Күй шалқытқан домбырада үш ішекті

0
52

Таяуда көрнекті музыка зерттеушісі, марқұм Жарқын Шәкірімнің маған жазған хаты мен үш ішекті домбыра туралы 2011 жылы жазылған мақаласы қолыма тиді. Хатында: «Құрметті Марат Байділдәұлы, қалыңыз қалай? Алда келе жатқан Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекеңіз құтты болсын. Мен жақында тағы да ауруханаға жатып шықтым. Соған байланысты өзіңізге хабарласа алмай кеттім. Үйдің ішінде ғана жүргенім болмаса, әзірше өз бетіммен сыртқа шыға алатын халде емеспін. Өзіңізге өткенде айтқан мақаланы жіберіп отырмын. Ұзақтау ғой деймін, қысқартуға болады. «Үш ішекті домбыра», деген сөз тіркесі тақырыбына арқау болса жақсы болар еді. Мақаладағы кейіпкерім – Нұргүл Амантайқызы Әкімғожина жақында қайтыс болып кетті. Материал 2011 жылы жазылған. Үш ішекті домбыра жайлы арнайы мақала бұрын-соңды жазылмағандықтан осы дүниенің жарық көруін тілер едім. Оқырмандар да қызығар. Құрметпен, Жарқын Шәкерім деп білерсіз» делініпті.
Жарқын Шәкеріммен 1985 жылы Мәскеуде өткен жастар мен студенттердің Дүниежүзілік VІ фестивалінде танысып, жақын замандас болып кетіп едік. Қазақ теледидарында біраз жыл қызметтес те болдық. Жарқын айтқан Нұргүлді де танитынмын. Өткен жылдың қара күзінде Ұлттық кітапхананың үлкен залында продюссер Алтын Махамбетова ұйымдастырған концертінде де болғанбыз. Өнеріне шынайы тәнті болып едік. Бүгінде екеуі де өмірде жоқ. Жәкеңнің хал үстінде жатып жолдаған аманаты болған соң мақаласын қысқартпай қаз қалпында оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Марат ТОҚАШБАЕВ.

Үш ішекті домбыраның та­рихи бастауы – сонау қа­зақтың ата-бабаларынан жал­ғасқан дәстүрлі жол. Үш ішекті домбырада ойналатын күйлер, адамның жан дү­ниесін елітіп, ерекше бір ләззат пен рухани рахатқа бөлейтіндігімен ерекшеленеді. Әйтсе де, бұл аспап жайлы арнайы зерттеулердің болмауы, кең түрде насихатталмауы музыка мәдениетіміздегі «ақтаңдақ» беттердің бірі болды. 1960 жылдары осы «ақтаңдақты» жойып алғаш зерттеген, ел ішіне қайтадан таралуға себепкер болған, жаны жайсаң ұлтжанды азамат, профессор Болат Сарыбаев болды.
Құрманғазы атындағы кон­серватория түлегі, зерттеу­ші, орындаушы Нұргүл Әкім­ғожина (бүгінде марқұм – Ред) бүгін сол жолды жал­ғастырып, үш ішекті домбырада күйлер орындап, тіпті «Үш ішекті домбыраға арналған күйлер» ноталық жинағының қолжазбасын да­йындап, алғаш рет баспаға ұсынып отыр. Нұргүлдің бұл көпшілікке таныс емес істі жалғастыруды қолға алуы­ның өзіндік себептері де бар. Ол үш ішекті домбырада орындаушылық дәстүрі кеңі­нен таралған (бұрынғы Семей) қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Шыңғыстау өңі­рін­дегі Абай елінің тумасы. Қаршадай қыз кезінде зеректігімен көзге түсіп, ел ішіндегі үш ішекті домбыра жайлы әңгімелерге сусындап өскен. Осындай алғыр қасиеттерімен бойжеткен сәтінде әйгілі абыз ата, ақын Шәкер Әбеновтің көзіне түсіп, ол кісінің батасын алған. Шәкер ата Нұргүлге өз домбырасын сыйлаған. Бұл жөнінде кейінірек арнайы тоқта­ламыз. Нұргүл Семейдің Мұқан Төлебаев атындағы музы­калық училищесін, Алма­тының Құрманғазы атын­дағы ұлттық консерватория­сын бі­тіріп бүгіндері қазақ­тың күйшілік өнерін, оның ішінде үш ішекті домбыра өнерін дамыту жолында құлшыныспен еңбектенуде. Нұргүл Аман­тай­қызы әрі орындаушы, әрі һәм музыка зерттеушілік, әрі ұс­таздық жолды бірге ұштас­тыра білген әмбебап өнер иесі.
Осы орайда әуелі ел мә­денитінің дамуында, оның ішінде қазақтың аспаптық музыка саласында ерекше орын алатын үш ішекті домбыра жайлы мәлімет беруді жөн санап отырмыз.
