Есімдесің, Кенжешім!

0
119

Асыл жарым Кенжештің пәни дүниеден бақи дүниеге өткеніне де бір жылдың жүзі болыпты. Алайда әлі күнге  есімді жия алмай, түс көргендей болып жүрмін. 52 жыл отасқан, бір жастықты жастанып, махаббатқа бөленген асыл жарыңнан айырылу қандай ауыр десеңізші. Кенжешімнің қазасы ешуақытта орны толмайтын, мен үшін мәңгі ұмытылмас аса ауыр қайғы. Қайтейін, тағдырдың жазуына шара бар ма?!
Кенжешім Ресейдің Кемерово өлкесінің қызы еді. Семейде ағайындарының қолында тұрып, жұмыс жасап жүргенінде танысып, бір-бірімізді сүйіп қосылдық. Бұл 1965 жыл еді. Тоқсандағы әжем, алпыстан асқан анам, екі інім бәріміз «полуторка» деп аталатын аядай үйде тату-тәтті тұрдық. Тұрмыс жағдайының қиындығынан  6 сыныптық қана білімі болған Кенжешім өзі талаптанып, аяғының ауырлығына, нан зауытында жұмыста жүргеніне қарамастан кешкі мектепке барып, оны сәтті тәмәмдады. Одан кейін Семейдің қаржы техникумын бітіріп, мамандық алды. Алматы қалалық оқу басқармасында ревизор, Мәскеу ауданында бюджет инспекторы болып еңбек етті. Арасында Алматы халық шаруашылығы институтына түсіп, бітіріп шықты. Қызметті адал, таза істегенінің арқасында Совет аудандық қаржы бөлімінде бас бухгалтер, басшының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды.
Зейнеткерлікке 4 жыл қалғанда отбасымызбен кеңесіп, Кенжешім немерелеріміздің тәрбиесіне көңіл бөлу үшін қызметін доғарды. Бүгінде немерелеріміз ержетіп, тамаша тәрбие алып, жоғары оқу орындарын бітіріп, өмірдің әр саласында қызмет атқарып жүр.
Кенжешім – бақытым еді. Соңғы 20 жылда мен кітап жазумен шұғылданғалы бері Мәскеу, Санкт-Петербург, Омбы, Новосибирск, Семей тағы басқа қалалардың архивтерінде, кітапханаларында  10 жылдан артық өмірім өтті. Ол қалаларда бірнеше айлап, ал Мәскеуде бір жылдан артық жүрдім. Қаншама қаржы жұмсалды. Балаларымның 70, 75 жылдық мерейтойыма деп жинап берген қаржысын той жасамай архивтерге жұмсадым. Осы кездерде Кенжешім бір рет те қабақ шытқан емес. Керісінше «Бөке, сен халық үшін қызмет етудесің. Алла қолдасын. Бізге алаңдама. Баратын жерлеріңе тоқтаусыз жүре бер. Табыс тілеймін!» деп шын ниетімен менің тілеуімді тілеп отырушы еді. Кенжешімнің арқасында 28 том тарихи кітапты Новосібірдің баспаханасында бастырып халқыма тарту еттім.
Кенжешімнен айырылғалы іші бауырым езіледі, жүрегім сыздайды. Асыл жарымды сағынамын. Сендей жар сүю әр азаматтың бақыты ғой. Бейіт басына барып, құран оқытып, тілек тілегеннен басқа қолымнан ештеңе келмейді. Тағдырдың жазғанына көнеміз де. Қош бол, сүйікті жарым! Балаларың, немерелерің сені мәңгілік жүректерінде сақтайды!

Жан жары
Болатбек НӘСЕНОВ.

Жауап қалдыру