«ҮЛКЕН ОЛЖА»

0
257

Академик Әбдуәлі Хайдаров  туралы бір үзік сыр

Баукең сәлемімді алысымен:
– Не жаңалығың бар? – деді отты жанарын жанарыма тура қадап.
– Жаңалығым, академик Әбдуәли Хайдаров ағамен сөйлесіп, соғысқа қалай барғанын сұрап, білдім.
– Асықпа да аптықпа, бәрін рет-ретімен айт.
– Төрт бұрышты кең дәлізбен жүріп, күнгейге қара­ған ең шеткі есігі ашық бөлмеге бұрылдым. Әбду­әли аға терезеге жақындау стол жанында шұқшия төмен қарап, сарғыш тарт­қан қағазды оқып отыр екен. Көйлекшең, жалаңбас, көзін­де көзілдірік. Менің қасына барып, жайлап сәлем бергенімді естімеді-ау деймін, басын қағаздан көтер­меді. Аға­ның сарғайған қағаз жа­зуына соншалық беріл­гені­не әрі таңданып, әрі сүйсі­ніп, кедергі келтіріп, көңіл-күйін бұзбайын деген оймен аяғымды ұшынан басып, кері бұрылмақ бола бергенімде, мені ерткен апайдың:
– Әбеке, мына бала саған келіпті, – деген қаттырақ шыққан дауысын есітіп, Әбдуәли аға маған бажырая қарады. Мен:
– Ассалаумағаликум, аға, – деп екі қолымды бірдей ұсынып, сәлем бердім. «Же­тісу» газетінен келгенім­ді айтып, өзімді таныстыр­дым. Апай екеуімізді оңаша қалдырып, бөлмеден шығып кетті. Сөзіміз жарасым тап­қан сәтте:
– Әбдуәли аға, естуім­ше, Отан соғысына өзіңіз сұранып барыпсыз ғой? – дедім көкейімдегі сұра­ғым­ды қойып. Ол кісі жауап беруге асықпады. Көзілдірігін бір шешіп, бір киді. Көйле­гінің үстіңгі түймесін ағытып, қайта түймеледі. Дөң­ге­лектеу сымбатты өңінен, әжі­мі аз жазық кең маңда­йы­нан көз айырмай, әр қимылын бақылап отырмын. Өзі ұстамды кісі көрінді. Әлден кейін:
– Саған түсінікті болу үшін бәрін басынан бастайын, – деп Әбдәули аға асықпай сөзін сабақтады. – Майданға біздің үйден үш еркек, 1907-ші жылы туған әкем, әкемнің екі інісі аттанды. 1941-ші жылдың 3-ші шілдесінде мектебіміз жанындағы радиодан Сталиннің сөйлеген сөзін естідім. Сталин сөзінің ең соңында: «Қымбатты кол­хозшылар мен жұмыс­шылар, офицерлер мен генералдар, қымбатты менің достарым, сендерге сенемін» дегенде, сол жерге жиналып тұрған ер кісілер, әйелдер жылап, өңдері жауар бұлттай түнеріп, өзгере қалды. Көшеде асық ойнап, доп қуалап жүрген балалар – біздер бірден есейіп кеткендей күй кештік. Жұрттың жылағанын көріп, кеудемізге халықтың басына ауыртпалық түскен екен деген сезім ұялады. Осы сезім өз еркіммен майданға аттансам деген тілегіме түрткі болды.
1941-ші жылдың қыркүйек айы. Есік қаласындағы орта мектептің оныншы сыныбында оқып жүрген сыныптастарыммен бас қосып:
– Әкемді, әкемнің екі інісін екі айдың ішінде майданға алып кетті. Енді майданға өзім сұранып барғым кеп жүр, – дегенімде:
– Сенің мына айтқаның бізге де ой салды, – деп мені қолдағандар табылды.
Аудан орталығы Есікте «Үлгілі колхоз» деген газет шығатын. Сол газет редакциясына 12 оқушы бас сұғып:
– Майданға сұранып бар­ғы­мыз келеді, – деп едік:
– Ой, бәрекелде, жарай­сыңдар. Қазір сондай науқан жүріп жатыр. Майданға өз еркімен баратындарды қуана-қуана қарсы аламыз, – деп газет қызметкерлері бізді суретке түсіріп, 12 бала өз еркімен соғысқа баратын болды деп шағын мақала жазып, жариялады.
Бұлай бастама көтеруі­мізге түрткі болған тағы бір жағдай – мектебіміздегі біраз мұғалімдеріміздің өздері сұранып майданға аттануы еді. Ертеңіне он екіміз аудандық әскери комиссариатқа бардық. Ол жерде қызмет ететін бір таныс адам мені көріп:
– Әй, сен, неғып жүрсің? Бойың аласа, әлі кішкен­тайсың ғой, – деді.