Үш ішекті домбыраның екі ішекті домбырадан айырма­шы­лығы – мұнда оң бұрау мен теріс бұрау қатар тұр. Құлақ күйi қазақтың негізгі оң (кварта) және терiс (квинта) бұрауына қатар келтірілетіндіктен ел ішінде үш ішекті домбыраны – қосбұрау домбыра деп те атайды.
Осы домбырада орында­латын күйлер үш үн үндес­тігінде естіледі. Қоңыр саз­ды әуендермен, күй сарындарымен және аккордты ыр­ғақ­тармен айшықталады. Үш ішекті домбыраның екі ішекті домбыраға қараған­дағы айырмашылығы тыңдаушы құлағына бір дыбысы, бір үні артық естіледі. Үш ішекті домбырада ежелгі сақ дәуірінен бастап Түрік қағанаты дәуі­ріне дейінгі, одан бергі Алтын-Орда замандарындағы сарындарды, Қазақтың хан­дық заманынан жеткен әуен­дер мен күйлердің сарындарын, саздарын орындауға мүкін­шілік береді. Үш ішекті дом­быраның үнінде құлақ шы­мырлатар, жан тебірентер әдемі дыбыстар үндестігі бар.
Үш ішекті домбыраны ка­йың, үйеңкi, қарағай тәрiз­дi ағаштардан жасайды. Құры­лысы кең шанақ­ты, жалпақ мойын үлгiде жасалынады. Шығыс Қазақстан өңірінде үш бұрышты тұмар үлгісінде жасалған домбыралар және бітеу ағаштан жасалған дом­быралар да бар.
Үш ішекті домбыра туралы алғашқы деректер ХIХ ға­сырда өмiр сүрген этнограф ғалымдар А.Алекторов, Д.Исаев, П.Юдин, А. Харузин ең­бектерiнде кездеседi. Жоң­ғар басқыншыларына қарсы ұлт-азаттық күрес заманында өмір сүріп сол соғысқа қатыс­қан халық композиторы Бай­жiгiт, Құлыншақ домбыра­лары және Абай ұстаған үш ішекті домбыра бүгiндерi Ықы­­лас атындағы саз аспап­тары мұражайында сақ­­тау­лы тұр. Үш ішекті дом­бы­­рада Абайдың бала­сы Ақылбай, немересi Исрайл, халық ақыны Шәкiр Әбенов, және Шыңғыстау өңірінде Т. Ма­мырбеков, М. Әзiм­ханов тәрiздi майталман орын­дау­шылар болған.
Абай, Шәкерім және Шәкір Әбенов аталарымыз күй са­рындары мен ән әуендерін үш ішекті домбырада орын­дап, оның дамуына айтар­лық­тай үлес қосты.
ХХ ғасырдың 60-шы жылдарына дейін қазақ елінде домбыра мен қобыз және сы­бызғы аспаптарынан бас­қа музыкалық аспаптар ата­лынбай келді. Түрлі себеп­­терге байланысты жоғал­­дыға саналған, атауы ұмы­ты­лып аталмай кеткендері де болды. Тіпті батырлар жырларын­да кездесетін керней, сырнай дауылпаздан басқа музыкалық аспаптар аталынбай, пайдаланылмады да. Алайда халық жадында сақталғандары жылдар өте келе қайтадан жаңғырды.
Қазақ халқының өткен дәуірінде, көне музыкалық аспап­тардың болғанын ал­ғаш дәлелдеп, ғылыми түрде зерттеген, қайтадан халық игілігіне жаратқан профессор Болат Шамғалиұлы Са­рыбаев болды. Ол 1978 жылы «Жалын» баспасынан орыс тілінде «Казахские музыкальные инструменты» деген зерттеу кітабын, 1981 жылы «Өнер» баспасынан «Қазақтың музыкалық аспаптары» деген көлемді зерттеу еңбегін шығарды. Болат Сарыбаев тарихи кезеңдерде заман өзгерістеріне сай ұмыт қалған қазақтың музыкалық аспаптарын қажымай-талмай зерттеп, оны іздеп тауып, қайтадан халқына қайтарып өшпес мұра қалдырды. Сарыбаев осы музыкалық аспаптардың халық арасында болғандығын, пайдаланыл­ғандығын қазақтың жыр-қиссаларында кездесетіндігін, шетел саяхатшылырының жаз­баларында кейбір музы­ка­лық аспаптардың атаулары бар екенін дәлелдеп алғаш рет нақтылы деректерді келтіріп, бүгінгі ұрпаққа өшпес мұра қалдырып, қазақтың ас­паптық музыкасын зерт­теудің жол бастаушысы болды.
Ерекше тоқталатын бір жайт, Болат Шамғалиұлы Сарыбаев дүниеден өткен соң, күні бүгінге дейін қазаққа тән, қандай да бір жаңа музыкалық аспапты іздеп тауып, атауын атап, түрін түстеген, құнды деректер келтіріп мағлұмат берген ешкім болған жоқ. Сондықтан елде музыкалық үлгімен, ғылыми тұрғыдағы ноталық жүйеде дәлелденген нақтылы бірде-бір дерек көзі болмай тұр. Басқасын былай қойғанда Сарыбаев алғаш тауып, дәлелдеген үрлеп ойналатын бұғышақ, керней, қос саз аспаптарын одан әрі жетілдіре алғанымыз жоқ. Қазақтың домбыра, қобыз, сыбызғыдан басқа аспаптары болмағандай кейіп танытып, осалдық жасап жүрміз.
