Дала академигі

0
211

Атақты Шопан ата, Еңбек Ері, қажымас күрескер, батагөй ақсақал Жолсейіт Молдасанов – өмірде сирек кездесетін, қайталанбайтын тұлғалардың бірі еді. Оның 1941-1942 соғыс жылдары анасымен бірге 13 жасында шопан таяғын ұстап, қиыншылық атаулыны алғырлықпен, табандылықпен жеңуі, жүрген жерінде жұртты күлдіріп, көңілдендіретін әдемі әзіл-қалжыңға ұсталығы, жомарттығы, өмірге құштарлығы, еңбексүйгіштігі жастарымызға мәңгі өнеге. Жөкеңнің өмірден озғанына жақында жыл толмақ. Дала академигі атанған алып тұлғаның ішкі жан дүниесі, рухани әлемі мейлінше бай, терең. Оны төменде жарияланып отырған материалдан әр оқырман ерекше сезінері анық.
Ұзын бойлы, кең жауырынды, ер мұрынды Жолсейіт ағаны алғаш көрген сәтте жасы әлі алпыстың ар жақ, бер жағында шығар деп ойлағанмын. Өйткені өңі жас, сөзі шымыр. Бақсам, Жөкең жетпісті желкелеп үлгеріпті. Жасының ұлғай­ғанына қарамастан, бұл­шық еті допша ойнаған ноянның өзін жер жастандырар алып күш­тің иесі екенін мойындап, баяғының жауға жалғыз шап­қан батырларын еріксіз еске алғаным бар. Тілдесе келе ұқ­қаным – елдің, жердің сырын көп білетін ойлы азамат­тары­мыздың бірі екен. Оған іштей сүйсіне қуандым.
– Кезінде арғы атам би болған. Егер менің талайыма сұм соғыс килікпегенде, жоғары оқу орнында оқып, жоғары білімді азамат атанар едім, – деп өткен өмір жолынан сөз қозғағанда:
– Шопан таяғын ұстаға­ны­ңызға өкінесіз бе? – деп едім:
– Жоқ, өкінбеймін, қайта қуанам. Қуанатын себебім – Ең­бек Ері атанып, елімнің сүйікті перзенттерінің біріне айналдым, – деп жадырай күлді.
– Сіздің жеңісіңіз – миллион­ның бірі жете алмайтын жеңіс, – дедім мен ол кісіні қанаттандыра түскім келіп.
Таудың саумал қымызын ішіп, біраз шөл басқан соң, Жолсейіт аға екеуіміз еркін сырластық.
Соғыс өрті әлемді шарпып тұрған шақта Бағашар ағам майданға аттанып, 1943 жылы Сталинград түбінде қаза болды деген қарақағаз алдық. Кәрі кісі естісе мүжіліп кетеді ғой деп, ағамыздың өлімін анамызға айтпай, жасырдық (ол кісі «үй­ден кебенек киіп кетіп еді, тірі жүр» деген үмітпен өмірден өтті).
Ауылымызда өңкей кәрі шал­дар, соғыстан келген бірен-саран аяғы ақсақ, қолы шолақ кісілер. Жұмыскер жетіспейді. Денем ірі болса керек, көктемде бригадир мені алып барып, трактормен айдаған жерге тұқым септіреді. Мойнымызға дор­бамен 25-30 келідей астықты іліп алып, дәнді қолмен себеміз. Бұғанасы қатпаған баламыз. Дән сеуіп жүргенде ізімізден бригадир, не есепші қалмайтын.
– Соғыс жүріп жатыр. «Біл­сеңдер, әр дән – жауға қарсы атыл­ған оқ. Сен мына жерге қалың сеуіп, мына жерге сеппей кетіпсің. Сен жауға болысып жүрсің», – деп қамшымен жонар­қам­нан тартып жібереді.
Дауыстай күлді.
– Олардың онысы – ақыл. Бұрын дән сеуіп көрмеген біз 2-3 күнде-ақ қалай қимылдау керегін үйреніп, дәнді жақсы себетін болдық.
Егін егіп біткен соң, қайтадан қой бақтым. 1943 жылдың қаң­тар айының аяқ шені. Ота­рымды Торайғыр тауына қарай айдап келе жатырмын. Қыстауға екі қонып, үш қонып жетеміз. Кішкентай үйіміз – жаппамыз бар. Оны шешем екі өгізге артып алып, кетіп қалды. Мен малдың соңындамын. Көмектесер адам жоқ.
Көртоғайдан өтіп, Торайғыр тауына жақындағанымда алай-дүлей боран басталды. Жел біресе жемтік іздеген аш қас­қыр­дай ұлиды, біресе соғыс­қа кет­к­ен баласын ойлап өкінген анам­дай аһ ұрып, күрсінеді.
– Күн де суық шығар?
