Ислам Қабышұлы

0
46

Түркітану және моң­ғол­тану ғылымының көр­некті өкілі, Моңғолия Ұлттық Ғылым акаде­миясының академигі, тарих ғылым­дарының докторы, профессор, жазушы, шежіреші Ислам Қабышұлы 78 жасында өмір­ден озды.
Ислам Қабышұлы 1940 жылы Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында дүниеге келген. Үйде үш баланың ортаншысы болған. Жасынан зерек, білімге құштар­лығымен көзге түсті.
Әдебиетке құмартып өскен Ислам Қабышұлының шығармалары 12 жасынан газет-журнал беттерінде жариялана бастады. Ғы­лым жолына келуіне Уланбатор университетінің журна­листика факультетін бітірерде өзінің диплом­дық жұмысы үлкен әсер еткен. Дипломдық жұмысының тақырыбы – «Құпия шежіренің құпия сырларынан» деп аталады. Оқу бітірген соң Моңғолияның сол кездегі билеуші партиясының тапсырмасымен «Үнэн» (Ақиқат) газетіне қызметке тағайындалды.
Ғылыммен дендеп айналысуына Әлкей Марғұлан­ның ықпалы зор болды. 1973 жылы әйгілі ғалым Моңғолияға келген сапарында өзімен сапарлас жүрген жас ғалым, журналист Ислам Қабышұлының ізденгіштігіне риза болып ақ батасын береді.
Ислам Қабышұлы Мәс­кеу­де аспиратура бітіріп ғылым кандидаты атағын қорғаған соң, Моңғолия Ғылым Академиясының «Қазақ-Түркі зерттеу орта­лы­ғының» іргетасын қала­ды. Қазақстан тәуел­сіздігін зор қуанышпен қарсы алған ол Түркітану ғы­лымы жолында зерделі еңбектер жазды. Тұңғыш рет Моңғолиядағы түркі ескерт­кіштеріне күр­делі жөндеу жұмыстарын жүр­гізу, оларға баратын жол салу мәселелерін кө­тер­ді. Түркия үкіметінің Сырт­қы Істер министрлігіне қарасты «Тика» ұйымы арқылы Орхон ескерт­кіштер кесенесін қал­пына келтіруге қаражат мәсе­лесін шешуге ықпал етті.
Ғалым өз еңбектері арқылы әлемге белгілі 6 жазу-сызу әліпбиіне талдау жасай отырып, 1400 жылдың алдында тұрандықтардың өз әліпбиі болғанын дәлелдейді. Ол жазу-сызуды Орхон жазуларымен байланыстырады. Тоныкөк, Күлтегін, Білге қаған ескерткіштеріндегі тасқа жазылған бітік жазудың қыр-сырына тоқталады. Орхон ескерткіштерін ЮНЕСКО-ның қолдауымен ғылы­ми айналысқа енгізуге атсалысады. 1997 жылы Күлтегіннің ескерткішін Жапонияның Осака қаласында сканермен қалыпқа келтіріп, оның көшірмесін Қазақстан үкіметінің қолдауымен Астана төріне, Еуразия ұлттық университетіне апарып қойдыртуға түрткі болады.
Ислам Қабышұлы – «Моңғолдың құпия шежіресін» қазақ тіліне аударып, оны түркі шежірелерімен салыстыра отырып 50 жыл бойы зерттеді. «Қазақ қауымы», «Моңғолия қазақтарының тарихы», «Керейлер керуені» тарихи зерттеулері, «Ұрпағың үзілмесін» роман-трилогиясының «Тұран әлемі. Түркі-моңғол халықтарының тарихы» және көптеген әдеби еңбектердің авторы.
Ислам Қабышұлы түркітектес 230 миллион халықтың соңғы 2200 жылдағы тарихын саралап, «Тұран әлемі» атты еңбек жазған. Осы еңбегі үшін оған «Әлем тарихшысы» атағы берілген және оның «Моңғолия ғылымына еңбек сіңірген қайраткер» атағы берілді. Ислам Қабышұлы артында мол мұра, ондаған шәкірттер қалдырған көрнекті ғалым болды. Бүкіл өмірін түркі жұртының игілігін зерттеуге, ондағы қазақ халқының үлесін айқындауға арнаған ғалым қазақ халқының жүрегінен лайықты орын алды. Марқұмның топырағы торқа, иманы саламат болсын!
«Prezident & Halyq» газетінің редакциясы.

Жауап қалдыру