Болат Сарыбаев өткен ХХ ғасырдың 60-шы жылдарынан бастап домбыра мен қобыздан және сыбызғыдан басқа да қазақтың отыздан астам түрлі музыкалық ас­пап­тары бар екенін дәлел­деп, орындалу ерекшелік­теріне байланысты оларды бір жүйеге келтірді. Олар­дың түркі тілдес елдердің бар­лығына тән тарихи бай­ланыстылығы бар еке­нін дә­лелдеп, алғаш рет музы­калық орындалу, ойналу ерекшеліктеріне байланысты жіктеді және Қазақстан аймағында кездесетін музыкалық аспап­тардың картасын жасады. Ол жіктеу «Сарыбаев кестесі» және «Сарыбаевтың музыкалық картасы» деген атпен тарихта қалды. «Сарыбаев кестесіндегі» Шертер, Жетіген және Сазсырнай жайлы деректерді алғаш тапқан адам профессор Болат Сары­баевтың өзі.
Өткен ғасырдың 60-шы жыл­дарында үш ішекті домбыраны дамытудың жолын ашып, алғаш рет ғылыми түрде зерттеген де осы профессор Болат Шамғалиұлы еді. Ол зерттеп тапқан әрбір музыкалық аспаптарының ды­быс қатарларын дәлелдеп, күй­діргі от, ішек, тиек, мал­дың терісі, жез, мыс, балшық, ағаш, қамыс, желім тәрізді музы­калық аспаптар жасала­тын заттарды тауып, бітімін өлшеп, суретін сызып қажы­май-талмай, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүріп, му­зыкалық аспаптардың түр бі­тімін көне дүниедегідей қал­пына келтіріп, қайтадан жаң­ғыр­тып, халық игілігіне айнал­дырған азамат еді.
Болат Сарыбаевтың еңбегі арқасында ХХ ғасырдың қа­зағы естіп көрмеген шер­тер мен жетіген және сазсыр­най музыкалық аспаптары­мен халқымыз қайтадан қауышып, көруге, үнін естуге мүмкіндік алды. Халқы­мыз­дың баға жетпес сүйікті музыкалық жәдігеріне айналды. Жоғалдыға саналған осы үш музыкалық аспапты тауып жарқыратып, қайта­дан тарих сахнасына шығар­ғаны үшін халықтың ең бір қажетті музыкалық аспабына айналдырғаны үшін Болат Шамғалиұлы Сарыбаевтың есімін мәңгілік сақтау мақса­тында оған ескерткіш орнату – оның артында қалған іні-бауырлары, жалпы қазақ азаматтарына аманат.
Өз басым Болат Сарыбаев­тың шәкірті ретінде үш ішек­ті домбыраны қолыма алып, күйлер орындап, аға амана­тын жалғастырып жүр­ге­німе, міне, 40 жылдан асты. Орындаған күйлерім Қазақ радиосының эфирінен бе­ріліп тұрады. Үш ішекті дом­быраны қайтадан жаң­ғыр­тып, дамытып жүргенім туралы Қазақстан ұлттық энцик­лопедиясының ІХ томының 472-бетінде жазылған.
Бұл күндері үш ішекті дом­быра ел ішінде қазақ­тың негізгі музыкалық аспаптары­ның бірі ретінде таралуда. Үш ішекті домбыраны қо­лына ұстап әндерін сүйе­мелдеген, күй сарындарын орын­дап, халық алдында түрлі думан­дарға, ойын сауық­тарға, концерттерге қатысып жүрген орын­даушы домбырашылар баршылық. Солардың бір де бірегейі – Нұргүл Аман­тай­қызы Әкімғожина.
Нұргүл кітабының қолжаз­­­ба­сымен танысып, шығар­ма­шылығына үңіл­гені­мізде оның сегіз қырлы өнер иесі екенін айқын аңғардық. Ерек­­ше еңбектенгені байқа­лып, бір-біріне байланысты орын­дау­шылығы, ұстаз­дығы жә­не зерттеушілігі тәрізді үш шығармашылық бағыты көзге көрінді. Нұргүл Әкімқожаның осы үш щығармашылық қасиеті жайлы айта кеткенді де жөн санадым.
