23 қараша күні белгілі ғалым, атақты археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері Карл Молдахметұлы Байпақов 79 жасқа қараған шағында дүние салды.
Карл Молдахметұлы 1940 жылдың 17 қарашасында Алматы облысының Талғар қаласында дүниеге келген.
Қазақстан археологиясының қалыптасуына, Ұлы Жібек жолының тарихын зерттеуге, тәуелсіз Қазақстанның археологиялық ғылыми орталығын құрып, дамытуға, кәсіби мамандарды дайындауға, археология бойынша халықаралық ғылыми-тәжірибелік байланысты қалыптастыруға Карл Байпақов ақтық демі үзілгенше зор үлес қосып келді.
К.Байпақовтың ұстаздық еңбегі өз алдына бір төбе. Ол «Қазақстанның ортағасырлық қалалары», «Ұлы Жібек жолы» курстары бойынша дәріс оқыды. Оның жетекшілігімен ғылыми дәреже қорғаған кешегі шәкірттері бұл күнде Қазақстан археологиясының белді мамандарына айналған.
Соңында елеулі еңбектер қалдырған К. Байпақов білікті маман, ұлағатты ұстаз ғана емес, танымал қоғам қайраткері, Ұлы Жібек жолы Қазақстан Ұлттық комитетінің мүшесі, сондай-ақ «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қоғамдық кеңестің мүшесі, Ұлы Жібек жолы бойынша ЮНЕСКО-ның халықаралық сарапшысы болатын. Карл Молдахметұлының ғылым, білім, қоғамдық қызмет саласында атқарған еңбегін ғылыми қауым да жоғары бағалай білді.
К. Байпақов халықаралық сарапшы ретінде Мәдениеттер жақындастығы орталығын басқарды. Оның жетекшілігімен аталмыш Орталық мәдени диалог пен этносаралық және конфессияаралық қатынастарды нығайтудың жаңа платформасына айналды. Әлемдік ғылыми қауымдастықтағы зор беделінің арқасында Орталық екінші санаттағы ЮНЕСКО мәртебесіне ие болды.
Өз ісіне жауапты әрі ұқыпты ол айналсындағыларға қашанда қамқорлық танытып, қолынан келгенінше көмек қолын созып жүретін. Ол жаны шуақты, жүрегі шырақты кісілермен пікірлесуге, араласуға аса құштар еді.
Марқұмның жаны жәннатта болғай!
«Prezident & Halyq»
газетінің редакциясы