Ізгілікті пір тұтқан

0
133

Жер бетіндегі адамзат баласына тән тіршілік-тыныс бағзы замандардан бері тек қана пиғыл-ниеті таза, жан-дүниесі бай, кешірімді, кеңпейіл, қоғам, халық қамын жоғары қойып, ар-ұжданды кірлетпейтін, пенделік, ұсақтықтан биік тұратын, ізгілікті пір тұтатын адамдар арқылы алға басады, дамиды, түлейді, ұрпақ алмасуды жалғастырады. Бұл біз емес, қасиетті Құран-Кәрімнен бастау алып, арғы-бергіде өткен данышпан ғұламалардан қалған ой-түйін, ғибрат, өсиет десе де сыйымды сабақтастық. Және мұны екінің бірі тұшынып, сезінеді деу екіталай. Әйтпесе, ұлы Абай айтқан алауыздық, іштарлық, күншілдік, сараңдық, арамдық, қулық, пасықтықпен көсеге көгермесі анық. Прогреске жол ашық. Табиғи жаратылыс – жақсы жандар ешқашан көкірек қағып, өздерін дәріптемейді, көщге түсіп адыраң қаға қаперлеріне кірмейді. Қайда да құдайшылық сөздерін айтып, ақырын жүріп, анық басады, қолда барын бөлісіп, қайырымдылыққа құмбыл. Қашанда! Әрдайым!
Міне, ешкімге салмақ артпай, өзімен-өзі жүріп, бір ауыз ұлағатты сөз айтумен есте қалатын қарапайым, байсалды, кісілікті пенделерді біз де көргенбіз, білгенбіз. Ара-тұра ойлаймыз ғой, бойға дарыған аз-кем жақсы үлгілер болса, солардан ауысқан шығар-ау деп «әкеміз төрт жыл алғы шепте болған Отан соғысы кезінде алақандай колхозшы ауылда жасы асып кеткендіктен майданға бармай қалған төрт-бес шал болды. Шал дегенмен, кейін білгеніміздей, сол шақтарда олардың жасы елудің о жақ, бұ жағында екен. Жарықтықтардың бір-екеуінен өзгесі екі-үш жыл төңірегінде бақиға озып, бала-шағалары жетімдіктің зарын шегіп өсті. Ақ сақалы төсін жапқан Қасымбай бабамыз небәрі елу бес жасында өмірден өтіпті. Өз басым жүріс-тұрыс, жұртқа жасайтын жақсылықтарынан біраз үлгі-өнеге алған, түр-түсі еміс-еміс есте қалған Пірән, ұстарамен балалардың шашын алып беретін Құрал, пайғамбар жасында қаза болған Тұралы бабаларымды ұмытпаймын, үнемі жадымда жүреді. Одан да гөрі ұзақтау жасап, немере, шөбере көру бақыты бұйырған Сабыр бабам, әкемнің егіздің сыңарындай туған інісі Әтембай жәкем жөнінде де солай. Осылардай тумысы бөлек, дегдар жандар көрші колхоздарда да болатын. Біз тұратын «Ынталы» колхозымен іргелес «Коминтерн» колхоздарындағы – кейін өз әкеммен етене жақын дос, жолдас болған – Ақай Ештаев, Елемес Анарбай, өзге де ел азаматтары күні бүгінгідей есте. Бұлардың аттарын атап, еске алып отырғанымның себебі, төменде кеңірек әңгіме еткелі отырған бір ғазиз жан да осындай ортада өсіп, ізгілікке қанығып ержетіпті. Аты-жөні Төрежан Жүнісов, жасы кішілеу, менен соңғы туған ініммен аудан орталығы орта мектепте бір класта оқып, өле-өлгендерінше қимас дос болыпты. 1957 жылы Ташкентте пединститут бітіріп, бір жылдан соң қиял жетегінде Алматыға барып, біржола орнығып қалған мен оны жыға білмегенмен, ол мені жақсы біледі екен. Бұлар арадан жылдар өткенде мәлім болды.
Енді осыларға кеңірек тоқталайық. Қайталап айтайын, жаның жәннатта болғыр Төрежанмен өз басым жиі аралас-құралас болмасам да, сиректеу көрісіп-біліскеннің өзінде кім екенін қапысыз аңғарып, көзім жеткен-ді. Есесіне, екі бірдей туған інім, зейнеткер Шәкір мен профессор Чапайды бауырына тартып, риясыз сыйласқандарына куәмін. Рухы шат болсын.
Бұл ертеректе болған жай. Бір жолы Шымкентке жолым түсіп, сондағы жеке меншік заң институтында оқитын (марқұм) Мұсырман інімнің баласына тиын-тебен беріп кету үшін қанша іздесем де таба алмай, оқу орнының ректоры Нұрақметтің қабылдау бөлмесіне бардым. Ол орнында болмай, хатшы қыз сағат екіде келеді деген соң, сыртқа шығып күтіп тұрдым. Айтылған мезгілде Нұрақметке жолығып, мән-жайды айта бастағанымда анадай жерден киімі олпы-солпылау, аса қарапайым (маған солай көрінді) әлдекім бізге қарай елпең қаға жақындай берді. Мен де, (марқұм) Нұрақмет те асығыс болғандықтан, қасымызға тақала берген әлгі адамға: «Әй, жігіт, сәл сабыр ет, менің бір-екі ауыз сөзім бар еді», – дегеніме орай Нұрақмет: «Зәке, бұл сізге амандасуға келе жатыр ғой», – деді.