Орындаушы болғанда қа­тардағы көптің бірі емес, үш ішекті домбырадағы күй­лерді меңгерген оны сауат­ты тартатын орындаушы. Ол бүгінде үш ішекті домбырадағы күйлерді зерттеушілігімен және кәсіби шебер орындаушылығымен танылып жүр. Тегінде үш ішекті домбырадағы күйлерді орындайтын адам сол қолдың саусақтарымен, домбыра мо­й­нындағы үш ішектегі перне ды­быстарын еркін басып, таза дыбыстар шығаруға дағ­ды­лануы қажет. Неге десе­ңіз үш ішектегі пернелерді ба­су, ноталық дәлдікпен алу, үш дауысты үндер шығару орындаушыға жылдар бойы дайындықты қажет етеді. Нақтылап айтқанда домбыра үнінде үш дауыс естіледі. Қатарлас естілетін сол үш үнді көркемдік сипатпен тыңдаушы құлағына жеткізе білу қажет. Орындаушы өз шеберлігі арқылы, алма қағыс, ілме қағыс, кезектей қағыс, дара қағыс, тізбектей қағыстары арқылы үш ішек­тен үш түрлі күй сарын­дарын шығарады. Теріс бұраудағы ішектерді басу және қатарласқан оң бұрау ішектерін басу арқылы, орындаушы орындалатын күйдің адам құлағын шымырлатар мінезін айшықтайды. Күйдің ағындылығын, баяулығын, сабырлылығын, қатқылдығы мен нәзіктілігін айқындау орын­­­даушының шеберлігіне бай­­ла­нысты болмақ. Орын­дау­­шы қолының қағысымен, сау­сақ­­­тарының жүрдектігімен адам­­ның жан тебіренісін, жеткі­зеді.
Осы тұрғыдан алғанда Нұр­гүлдің қолы нық орналасқан, саусақтары әлді, алымды, етжеңді, перне басысы анық. Осындай қасиеттері арқылы ол күйлердің қай нотасының үнін шығарса да нық саусақтарымен, анықтап, күй дыбыстарының үндер дірілін әдемілеп (вибрациясы) жеткізе алады. Тыңдаушы көңіліне жан шуағының жылылығын сыйлап, қолындағы домбы­расының үнімен ынтықтырып, сүйсіндіре біледі. Жағымды күй үні тыңдаушы құлағын шы­мырлатып жанын тербетеді. Оның күй орындау­шы­­лығындағы екінші бір ерекшелігі – күй бітіміндегі теріс және оң бұрауларда қатар­ласа дамып, өрбитін «тер­ция», «кварта», «квинта», акордтарын алғанда, салалы саусақтары өрнек тоқыған­дай нәзіктікпен еркін меңгере алатындығы және күйдің құлаққа естілу дыбыс­­­тарын барынша таза жет­кізуі таңдандырады. Нұр­гүл домбырасы ескілікті сарындар арқылы, ежелгі тарихымыздың өткендегісін, қуаныш-күйінішін жеткізе алатын қасиетке ие. Ол домбыраны қолына алғаннан-ақ, домбыра оның егіздің сыңарындай кейіпке айналады. Домбыра мен Нұргүл екеуі бір бейнеге енеді. Нақтылап айтқанда Нұргүл домбыраға – домбыра Нұргүлге айналады.
«Қыз мұңы» тәрізді күй орындалғанда Нұргүлдің сау­сақтары тағдырдың тал­қысына түскен бейкүнә жан­ның аянышты бейнесін ғана суреттеп қоймайды, сол қыздың үні, зары арқылы халқымыздың өткендегі басынан өткізген қайғы қасіретін, жаугершілік замандардағы азапты қиналысын, адамның болашаққа деген үмітін, сенімін, арманын күй құдіреті арқылы жеткізіп бейнелейді. Нұргүл бір ғана тақырып айналасында қалып қоймайды, оның басты орындаушылық ерекшелігі – орындайтын күйлерінің тақырыбының маз­­мұн­дылығында, жеке адам тағдырын суреттей оты­­рып, одан да асырып, адам тағдырының қиын да қы­зық­ты жолын, бүкіл халық тағды­ры­мен байланыстыра алатын­дығында. Нұргүл орын­­даған күйлері арқылы қазақ­тың бүгінге дейінгі естілмей, айтылмай жүрген үш ішекті домбырадағы орын­дау­шылық дәстүрді жоғалтпай халыққа жеткізіп отыр. Оның күйлерінде ежелгі ата-бабалар жолының тарихы, дала мәдениеті, жаугершілік заман, бейбіт өмір, ананың аялы алақаны, бала күлкісі, жылқышы жігіт қуанышы, қыз шолпысының сыңғыры тәрізді тұрмыстық болмысымыздың бебеу қаққан сазды үндері естіледі.
