Кеңесжан ЖҰМАБЕКОВА

0
102

Үстіміздегі жылғы 24 наурызда 87 жасқа қараған шағында бүкіл саналы ғұ­мырын ұрпақ тәрбиесіне ар­наған көрнекті ұстаз Кеңес­жан Жұмабекова дүние салды.
Кеңесжан Жұмабек­қызы Жұмабекова 1931 жылы 8-мамырда Алматы облысы Панфилов ауданында дүниеге келді. Балдәурен балалық шағы Ұлы Отан соғысы жылдарына тұспа-тұс келді. Орта мектепті бітірген соң, Алматы қаласын­дағы Қазақ қыздар мемлекеттік педагогикалық институтына түсті. 1953 жылы институтты аяқтап, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып шықты. Осыдан кейінгі өмірі тұтастай педагогика саласына арналды.
Кеңесжан Жұмабек­қызы еңбек жолын Алматы облысы Шелек ауылындағы Абай атындағы орта мектепте қатардағы мұғалім болудан бастады. Тынымсыз ізденістерінің арқа­сын­да педагогикалық шеберлігін шыңдап, білікті маман иесі атанды. Мол тәжірибе жинақтаған ұстаз­дың озық тәжірибесі жас ұстаздарға үнемі үлгі ретінде ұсынылатын. Шәкірт­тері­нің алдында талап қойғыштығымен, мінезінің қатаңдығымен ерекшеленетін. Ы.Алтынсарин: «Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деген екен. Кеңесжан Жұмабекқызы тап осындай мектептің жүрегіне айналған ұстаз еді. Ізденгіштігі мен еңбекқорлығы арқасында ұлағатты ұстаз оқу ағарту ісінің майталманы, «Білім беру саласының үздігі» атанды. Өзі де ұзақ жылдар «Қызылжиде» кең­шарын басқарған Жар­мұханбет Омаров сияқты ауылшаруашылығы өнді­рісін ұйымдастырушы азаматқа сүйікті жар болды. Екеуі алты перзент тәрбиелеп өсірді. Қарт ұстаз сол ұрпақтарынан 13 немере, 11 шөбере сүйді.
«Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады» депті хәкім Абай. Артында қалған өздері де ересек тартқан жүздеген шәкірттері ұстаздарын құрметпен еске алады. Марқұмның жатқан жері жайлы, жаны жәннатта болсын. Бақыл бол, ұстаз!

Абай атындағы орта мектепті 1966 жылы бітірген шәкірттері.

Жауап қалдыру