– Аяз бет қариды. Қарлы боран, ұйытқи соққан желдің ек­піні тас ұшырады. Үстімде ше­шем­нің қойдың терісінен тігіп берген тоным бар. Кеудеме то­қыма жейде, бұтыма тоқыма шалбар кигем. Оны да анам өзі тоқыған. Серігім – есегім. Ол қараңғы түнде тасырқап, жүрмей қойды. Күні бойы аяғым талып, әбден болдырып, шаршағам. Есегімнің ығына жата қалсам, ұйықтап кетіппін.
Арс еткен дауыстан шошып оянсам, алдымда қой жоқ. Есегім байлаулы жатыр. Қар қиғаш­тап жауып тұр. Қасқыр бір қойымның мойнын бұрап өл­тіріпті. Менің келе жатқа­нымды сезіп қалса керек, жем­тігін тастай қашыпты.
Ары жүгіріп, бері жүгіріп, әбден сілем қатты. Қойдың ізі қалай қарай кетті екен деген ой басыма сап ете қалды. Жерге үңіліп, байқасам, бір өзекпен жоғары өрлеген отардың ізі жатыр. Оны қарлы боран ба­сып, білдіртпеуге айналған. Бар пәрменіммен өзек бойлап жүгірдім. Қой екі шақырымдай алысқа ығып кетіпті. Әупілдеп үргенде ғана білдім, қасымдағы ит отармен бірге кеткен екен. Сол итімнің үрген жағына қарай жүгіре бердім. Қарлы бораннан қарыс жер көрінбейді.
– Айт, айт! – деп айқайлап жүгірген бойда қасқыр тартқан қойды ойлап, «ойбай, отарымды қасқыр қырып кеткен екен ғой», деп есім шықты.
Итімнің дауысы естілгенмен, өзі жоқ. Сөйтсем, ол ары қарай тағы 200-300 метр ұзап, қойдың соңында кетіп бара жатыпты. Ол үрген жаққа тағы жан ұшыра жүгіріп барып, айқайладым. Менің дауысым шықса, ит үреді, дауысым шықпаса, үрмейді.
– Ақтабан! Ақтабан! – деймін. Итімнің атын Ақтабан деп анам қойған еді. Барсам, отарым аман. Қасқыр иттен, әлде менен қаймықты ма, кім білсін, зытып кетіпті.
Отарды кері айдап, есегімнің қасына қайтып келсем, жаралы қойымның мойыны бұралып, ішегі шұбатылып жатыр. Өзі біраз жерге қашып барып құ­лапты.
– Есегіңізді қайттіңіз?
– Есегім байлаған жерімде тұр. Қасқыр қойдан бұрын есекті «кәмпитім» деп жейді екен. Қасында мен жатқандықтан, оған жоламаса керек. Жыртқыш адамның иісін алыстан сезіп, қауіптенетін көрінеді.
Таң атқанша ұйықтамай, ота­рым­ды шыр айнала қайырып жүріп, таң атқанда қыстауға айдап келдім. Түнгі оқиғаны ана­ма айтып едім:
– Ой, қарағым, тез оянғаның оң болған. Әйтпесе қасқыр отарыңды қырып кетер еді. Бір қой – бастан құлақ садаға, – деп қуанды.
– Ол қойды қайттіңіз?
– Далаға тастап кеттім. Оны есекке қалай артам? Сол түні қасқыр көрші ауылдың қойын қырып кетті. Мұндай оқиға шо­пандық өмірімде көп кез­десті.
Торайғыр тауында Жылы­сай ауылының Әлікен деген шопанымен қатар қыстай­тын­быз. Оны ауылдастары Бас­кесер дейтін. Ол анда-санда арақ­қа то­йып алғанда, қасын­дағы­лар­ға:
– Басыңды кесіп алам, – дейді екен. Әйел адамдар, жеңгелер, келіндер неше түрлі атты ойлап таба қояды ғой. Солар оны Баскесер атандырып жіберген. Ой, Баскесер келе жатыр деп, жеңгелері алыстан көріп, кү­летін көрінеді. Сол кісінің малы далада бөлініп қалған ба, әлде өзі бұта түбінде қалғып кеткен бе, 30-40 тоқтысын қасқыр қырған. Содан ол, амал жоқ, жан-жағындағы малшыларды шақырып, көмек сұрады. Оған екіден, үштен тоқтымызды бе­ріп, көмектестік.
– Әйелдер туралы ойыңыз қандай?
– Бізде дана, ақылды әйелдер көп. «Алып анадан туады» деп бекер айтылмаса керек. Ба­ланың тәрбиесі, негізінен, анадан ғой. Әке жұмысбасты боп көбіне сыртта жүреді. Бір мысал. Қасында 15-20 адам бар, Төле би ел аралап келе жатса, алыстан бір топ қыз-келіншек жүрмей, ошарылып тұрып қа­лыпты. Алдарынан өтіп барып, Төле би бұрылады да, қыз-келін­шектерге жақындап, сәлем береді.