«Қабанбай» атты батыр­лықтың үлгісін көрсеткен, же­ңіс күйін орындағанда Нұр­гүлдің домбырасы, қазақ даласын қорғауға, ел бірлігін сақтауға дабыл қағып ұран шақырады. Соғысқа түскен қалың халықтың, екі жақтың да сарбаздарының айқасқандағы найзалары мен қылыштарының жарқылы, ат дүбірі халық үнінің күңіренісі, жеңіске жетелеген дабылдың жаңғырығы, күй ырғағымен айқын суреттеледі. Міне, дарабоз Қабанбай алға шықты. Жауды ойсырата жеңді. Халықтың рухы көтерілді. Халық күңіренісі – халық қуанышына айналды. Нұргүл орындаған күйден жеңіске жету жолындағы қазақтың осындай батырлық рухы шарықтайды. Үш ішектен шыққан «Қабанбай» атты күйдің ырғағы бірде шабысқа басып, бірде желдіртіп, енді бірде жорға ырғақтармен тек алға ұмтылып отырады. Нұргүлдің күйі желдірмелеп, үдей түседі. Күй ырғағына берілгені соншалықты, күйдің шырқау биігіндегі кульмина­циялық шегіне жеткенде қолын барынша сілтей, төс кеудесі созыңқылана, айна­ла­сындағы қазағына қара­ған­дай, қазағым, жеңдік, жеңіс­ке жеттік, дегендей мойнын соза қазақ даласына жар салғандай жүрдек күй ырға­ғымен жеңіс рухын жет­кізеді. Нұргүлдің өзі сол Қабанбай жорығының ішінде жүргендей-ақ, қазақ сарбазының сапында жаумен айқасқандай кейіпте, ат үстінде сауыт киген батыр қыздың бейнесіне еніп, жігерлендіргендей ұран шақырғандай әсер тудырады. Нұргүлдің күй тартысы шеберлік биігінен танылады. Өткір көзі көгілдір аспанда қалықтаған, қиядан шалғыш бүркіттей, айналасына алыстан барлап карайды. Алыстағыны шалып, көңілге түйіп әрекет жасайды. Сол әрекеті күй болып төгіліп, күй мазмұнын суреттеуде бірде баяулай, бірде шалқыта, бірде төгілте енді бірде лирикаға бой ұрып, махаббат дерті сезімімен, енді бірде күлімдеген күндей, сантүрлі ырғақты дыбыстармен домбырасын күмбірлете де, күңірентіп жеткізеді. Нұргүлдің бар бітімі күйге айналып, періште көңіл ақ бейнесі алдындағы тыңдаушыға жан жылуын сыйлайды. Құла­ғынның құрышын қандырып, жан сезіміңді тербетіп, ар­ман­дарға жетелейтін күйге тү­сіреді.
Нұргүл екі ішекті домбырада да күйлер орындайтын екінің бірі ретінде танылған талант иесі, болса үш ішекті домбыраны өз дәрежесінде орындаушы әзірше дара тұлға. Қазақ әйел затының үш ішекті домбырадағы алғашқы орындаушысы. Сондықтан қазақ музыка мәдениетінде Нұр­гүл шығармашылығы ерек­ше орын алады деп санаймын. Заманында Құрман­ғазыны көзі көріп, бата алған Дина Нұрпейісова анамыздай, Нұргүл де біртуар ақын, әнші һәм домбырашы Шәкір Әбеновтан бата алып үш ішектегі домбырашылық өнерді жалғастырушы. Атап айтар болсақ Шәкер Әбенов Тұңғыш Президентіміз Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаев инаугурациясында ақ батасын берген абыз. Абыз атаның Нұргүлге де ақ батасын беруі осы параллельмен салыстырғанда тегін емес. Алланың нұры жауып, ұзағынан сүйіндірсін дейміз.
Алдында атап өткеніміздей Нұргүл шығармашылығының екінші бір көрінген тұсы – оның ұстаздығы. Нұргүл балауса балалар мен жас жеткіншектерді домбырашылық өнерге тәрбиелейді. Дәл осы күндері Нұргүл Құрманғазы атындағы консерватория жанынан құрылған эксперименттік мектеп студиясында және Алматыдағы Глиер атындағы қалалық музыка мектебінде домбыра пәнінен дәріс беріп жүр. Бастауыш музыкалық білім беру саласындағы Нұр­гүл қызметін қатардағы ұстаз ретінде айта салуға болар еді, алайда оның ұстаз­дық жо­лындағы табыстарына, же­тістіктеріне қарап, еңбек­қор ұстаздығын атап өту қажет деп есептеймін. Нұргүл Алматы қалалық музыка мектептеріндегі ұстаздар арасынан озып шығып айтарлықтай та­быстарға жетті.
Сабақ беру кестесіне Нұргүл музыкалық білімнің әдістемелік жүйесін енгізді. Ол өзінің жасаған әдістемелік жүйесі бойынша, домбыра үйренемін деген оқушы әуелі домбыра құрылысын, неден, қалай жасалатындығын білуге тиісті екендігін үйретті. Атап айтқанда домбыраның шанағы, мойны, сағасы, беті, тиегі тәрізді атауларының түсінігін ойға қондыруды басты міндет ретінде ұсынды. Нұргүлдің әдістемелік оқыту жүйесінің ең басты ерек­ше­ліктердің бірі оның оқу бағдарламасында балаларды дом­быраға үйретумен шектеліп қалмайды. Домбырамен қатар қыл қобыз, сазсырнай, жетіген, шертер, шаңқобыз, асатаяқ және басқадай да қазақтың көне музыкалық аспаптарымен жақын таныстырады. Таныстырып қана қоймай Нұргүл көне аспаптарды орындауға үйретеді де. Қазақтың халық композиторлары туралы мәлімет беретін дәріс береді. Оқушы осыларды бойға сіңірген соң ғана үйренетін күйдің музыкалық астарын, түпкі мазмұнын тез қабылдайды. Нұргүлдің оқыту әдісі бойынша оқушы бала күй үйренуді бастамас бұрын әуелі осындай алғашқы қажетті біліммен қарулануы тиіс болады. Осыларды сабақ кестесіне енгізіп балалардың ой өрісін жетілдіріп, оның кеңеюіне жол ашады. Ал өнерге құштар оған алғаш талпынған оқушы осыдан кейін домбыра үйренуге, домбырашы болуға, ерекше талпыныс жасап, машықтана бастайды. Міне Нұргүлдің музыка мектебіндегі әдістемелік сабақ оқыту жүйесінің мәні осындай.
