Әлеуетті әулеттің тірегі еді

0
175

Елдің қадірменді қариясы, берекесі мен бірлігінің ұйытқысы, әлеуетті әулеттің тірегі болған абыз ақсақал, асқар таудай әкеміз Рүстемов Таймас Рүстемұлының пәни дүниеден бақи дүниеге өткеніне де 40 күннің жүзі болып қалыпты.
Таймас Рүстемұлы 1938 жылы 27 маусымда Қызыл­құм ауданының Нұрата ауы­лында дүниеге келген. 1955 жылы Асықата ауданына қарасты «Победа» кеңша­рында орта мектепті үздік біті­ріп, сол жылы Ташкент меди­циналық учищесіне оқу­ға түседі. Оны бітірген соң 1957 жылы «Победа» кеңшарының №5 бөлімше­сінде медициналық пунктің меңгерушісі болып жұмыс жасайды. Жас маман көп ұзамай білімін шыңдау мақсатында 1960 жылы Алматы мемлекеттік медициналық институтына түсіп, 1966 жылы балалар дәрігері яғни педиатр мамандығы бойынша бітіріп шығады.
Сол жылы Шардара қаласындағы медициналық санитарлық бөлімге жолдамамен балалар дәрігері болып барады. Арада үш жыл өткен соң, қайта жасақталған бөлімде қызмет етті. 1969-1974 жылдар аралығында аудандық аурухананың балалар бөлімінің меңгерушісі, аудандық бас педиатр қыз­метін абыроймен атқар­ды.
1974-1980 жылдары арнайы шақыртумен Өзбекстан Республикасы Жызақ облысына қарасты Мырзашөл аудандық ауруханасында бас дәрігердің емдеу профилактика жөніндегі орынбасары болды. 1980 жылы өзі еңбек жолын бастаған Шардара ауданына қайтып оралды.
1980-1994 жылдары Шардара аудандық ауруханасы бас дәрігерінің әдістемелік істері жөніндегі орынбасары ретінде өңірде бірқтар аурулардың алдын алу бойынша тың әдіс-тәсілдерді емдеу саласына енгізді. Сол үшін де ҚСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі атанды. Адамға жанашырлық, кәсіби шеберлік, сырқатқа көмектесуге үнемі бейім тұруы маманның ел арсында үлкен беделге ие болуына ықпал етті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында туберкулез сияқты жұқпалы дерттің жолын кесу үшін өңірдегі проблемалық саланы басқаруға ауыстырылды. 1994 жылдан 2002 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін аудандық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері болды. Ең бір қиын шақтарда Таймас Рүстемұлы басқарған аурухана ұжымы жұқпалы дертті ауыздықтай алды. Талай жанның дертіне шипа болып, толыққанды өмірге оралуына көмек қолын созды.
Аудан әкімі Әуелхан Тұр­ғымбеков 2002 жылы ақ халатты абзал жанға өзінің мініп жүрген қызметтік автокөлігін сыйға тартып, зейнеткерлікке шығарып салғанында бүкіл аудан жұртшылығы ризашылықпен дуылдата қол соққаны есімізде.
Медицина саласында мол тәжірибе жинақтаған Таймас Рүстемұлы зейнеткерлікке шыққанымен 2002-2006 жылдар аралығында аудандық медициналық-статистика бюроның басшысы қызметін атқарды. Саналы ғұмырын адам жанының арашасы болуға арнаған ардагер осы жылдар ішінде аудандық мәслихатқа екі рет депутат болып сайланды. Ерен еңбегі үшін «Қазақстан Рес­публикасының тәуел­сіздігіне 10 жыл» медалімен марапатталды. 2007 жылы «Шардара ауданының құрметті азаматы» атанды.
Ардагер ағамыз ұзақ жылдар халыққа қызмет етіп қана қоймай ағайын-туысқа да жөн сілтеуші басшы болды. Үлкен құрсметке бөленді. Абыз ақсақал 2018 жылғы 15 желтоқсанда мәңгілікке көз жұмды. Артында екі ұлы мен үш қызы, әлденеше немерелері қалды.
Абыз кәрия көзден кеткенімен көңілде мәңгі қалары анық. Үстіміздегі жылғы 17 қаңтарда қырық күндік Асы берілмек.
Сол Асқа ағайын-туыс, құ­да-жекжат, дос-жарандарды, шақырамыз. Оқылатын Құ­ран сауабын бірге бөлі­сейік!

Рүстемовтер әулеті.

Жауап қалдыру