– Оу, балаларым, сіздер біздің алдымыздан әлдеқашан өтіп кететін едіңіздер. Бізді алыстан көріп, өтпей тұрдыңыздар. Неге бұлай еттіңіздер? Сіздерді кім кідіртті? – деп сұрайды. Топтан біреуі сәл озыңқырап шығып:
– Үйімізге ертерек жетейік, алыстағы адамдарды күтіп қай­теміз деген бізге: «Тоқ­таңдар! Алдымен ана келе жат­қан үлкен кісілер өтіп кетсін», – деп бізді тежеген – мына қыз, – дейді шеткерілеу тұрған сұлу бойжеткенді көрсетіп.
– Атың кім, қарағым?
– Данагүл.
– Қайсы ауылдың баласысың?
– Сиқым ауылының баласымын.
– Әкеңнің аты кім?
– Алакөз.
– Біздің алдымыздан неге өтпедіңіздер?
– Әке-шешеміз үлкен ер кісі­лердің алдынан әйел адам кес-кестеп өтпейді дейтін. Біз, мы­на қыздар сіздерді алыс­тан кө­ріп, күтіп тұрдық. Құрбы­ларым­ды мен тоқтаттым, – дей­ді.
– Не деген ақылды! Сонау жақтан бізді көріп, қасындағы қыздарды өткізбей тұрған не деген ибалы қыз! – деп Төле би үйленбеген ұлына сол Данагүлді құда түсіп, әперіпті. Кейін құм­ның арасында 40 ұрының қолына тұтқын болғанда өзінің Төле би екенін айтпай:
– Менің атым – Тосқауыл, дү­ние-мүлкім көп. Еркіме жі­бер­сеңдер, бәріңді риза ете­мін, – дейді.
– Жо-жоқ, сен бізді алдай алмайсың. Байлығыңның бар-жоғын алдын ала білуіміз керек, – деп ұрының бастығы Төле бидің ауылына біраз адамын жібереді.
– Данагүл деген келінім бар. Соған жолығып, мән-жайды тү­сіндіріп айтыңдар. Ол менің жолыма байлықты аямайды, айт­қа­нымды береді, – дейді Төле би.
Бір топ ұры барып:
– Тосқауыл байдың Данагүл деген келінінің үйі қайсы? – деп сұрап жүріп, Данагүлді табады.
– Тосқауыл бай беріп жіберген қағазды Данагүл алып оқыса: «40 құнанды, 8 ақ бас атанды, 20 буыршынды, босағадағы алтынымды түгел берсін», – деген жазу бар екен. Хаттың астарын жұрт түсінбей, әртүрлі жорамал айтады. Данагүл: «Атам 40 қарақшының қолына түсіпті. 40 құнан берсін дегені – 40 мықты жігіт жіберсін дегені. 20 буыршын берсін дегені – 20 палуан берсін дегені, 8 ақ бас атан берсін дегені – 8 ақсақал берсін дегені. Оң босағадағы алтыны мен едім», – деп Данагүл кел­ген қарақшыларға көп дү­ние беріп, жігіттерін ізінен білдірмей ілестіріп, Төле биді құтқарып ап, малының бәрін қайта айдап әкеліпті. Төле би 40 қарақшының бұдан былай ұрлық істемеуге берген уәдесін алып, бәрін үйлендіріп, жұрт қатарына қосқан деген сөз бар.
Кітапты көп оқисыз-ау дей­мін.
– Көп оқимын. Қайсыбір таныс кісілердің кітабын оқып, таңғаламын. Шығарма өзегіне жиналыстарда жасаған баяндамасын тықпаштап, түрлі бас­қосуларда кімдердің болған-бол­мағанын түгендегеннен оқыр­манға келер пайда бар ма? Жазған соң, жұртқа ой салатын, жан дүниесін байытып, рухын өсіретін, өнеге болатын мәнді оқиғаларды жазбай ма? – деген сөзінің өзінен-ақ Жөкең­нің өзгеге де, өзіне де сын көзі­мен қарай білетін, сезімтал, бай­қам­паз жан екенін аңғарған едім.
– Сізбен тілдесіп, ашылып сөйлесіп отырғаным бірінші рет. Сөзіме мән бергеніңізге рақ­мет. Сабыр сақтап тыңдап, сөй­лескен адамыңыздың ішкі әлемін барлауда Баукең, Бауыр­жан Момышұлы ағамыз­дан бастап, үлкен тәжі­рибе мектебінен өтіп келе жатқа­ныңыз байқалады. Маған көңіл бөліп, сұрақтарыңызды беріп, іштегі шерімді тарқата алға­ныңызға айтар алғысым көп.

Мамытбек Қалдыбай, жазушы.

Жауап қалдыру