Нұргүлдің әдістемелік тәсі­лі Алматы қалалық музыка мек­тептеріндегі білім беру домбыраға үйрету барысында өз жемісін берді. Осының куәсі ретінде – Нұргүлдің жеке орындаудағы домбы­ра­шы, қыл қобызшы, жетігенші шәкірттері Алматы қа­ла­­лық, аймақтық, қала берді, рес­публикалық мектеп оқу­шы­лары арасындағы бай­қау­ларда Бас жүлдегерлер атануымен дәлелденеді.
Нұргүлдің оқыту тәжіри­бесінде басты жетістігінің бірі – ол ұйымдастырған «Ар­нау» фольклорлық ансамб­лі. Ансамбль мүшелері бірінші сыныптан тоғызыншы сы­ныпқа дейінгі аралықтағы Нұр­гүлдің шәкірттері. Нұргүл ансамбльдің алдыңғы қатар­дағы орта тұсына жетігендегі орындаушыны және қыл қобыздағы орындаушыны орналастырған. Ансамбльдің оң жақ және сол жақ қанат­тарында әрқайсысы бес оқушыдан домбырашылар ор­наластырылған. Ал ұрма­лы аспап саналатын дабыл, сылдырмақты асатаяқ және тілшелі шаңқобыз аспабы ансамбльдің екінші қатарының орта тұсында орналасқан. Ансамбльдің негізгі аспаптары домбыра. Ортадағы қыл қобыз бен жетіген созылмалы көне де көркем әуендерімен домбыра үнін әрлендіреді және айшықтайды. Екінші қатарда орналасқан шаңқобыз үні дала табиғатының көрінісін жеткізеді. Ал ұрмалы дабыл мен сылдырмақты асатаяқ күй ырғақтарын айшықтауда ерек­ше әсерлендіреді. Орындалатын күй тыңдаушы құла­ғына шалқып та, қалқып та естіледі. Міне, ансамбль үндестігін Нұргүл осындай ерекшеліктер арқылы жеткізе білген. Мұның өзі ансамбльде орындалатын күй­лердің көркемдігін арттыр­ған. Құлаққа естілу әсер­лілігін таба білген. Сөйтіп тыңдармандарға әуезді әуен естіртіп, көрермендерді риза етіп сүйсіндіре білген. Ел құлағына шалынған.
Нұргүл ұйымдастырған фольклорлық «Арнау» ансамблі, әндер мен күйлерден жақсы концерттік бағдарлама жасап, Алматы қалалық және республикалық орындаушылар конкурсына қатысып Бас жүлделерді бірнеше рет жеңіп алды. Тіпті 2010 жылы Болгарияда өткен Бүкілдүниежүзілік орындаушы балалар конкурсына да қатысып, Бас жүлдені жеңіп алып келді. Үстіміздегі 2011 жылы, жақында ғана маусым айында Түркияда өткен халықаралық байқауға қатысып, Нұргүлдің «Арнау» ұлттық-фольклорлық ансамблі әлем бойынша тағы да бірінші орынды иеленіп қайтты. Осы жетістіктің бәрі сөз жоқ ұстаздың оқушы ба­ла­лармен жұмыс жа­сау­дағы қажымай-талмай ет­кен еңбегі және балаларды музы­калық білімге тәрбие­леуд­егі уақыт талап етіп отырған инновациялық жаңашыл­дыққа сүйеніп дұрыс жолға қоя білгендігі арқасында еді. Рес­публика көлемінде көзге түскен Нұргүлдің музыкалық мектептегі әдістемелік оқу үлгісі, басқа мектептерге де үлгі-өнеге болуға ла­йық­ты. Нұргүл бойындағы үшінші қасиет – ел мұрасын сақтаудағы зерттеушілігі.