Бейтаныс жігіт те әй-шәйға қарамай жетіп келіп, атымды атап, «біліп тұрмын, мені таныған жоқсыз» деп, аман-саулық сұраса бастады. «Атым Төрежан, фамилиям Жүнісов, есіңізде бар ма, жоқ па, мен «Жетітөбе» колхозынанмын ғой. «Жетітөбені» білетін шығарсыз.
– Білемін, білгенде қандай. Біздің ауылдан төрт-бес шақырым жерде еді ғой, – дедім.
Шыны да солар-тын. Жетіжылдық мектепте сол ауылдың бірақ балаларымен бірге оқығанбыз. Төрежанға соны айттым.
– Олай болса, қайсыбір жылы Алматыға барғанда сіздің қызмет орныңызға әдейілеп барып сәлем бергенмін. Сіз үйіңізге шақырып, бір күн қонып шыққанмын. Ұмытқаныңыз көрініп тұр. Ештеңе емес.
Қолма-қол кешірім сұрадым… «Білмеймін, асығыстау болған соң…» деп.
– Ештеңе етпейді. Енді кезек біздікі. Бүгін үйде қонақ болыңыз.
Жаны жарқын, мінезі ашық. Сөзіне әзіл-қалжың араластырып сөйлейді екен.
– Алматыда жүре бересіз бе? Елге жақындамайсыз ба?
– Тұра тұр. «Жетітөбеде» кімнің баласысың? Ағайындарың кім? Бәлкім, мен білетіндер бар шығар.
– Олар туралы үйіңізде болғанда айтып ем ғой. Біз сол колхоздағы жалғыз үй қожа едік деп… Е…е… оқасы жоқ, қайтып көріспегелі көп болды ғой. Қазір шымкенттікпіз. Мақтанды демеңіз, құдайдың қалауы шығар, осындағы екі институт, бір университеттің қожасымыз. Мынау Нұрақмет Ташкендегі ініңіз Чапайдың Мәскеуде бірге оқыған досы ғой. Қазір менің қарауымдағы Заң институтында ректор. Ал, не тұрыс, кеттік үйге. Қалған шаруаңыз біте жатады.
– Жо-жоқ, – дедім үш сағаттан соң самолетке шығатын билетті көрсетіп. Жанымда мені жеңіл машинасымен алып жүрген облыстық мекемелердің бірінің бастығы Артықбаев бар еді, «бұл кісіні бізде қалдыра алмай тұрмыз» деп менің сөзімді ол да қостай сөйледі.
– Қап, болмады, – деді Төрежан өзіміз өскен ауыл мақамына салып. – Несі бар, билетті өткізе салыңыз, ертеңге басқасын аламыз.
Мен бүгін кетпесем болмайтынын айтты.
– Қап, деді Төрежан тағы да. – Онда әлгі сөзім – сөз. Шымкентке көшіп келіңіз. Үш бөлмелі үй менен кілтін бірден қолыңызға ұстатамын. Қалай, келістік пе?
– Үйренген жер ғой. Әзірге ондай ой жоқ. Ниетіңе рахмет, – дедім.
Ал, оның ниет-пейілі әзіл-қалжыңнан ада, адал көңілден айтылған бүкпе-бүрмесіз шынайы, таза еді. Ол алақандағыдай көрініп тұрды.
Алматыға келгенде үйде бір күн жатып, қонақ болғаны мүлде есімде жоқ. Төрежанмен екінші рет жүздесіп, арқа-жарқа әңгімелескен шақ еді. Жақсы кез еді.
– Бағана біздің президент беремін деген үш бөлмелі үйден бекер бас тарттыңыз. Кейін көре жатар едіңіз ғой, мақұл дей салмадыңыз ба? – деді сол күні мені аэропорттан шығарып салуға келген Нұрақмет пен Артықбаев інілерім.
– Ондай нәрсе қанда жоқ қой,– дедім.
Осыдан соң онсыз да сирек келетін Шымкентке жол түскендер Төрежанмен бірде көрісіп, бірде көрісе алмай, уақыт өте береді. Арадан жылдар өткенде Тәшкеннен Шымкентке қоныс аударған Чапай інім бір-екі рет ертіп барып, аз-кем әңгіме-дүкен құрған кездеріміз болды. Чапай Төрежанның қарауындағы жоғарғы оқу орнында әлі күнге шекті дәріс береді. Зейнетке шыққан соң ол да Тәшкеннен келіп Шымкентке тұрған Шәкір інім де Төрежанның қарамағында біраз жыл жұмыс істеп, нәпақа айырып жүрді.
Чапайдың демеуімен Төрежанның үйіндегі келіннің жазған мақалаларының журналда жарық көруіне сеп жасадым. Әйелі қайтыс болғанда барып көңіл айт­тым. Шәкір інім қайтыс болғанда ол да қырқы, жылдық асында бірде болдық. Қайран есіл ер Төрежанмен аралас-құраластығымыздың кей парасы осылар іспеттес. Кейін көрісудің сәті түспеді. Қайтыс болғанын естігенде өзекті өкініш өртеді…
Жаның пейіште болсын, бауырым!

Зәкір АСАБАЕВ,
жазушы

Жауап қалдыру