Әмен Әбжанұлы Қайдаров

0
105

Қазақ киноөнері орны толмас үлкен қазаға ұшырады. 92 жасқа қараған шағында қазақтың тұңғыш мультипликаторы, ки­норежиссер, суретші, ҚазКСР-інің еңбек сіңірген өнер қай­раткері Әмен Қайдаров дүние салды.
Әмен Қайдаров 1923 жылы 3 мау­сымда Қарағанды өңі­рін­де Нұра ауданы Жіңішке ауылында дүниеге келген. Әке­сі – Әбжан мен анасы Зейнеп өмір-ба­қи ұстаздық қызмет еткен жандар.
Әмен Қайдаров 1941 жылы 18 жасында әскерге алынды. Ұлы Отан соғысының қақ­ ортасында жүрді. Оң­түс­тік-Батыс, Дон, Сталинград, Бі­рін­ші украиндік майдандарында радист, байланысшы бол­ған. Әс­керден тек 1946 жылы ғана оралды. 23 жасар «қарт солдат» кішкентайынан сурет­ші болуды арманда­ған. Сол арман май­дангер жігіт­ті Алматы су­рет­шілер училищесіне жетеледі. Бес жыл оқып су­рет­ші мамандығын ал­ған соң 1951 жылы «Қазақ­стан әйел­де­рі», «Ара» журнал­дары­ның ре­дак­ция­ла­рын­да жұмыс іс­теді. 1958-1965 жылдары Мәс­кеу­де­гі мемлекеттік кинематография ин­сти­ту­тының көркем­су­рет фа­куль­те­тінде оқыды. Сценаристер мен режиссер­лер­дің жо­ға­ры курсын бітірді. 1965 жылдан «Қазақфильм» киностудиясында жұмыс істеді.
Ол – Қазақстандағы мульти­пли­кациялық жанрдың ірге­сін қалаушылардың бірі. 1967 жылы Қайдаровтың салған су­реті бойынша халық ерте­гісі негізінде тұңғыш рет түр­лі-түсті «Қарлығаштың құй­ры­ғы неге айыр?» атты муль­тип­ли­кациялық фильм жасалды. Бұл туынды Ленинград (қа­зір­гі Санкт-Петербург) қа­ласын­да өткен Бүкіл­одақ­тық кинофес­тивальда (1968), Нью-Йорк қа­ласында өткен Ха­лық­ара­лық мультиплика­ция­лық фильм­дер фестивалінде жүл­де алды. Сондай-ақ, Қай­да­ров «Құ­йыр­шық», «Жанар», «Күн сәу­ле­сі­нен пайда бол­ған кө­жек» атты муль­ти­пли­ка­ция­лық фильм­дерді жаса­ған. 1980 жылы Қай­да­ров­қа «Ақ­сақ құ­лан», «Қо­ж­анасыр – құ­ры­лыс­шы», «Қы­рық өті­рік» сияқ­ты мультипликация­лық фильм­дер топтамасы үшін ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығы бе­ріл­ді. Ол «Сиқырлы кілем» (1981), «Құйыр­шық» (1969), «Тағ­дыр» және басқа мульт­фильм­дер­дің режиссері, сценарисі.
Әмен Қайдаров сондай-ақ график, плакатшы, карикатурашы болатын. Су­рет­ші-кес­кін­де­ме­ші, кес­кін­деме ке­неп­те­рі­нің, ми­ниа­тю­ра­лар­дың, көп­те­ген атақты адамдар порт­рет­терінің, пейзаж­дар­дың авторы. 40-қа жуық саяси пла­кат­тың авторы.
Әмен Қайдаров 1975 жылдан – ҚазКСР Кинематографистер одағының хатшысы. 1970 жылдан – мульт­бір­лес­тік­тің көр­кем­дік жетек­ші­сі. 1983–1991 жылдары – Қа­зақ­стан Сурет­ші­лер ода­ғы бас­қар­ма­сының төр­аға­сы болды. Ол Дизайнерлер ода­ғы­ның, Журналистер ода­ғы­ның мү­шесі. Ха­лық­ара­лық муль­ти­пли­ка­тор­шы­лар ас­со­циа­ция­сы­ның (АСИФА) мү­ше­сі еді.
Әмен Қайдаровтың майдан мен бейбіт еңбектегі ер­лік­тері көптеген марапаттармен атап өтілді. Олар­дың қатарында «Отан соғысы» (1985), «Құрмет белгісі» (1971), «Парасат» (2002) орден­дері мен «Сталинградты қор­ға­ғаны үшін» (1943), К. Жуков (2004), «Украинаны қорғағаны үшін» (2005) және басқа медальдар бар. Ол сонымен қатар ҚазКСР Мем­лекеттік сыйлығы­ның (1980), тәуелсіз «Тарлан» (2002) сыйлығының, Қа­зақ­стан­ның көрнекті өнер қай­рат­кер­ле ріне арналған Пре­зи­дент­тік сти­пендия­сының, «СОРОС» қо­ғамдық қоры грант­тары­ның лауреаты.
Әмен Қайдаров өз саласы бойынша отаны мен қа­зақ жұр­тына қолынан келгенше ең­бек еткен жан болатын. Ол жасампаз шығармашы­лық­пен қо­са көптеген шәкірт­тер де тәр­бие­леді. Марқұмның жаны жән­нат­та болсын! Халқы барда Әмен ағаның аты ұмы­тыл­майды.
«Президент және Халық»
газетінің редакциясы
Марқұмды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі 7-ақпанда сағат 10:30-да Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында өтеді.

Жауап қалдыру