Нұргүл үш ішекті домбыра деген музыкалық аспаптың бар екенін айтып, қазақтың дәстүрлі музыкасының бір тармағы екенін танытып, күйлердің ноталарын жинап, топтастырып, зерттеп оқушы қауымға кітап ретінде ұсынып отыр. Басында атап өткенімдей бұл қазақ музыка мәдениетіндегі үш ішекті домбыраға арналған алғашқы, тұңғыш кітап болмақ. Сондықтан Нұргүл еңбегінің салмағы да, мәні де ерекше. Бүгінде Нұргүл үш ішекті домбыраға арналған күйлерді радио мен теледидар эфирлерінде орындап және баспасөз беттерінде жазып, жұртшылыққа ұсынып, оны ел игілігіне айналдыру жолында еңбек етуде.
Ал, үш ішекті домбырадағы күйлердің халыққа жетуі жайлы айтар болсақ, әуелі сөз жоқ осы жолдардың авторы орындаған күйлер аталады. Сондықтан да жылдар бойғы қажымай-талмай атқарған еңбегімді, осы орайда айта кетуді де жөн санадым.
Өткен ғасырдың 1960-70 жылдары ауыл ақсақал­дары­нан ес­тіген қысқа күй сарындарын жылдар бойы өңдей жүріп күйлерге айналдырдым. Нақтылай айтқанда жоқтан бар жасадым. Жаңғырттым. Қайтадан тірілттім. Құла­ғымда үйіріліп жүрген сарындарды мазмұнына сай кәдімгі күйге айналдырып, атауларын алғаш атап қойып едім. Нақтылай айтқанда үш ішекті домбыраға арналған халықтық сарындарды маз­мұнына сай, лайықтап өңдеп ендігі жерде күй формасына айналдырып «Ой толғауы», «Жорға аю», «Қыз мұңы», «Қабанбай» деп ат қойып халық назарына ұсындым. Нұрғалидың сарыны делінетін қысқа әуендік тактыдан тұратын сарынды Нұрғалидың «Көк қаршыға» күйі деп, оны да жылдар бойы орындай жүріп күй ретінде жетілдірдім. Осылайша халқыма жеткіздім. Бұл күйлерді орындап жүрген жас музыканттар осы күндері Жарқын өңдеп жеткізген күйлер деп айтып та жүр. Бұл менің «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын», деп Мұқағали Мақатаев айтқандай үш ішекті домбырада, өзім шығарған күйлерді халқыма қайтарғаным, халық игілігіне айналдырғаным болды. Кейінгі кездері үш ішекті домбырада орындаудың орындаушылық шеберлі­гін қажет ететін «Таскес­кен», «Дүние кезек», «Абы­ра­лыдағы ата зары», деген күйлерді шығардым. Мен шығарған күйлерді және мен өңдеген күйлердің бәрін де әйгілі шертерші, Құрманғазы атындағы дәстүрлі орындаушылар конкурсының лауреаты Айбол Құдайбергенов нотаға түсірді. Ол күйлер топтамасы Нұргүлдің кітабына енді.
Әрине ел ішінде менен де бұрын үш ішекті домбырада орындаушылар болды, оның ар жағында Абай, Шәкәрім, Шәкір Әбенов күйлері де бар. Алайда өткен ғасырдың 1968 жылдарынан бастап үш ішекті домбыра күйлерін дамыта бастағанымды ойласам, Қазақ радиосынан немесе теледидар экранынан менен бұрын күйлер орындап эфирден берген бірде-бір адам болған жоқ. Күйлерімді тыңдап қатарлас өскен 60-шы жылдардағы замандас буын өкілдері мен жайлы жақсы біледі. Үш ішекті домбырада күйлер орындағаным, алғаш насихаттағаным, елге танылғаным, жалпылай айт­қанда жаңғыртуға себепкер болғанымды, қазақ музыка мәдениетіне қосқан үлесім деп білемін. Бұл туралы ал­дында атап өткенімдей жарыққа шыққан «Қазақстан Ұлттық Энциклопедиясында» жазылған.
Үш ішекті домбыра ескінің сарқыншағы, бұл қазақтыкі емес деген сыни мағынадағы сөздерді талай естідім. Түрлі концерттерге қатысып, үш ішекті домбыраны елге танытуыма, оны ойнауыма ашық түрде кедергі келтірген­дер де болды. Алайда үш ішекті домбыраның асыл жәді­геріміз екенін, халқы­мыздың музыкалық мұрасы екенін танытуда, халқыма ұсынған күйлерім арқылы, 40 жыл бойы радиодан, теледидардан орындауыма, дәлелдеуіме тура келді. Осы еңбектің арқасында бұл аспапта орындалған шығар­маларды халық өте жылы қабылдайтын болды, сөйтіп қызғаныш туғы­зып, көре­ал­маушылыққа салын­ған­дардың кедергісін бұзып, дәлелдеп шықтым. Жас­тық­тың жалынымен бастап, алпыстың асуынан асқанға дейінгі аралықтағы өмірім­нің жемісі ретіндегі жетістік­терімді батыл айтып отырға­ным да сондықтан. Қазақтың үш ішекті домбырасының кеңінен қанат жаюына үлес қосқаным, жаңғыртқаным барша жұртқа аян.