– Отан соғысына баруға сұранып жүрмін, – деп едім:
– Әй, сен мылтық көтере алмайсың, мылтықты атуды да білмейсің. Соғысқа барып не қыласың? Сенсіз де қырылып жатқандар аз емес, – деді маған жаны ашып. Ол кісінің айтқаны рас еді. Бір-екі айдың ішінде ауылымызға ерлікпен қаза тапты деген қара қағаз келіп жатқан. Әлгі таныс кісіге:
– Мен алған бетімнен қайтпаймын, – деп ойымды ашық айттым. Ол үндемей қалды.
Әскери комиссариат бізді үш ай әскери дайындықтан өткізіп:
– Сендер енді Алматыға өз аяқтарыңмен барасыңдар. Соғыс жағдайын түсініңдер, машина, арба болмай тұр, – деп бізді жаяу жіберді. Тары талқанға толы дорбамызды арқалап, Есік қаласынан Ал­матыға он екі бала жаяу келдік.
– Есік қаласы мен Алма­тының арасы қанша шақы­рым?
– Елу шақырым. Бірінші Алматының темір жол вокзалында бір күн түнеп, пойызбен Ташкентке бардық. Луначарский деген қыстақты тауып ап, сол қыстақта үш ай радиотехникалық курста оқыдық. Курсты бітірген соң, бізді Мәскеуге жіберді. Сондағы таңғалғанымыз – ішіне жел үрлеп қойған өңкей аэростаттар – резіңкі ұшақтар Кремльдің төбесін жаудан көлегейлеп ұшып жүрді. Бұл кез фашистердің қайтсек те Мәскеуді басып аламыз деп жанын сап, шабуылдап жатқан кез болатын.
Ертеңгілік сапқа тұрғызып, бізді бөле бастады. Әкемнің қарындасының баласы – жиенім Әшім Иманбаев екеуіміз «не болса да бір майданға барайық» деп, қатар тұрғанбыз. Қасақана, әдейі істегендей командир екеуіміздің жанымызға кеп, оңға, солға деп екеуімізді екі жаққа бөліп жіберді. Әшім Закваказье майданына кетті, мен Калинин майданына кеттім. Мәскеудің Волоколамск шоссе маңындағы қалың қарағай арасында екі ай тұрып, алдыңғы шепке аттандық. Великие луки қаласын жаудан азат етуге қатыстым. Радио аппараты арқылы әкемнің бір майданда, барлаушылар ротасында соғысып жүргенін естіп, білдім. Екеуіміз Плеханов деген қыстақты жаудан босатуға қатысқанымызбен жолыға алмадық.
Шабуылға дайындалып жатқанбыз. Мен взвод командирімін. Траншея ішінде ары-бері жүгіріп жүрміз. Кенет траншеяның алдыңғы ернеуіне снаряд кеп жарылып, қалыңдығы бір метр топырақтың астында қалыппын. Солдаттар ес-түссіз жатқан мені қазып, сыртқа шығарып алады. Содан ит жегілген шанаға таңып, орман ішіндегі госпи­тальға жібереді. Әбден үйретілген ит еш жаққа бұрылмай, жол жиегіндегі ағаштарға да соқтықпай мені госпитальға алып барады.
Дәрігерлер емдеді. Мейірбикелер ертеңді-кеш дәрі-дәрмегін беріп, жандары қалмай қас-қабағыма қара­ды. Әйтсе де олар маған қа­рап, ыржаңдап күле береді. Байқасам, біреулерге солдаттың су жаңа киімін, маған ескі-құсқы, тозығы жеткен киімді беріпті. Намысым қозып, бір мейірбикеге қарай орындықты лақ­тырып жібердім. Жазылды деп майданға қайта аттандырмақ болған дәрі­гер­лер орындықты лақтыр­ғанымды көріп:
– Бұл әлі толық жазыл­маған, – деп тағы біраз емдеп, бір ай демалыс беріп, ауылыма жіберді. Ауылыма келсем, анам бір кемпірді, бір ауру келінін, екі баланы, 5-6 адамды асырап, колхозда жұмыс істеп жүр екен.
– Әкең туралы хабар-ошарсыз кетті деген қара қағаз алдық. Меніңше, ол тірі. Бір немістің қызына үйленіп, бізге көрінуге ұялып, үйге келе алмай жүр-ау, – деп анам әзіл айтып, менің көңілімді көтермек сыңай танытты.
Ауламыздың ішінде тоқал там, қасында қарағайдан салған үйіміз болатын. Ер­теңіне қарасам, тоқал там­нан бір еркек, бір әйел, екі бала шығып келе жатыр.
– Ой, апа, мыналар кімдер? – деп сұрасам:
– Бұлар шешен деген халық, – деді анам. – Колхозда жұмыс істеп, күн бата үйге келсем: «Шешен халқының өкілдерін машина машинаға тиеп, колхоз кеңсесі алдына әкеп төктік. Жәрдемдесем десеңіздер орталыққа келіп, үйлеріңізге алып кетіңіздер», – деп радио саңқылдап сөйлеп тұр. Жеделдете бардым. Барсам, кеңсе алдында бір еркек, бір әйел, екі бала киізге оранып отыр.
– Ой, сендер кімсіңдер? – десем, бастарын шайқайды. Аудармашы қазақ шал аударды. Жаным ашып, әлгілерді үйге алып кеп, тоқал тамға кіргізіп, пешке от жағып, су ысытып, қорадағы қойымның біреуін сойып, тамақтандырып, есін жиғаздым. Өздері жақсы жандар екен, – деді.
Мен домбыра тарта білуші едім. Екі баланың Ахмет Гологаев деген біреуіне домбыра тартуды үйретіп, бір ай демалысым біткен соң, майданға қайта кеттім.
Балтық жағалауындағы ұрысқа, Ленинградты жау қоршауынан босатуға қа­тысып, контузия алдым. Кострома қаласында 7-8 ай әскери оқуда болып, көпір салатын инженер деген мамандық иесі атандым. Бізді ұшақпен алдыңғы майданға алып барды. Австрия мен Польшаның арасындағы Одер өзенінен арғы бетке өту ұрысына қатыстым. Штеттин деген Ал­матыдан аумайтын қа­лада тұрғанымызда, 3-мамыр күні Отан соғысы аяқ­талды, немістер жеңіл­генін мойындады.
Майданнан оралған соң, өзімнен бес жас кіші балалармен бірге оныншы сы­ныпта оқыдым. Мектепті бітіріп, Алматының бес жыл­­дық университетін төрт жылда үздік бітірдім. Ас­пирантураға түсіп, канди­дат­тық, докторлық дис­сер­тация қорғадым. Коррес­пон­дент-мүше, 1993 жылы жасырын дауыс беруімен ака­демик атандым. 8 ака­демиктің біреуі ғана қарсы дауыс берді. Тіл білімі институтында 15 жылдан бері директор боп істеп келем. Тағы қандай сұрағың бар?
– Кейін домбыра тартуды үйреткен шешен бала Ахмет Гологаевпен кездестіңіз бе?
– Кездестім. 1958-ші жы­лы академиктеріміз Смет Кеңесбаев, Бақытжан Хасанов, мен үшеуіміз Грозный қаласында өтетін ғылыми конференцияға бардық Таксиші жігіттен:
– Ахмет Гологаев деген бар ма? Осы қалада тұрып жатыр деп естіп едім, – дедім.
– Ой, ол бізде Ішкі істер министрінің орынбасары.
– Оны қалай көруге болады?
– Қазір тауып берем, – деп ол Ахметке телефон соқты. Сәлден кейін біз кездестік.
Ахмет мені көрісімен жерден көтеріп алып, бетімнен қайта-қайта сүйіп, есі шыға қуанды. Машинасымен үшеуімізді үйіне алып барып, қонақ етті, қаланы аралатты, бар жан-тәнімен құрмет көрсетті. Алматыға қайтарымызда әуежайға кеп, қол бұлғап шығарып салды.
– Бұл анаңыздың шарапаты ғой.
– Бірде анам: «Шешендер мен әлдекімдер арасында ұрыс болды» деп есітіпті.
Кешке жұмыстан келген маған: «Әй, балам, ана ше­шен­дерге обал жасап жа­тыр­сыңдар ғой. Оларға бі­реу­лер күн көрсетпейтін көрі­неді. Әлімжеттілерге қой деп айтар, араша түсер адам бар ма, жоқ па? – деді. Өзі қиын күндерде қамқор бол­ған жандарға жаны ашы­ған түрі ғой, – деп академик Әбдуәли аға сөзін аяқтады.
– Менің жаңалығым осы. Әбдуәли ағаға жолығып, сырласқаныма қуанып жүр­мін.
– Сөзіңді бөлмей мұқият тыңдадым. Біреуді мақтауға жомарт екенімді білесің ғой? – деді Баукең дауыстай сөйлеп.
– Білем.
– Білсең, менің айтарым, «кілемге бергісіз алаша бар, ханға бергісіз қараша бар» дегендей Әбдуәлидің анасы да, өзі де ханға бергісіз жандар екен. Бәрінен патриоттың шынайы, таза жан-дүниесімен, табиғи сезі-мімен танысыпсың. Бұл үл­кен олжа…

Мамытбек ҚАЛДЫБАЙ,
жазушы, бауыржантанушы.

Жауап қалдыру