Үмбетбай УАЙДИН

0
101

Үстіміздегі жылғы 1 наурызда Қазақ сати­расының сардары, жазушы, публицист, журналист Үмбетбай Уайдин 83-ке қараған шағында өмірден озды.
Ол 1935 жылы 10 қарашада Ақтөбе облы­сының Ырғыз ауданына қарасты Темірастау ауылында туған. Қазақ мемлекеттік университеті филология факуль­тетінің журналистика бөлімін бітірген.
1957–1958 жылдары Дон­бастағы Крас­ный луч қа­ласында шах­та құ­рылысшысы бо­лып істеді. Одан елге оралып 1958 жы­лы Шалқар аудандық газеті жа­нындағы баспаханада баспашы (печат­ник) болған. Біртіндеп шығармашылық жұ­мысқа бейімделіп, та­лант­ты қа­­ламгер екендігін бай­қатты. Қа­зақ радиосы, «Ара-Шмель» журналы, Қазақ­фильм киностудиясы, «Өнер» баспасы, Қазақстан кітапқұмарлар қоғамы мен Жазушылар одағында әртүрлі қызметтер атқарды.
Көп жылдан бері Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дың журналис­тика факультетінде және Абай атындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын дарынды балалар мектеп-интернатында ұс­таз­дық етті. Ақтөбе облысының Шалқар, Ыр­ғыз аудандарының құр­метті азаматы.
Үмбетбай Уайдин әде­биеттің сатира жанрында соны із қалдырғанымен қоса, шын мәніндегі үлкен жүректі Ұстаз еді. Басты бір ерекшелігі – жазуға қабілеті бар, дарынды жастарды іздеп, тауып жетектейтін. Әсіресе, ор­та мектептердегі бал­­ғын­­дардың үлкен досы еді. Таланттарды да солардың арасынан тауып, қауырсын дүние­лерін мерзімді басылымдарда жария­латып, ұдайы ақыл-кеңе­сін беріп, қадағалап жүретін.
Қаламгердің «Қара кө­зілдірік», «Ендігісін айт­паймын», «Ішің білсін», «Контейнермен кел­ген кемпір», «Тілсіз қоңы­рау», «Быды-быды», «На­­на­йын ба, нанбайын ба?», «Пәлен-пәштуан», «Әу­мин!», «Атың кім, әй?», «Алло, бұл кім?» сын­ды өлеңдер және әзіл-сықақтар жинақтары жа­рық көрген. Жекелеген кі­таптары орыс, украин, қырғыз, қарақалпақ, тува тілдеріне аударылған.
Марқұмның иманы жолдас болсын, алды пейіш, арты кеніш болсын!

«Президент және Халық»
газетінің ұжымы

Жауап қалдыру