Абай атамыздың «Май түні» және «Торжорға» деген күйін бізге жеткізген Ғайса Сармұрзин деген ақсақал болды. Ол кездері үш ішекті домбыра музыкалық ортада мүлдем аталынбайтын. Менің 1968 жылдан бастап үш ішекті домбыраны насихаттай бастағанымды Ғайса Сармұрзин естісе керек, ақ сақалды қария басымен мені іздеп келіп, әуелгі қуанышты жаңалығын маған жеткізді. Абай күйлерін орындаған адам екі ішекті домбырамен орындап қалдырған екен. Ғай­са ағаға екі ішекті дом­бы­радағы күйлерді нота­лық үлгіге түсіру атақты күйші, һәм зерттеуші Уәли Бекеновтың қолынан келетіндігін айтып, Уәли ағамызға жол сілтедім. Сонымен Уәли Бекенов ағамыз Абайдың екі күйін нотаға түсірген болатын. Ал Шәкәрімнің «Бозторғай» күйі болғандығы жөнінде ел ішінде нақтылы деректер бар. («Шәкәрім. Энциклопедия», Семей 2008 жыл, 176 бет).
Абайдың жоғарыда аталған «Май түні» және «Торжорға» күйлерін және сонымен қатар Шәкер Әбеновтың «Шың­ғыс­тау сағынышы», «Зар заман», «Сағыныш» күйлерін орындай отырып Нұргүл үш ішекті домбыраға өзі өңдеп жинағына енгізгелі отыр.
Шәкер атамыздың өмірінің айтарлықтай кезеңі жала жабу науқанымен тұспа-тұс келіп, түрмеде, абақтыда ­өт­кені белгілі. Нұргүлдің орын­дауында аталған үш күй, жазықсыз жапа шеккендегі Шәкер атаның күйініші, қайғы-шері, тар қапастағы қиналысы мен сағынышы мұңды әуендер сарыны арқы­лы өрбиді. Күйлердің мазмұны адам құлағын шымырлататын сазды үндермен, фәлсапалық терең ойларға жетелеумен айшықталады. Шәкердің ой түйіні шертпе қағыстар арқылы өрби отырып бірде намысының қор­­ланғаны, бірде құсаға булық­­қаны тәрізді сәттері сурет­теледі. Енді бірде Шың­­ғыс­таудың ызғарлы да алай-дүлей соққан дауылды бораны, түнерген дала көрі­ністері күйдің кульмина­циялық шырықтату шегінде, күй қағыстарын үдету арқылы суреттеледі. Қатыгездіктің құрбаны болған адам тағды­рының бостандыққа ұмтылуы, арманды аңсауы Нұргүл орындауында анық сезіледі. Осы күй сарындарын Нұргүл бір естігеннен ақ Шәкер атаға қайтадан орындап бергенде, абыз атаның сүйсінгені соншалықты, маңдайынан иіскеп, қолындағы домбырасын сыйлаған екен.
Нұргүл алдағы уақытта, болашақ шәкірттерге арнап үш ішекті домбырада ойнап үйренудің методикалық оқу құралы ретіндегі келесі кітабын да дайындау үстінде. Онда: үш ішекті домбырада орындаудың музыкалық ерекшеліктерін көрсетумен қатар методикалық оқу үлгісін және оң қол мен сол қолдың ойнау тәсілдерін, пернедегі саусақ қою ережелерін көрсетеді. Үш ішекті домбырада күй орындаушы қалай отыру керек, домбыраны қалай ұстау қажет екендігін де ашып көрсететін болады. Нұргүл дайындаған «Үш ішекті домбыраға арналған күйлер» жинағы – бұл қазақ музыка тарихындағы алғашқы тұң­ғыш еңбек, тұңғыш кітап еке­нін оқушы қауымға айтқым келеді. Нақтылай айтқан­­да үш ішектегі домбырада орындалатын күйлердің ноталық жинағын алғаш рет жарыққа шығару – дәстүрлі музыкамызға қосқан елеулі үлесі. Бұл жетістік қажымай-талмай жүріп ізденгендегі еңбегінің жемісі болмақ.
Нұргүлге домбыраны бір ғасырдың куәгері болған ақын Шәкер (Шәкір) Әбенов сыйлаған.
Бұл домбырада Ырғызбай, Құнанбай, Абай, Шәкәрім, Шәкер Әбенов заманының қасиетті көне үні бар. Сонысымен қасиетті. Шәкер ата Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа бата бергенде, сол тұста сондай батаны Шыңғыстау өңірінде жүрген қаршадай Нұргүл қыздың өнеріне сүйсініп, үлкен үміт күтіп, оған да бата берген ғой. Сондағы Шәкер атаның «Ұзағынан сүйіндірсін» деген ақ батасы Нұргүлге қонған секілді. Шәкерден бата алған ерекше шәкірті ретінде менің еңбегім де тарих қойнауында жоғалмаса болғаны.

Жарқын ШӘКӘРІМ,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері,
«Құрмет» орденінің иегері,
Қазақстан Жазушылары одағының мүшесі

Жауап қалдыру