Көңілімізді қуанышқа бөлейтін

0
239

Осыдан он жылдай бұрын Жаннат Дала­жан­қызы әулетімізге келін болып түскен еді. Өзі Шоқпар ауылында тұратын, белгілі, өне­ге­лі, сыйлы Изембаевтар әулетінен шыққан жан еді. Тағдырдың жазуына шара бар ма? Аяқ астынан ауыр сырқатқа ұшырап, көзді ашып-жұмғандай қысқа уақытта артында қал­ған жұртын еңіретіп пәни дүниеден озып кете барды. Әне-міне дегенше қырқы да келіп қалыпты. Жаннат келінім біздің бо­са­ғаға өзімен бірге иманнұрын ала келген аяу­лы жан еді. Өзі «Тұран-Әлем» банкінде жауап­ты маман екендігіне қарамастан бес уақыт нама­зын қаза етпей, Аллаға шынайы құлшылық етіп, адам­дар­ға адал да сапалы қызмет жасайтын. Алланың риза­шы­лығы үшін іс істеу оның сүйікті нәрсесі еді. Үнемі адамдардың алғысына бөленіп, үй-іші­не инабат шуағын шашып тұратын.
Жаңа түскен келіннің ізімен алдыңғы келіндерім де намазға жығылды. Өмірінің соңында, енесі, ме­нің жұбайым, марқұм Тұрсынкүлмен бірге умра қажылыққа да барып келді. Екеуінің арасында адам баласы қызығатындай өте жақсы, үлгілі қа­рым-қатынас орнады. Екеуі біз өскен ауылға жиі-жиі барып, демалып, ағайын-туыстарды қуа­ныш­қа бөлеп қайтатын.
Енді міне, тағдырдың жазуымен екеуі бір жер­ге, Суықтөбенің баурайындағы Қас­тек ауылының зиратына жер­ленді. Енді енесімен бір шар­бақ­тың ішінде жатыр. Бұл да көп келін­дер­ге бұйыра бермейтін бақыт деп ойлаймын. Келінімнің имани мі­не­зі, үлкен-кішіге ибалылығы, жана­шырлық пейілі бәрімізге қым­бат болатын. Артында әлі тілі де шықпаған бір жарым жаста немерем қалды. Қина­ламыз, қимаймыз. Тағдырға не шара?! Аз күн көңілімізді қуанышқа бөлеген келінім Жан­нат пен сүйікті жарым, балаларымның анасы, немере­лерімнің әжесі Әбілбекқызы Тұрсынкүл екеуінің жа­ны жәнатта болғай деп тілеймін!
Келінімнен қалған кішкентай немерем Амани мен әпкесі Әйгерімге, әкелері әрі ұлым Айдарға Ал­ла бақытты өмір бергей. Әмин!
Өмірхан ЖАҚЫПҰЛЫ,
Жамбыл ауданының құрметті азаматы,
зейнеткер

Жауап қалдыру