өмірі ғылымға, шәкірт тәрбиелеуге арналды.
Өз басым Әмір ағамен Шыңжаң институтының қабырғасында таныстым. «Ана сүті бой өсіреді, ана тілі ой өсіреді» демекші, аға бойына ұстаздық қасиет ерте қалыптасыпты. Жаны жайсаң, кісілігі мол, ақыл-парасаты бай ғалым ағамыз бізді ылғи да қанаттандырып, қамшылап, тәр­биелеп отыратын.
Ол кісі – тек математик қана емес, өнерпаз еді. Гитара, мандалинмен тамаша әндер айтатын. Гуманитарлық салада да ізденіс жасап, әдеби, мәдени, тарихи тақырыптарда ондаған мақалалар жаз­ды. Шахмет ойынына құмар еді. «Қазақ каленьдары», «Қытай математикасының тарихы», «Хикметті қызық сы­зықтар», «Қызықты алгебра», «Әл-Фарабидың матема­тикалық идеялары турасында», «Сан туралы», «Қазақ математигі Аббас әл-Жауһаридың мате­ма­ти­калық идеялары турасын­да», «Орта ғасырдағы Орта Азия ғалым­дары», «Орта ғасыр­да ислам елдерінен Қытайға кірген астро­номиялық және матема­тикалық білімдер», т,б, көптеген құнды еңбектер жазды. .
Мыңдаған математиктер шә­кірт­тер тәрбиеледі. Сондай-ақ қазақ және ұйғыр математика ғылымындағы бостықты то­лық­тырып, «Жоғарғы геометрия» «Ана­литикалық геомертия», «Ма­те­матикалық анализ» қа­тар­лы жоғарғы мектеп оқулық­тарын қазақ, ұйғыр тілдеріне аудар­ды. Атауға тапшы, терминге кемшін салаға бар зейінін салып, «Қытайша-қазақша математи­ка терминология сөздігін» құрас­тырып, баспадан шығарды. «Жақ­сы өнегенің жарығы, жақсы адам­ның даңқы алысқа жетеді». 2004 жылғы Өзбекстандағы ғылыми іссапарында ғылыми баяндамасы үшін алтын медальға ие болды. Қытайдың ғылым саласындағы марапаттарына қол жеткізді.
«Қыран жігіт асырар елдің даң­қын» демекші, миллиардты мойындатқан математика ғылы­мының мәуелі бәйтерегі құла­ға­нымен, оның рухы, елге еткен елеулі еңбегі ешқашан өшпек емес.

Шәмшабану ХАМЗАҚЫЗЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Жауап қалдыру