Едіге САПАЕВ

0
138

Композитор Сейдолла Бәй­терековтың «Жан досым» деген әнін кім білмейді. Бұл әннің сөзін жазған ақын Тұманбай Молдағалиев болатын. Тұманбай ақын бұл жырды өзінің бала күннен бері бірге келе жатқан жан досы Едіге Сапаевқа арнап жазған. Әрі ақынның тек осы Едіге досына арнап жазған жырларының өзі 100-ден асып кетеді екен. Тұмағаң дүниеден өткелі де жеті жылдың жүзі болды.
Ал үстіміздегі жылғы 8 қазан күні Тұмағаңның жан досы, ұзақ жылдар білім беру саласында жемісті қыз­мет еткен Едіге Баял­байұлы Сапаев та 85-ке қараған шағында пәни дүниеден ба­қи дүниеге аттанды.
Едіге Баялбайұлы 1934 жы­лы Алматы облысы Еңбек­шіқазақ ауданы Жаңа­тұрмыс ауылында дүниеге келген. Есікті қаласындағы қазақ орта мектебінде оқы­ды, Тұманбай екеуінің дос­тығы да осы мектепте басталған. Мектеп бітірген соң екеуі де ҚазМУ-дің филология факультетіне түсіп, бірге бітіріп шықты.
Едіге Баялбайұлы бұрын­ғы Шелек ауданы өңірінде Милянфан жетіжылдық мек­тебінде, Малыбай, Жа­ңа­­шар, Тескенсу ауыл­дық мектеп­терінде мұға­лім болды. Қаратұрық мек­­теп-интер­натында, Ащы­бұ­лақ орта мектебінде, «Қа­зақ­стан» ауылындағы Ке­ңес Одағының Батыры Ж.Қайыпов атындағы орта мек­тепте басшылық қыз­мет­тер атқарды. Ұзын-ырға­сы 21 жылы мектеп дирек­торы лауазымында болды.
Білім саласына сіңірген еңбегі үшін «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қыз­меткері» атанды. Облыс­тық, аудандық деңгейде көп­теген құрмет грамоталарын алды. 2002 жылы «Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы» атағына ие болды.
Бүкіл өмірін ұрпақ тәр­бие­сіне арнаған педагог жүз­деген шәкірттерін үлкен өмір­ге қанаттандырды. Жан жары Әнипаш екеуі се­гіз перзент тәрбиелеп өсір­ді. Бәрі де бүгінде бір-бір шаңырақтың иесі. Тұ­ман­­бай­мен алпыс жыл дос­­тығы аңызға айналған, еліне қалтқысыз қызмет еткен Едіге аға артында елеулі өнегесін қалдырды. Мар­­құмның иманы саламат болсын! Пейіште нұры шалқысын!

«Prezident & Halyq»
газетінің редакциясы.

Жауап қалдыру