Бекмұханбет Нұрмұханбетұлы

0
27

12-маусым күні белгі­лі ға­лым, «Алтын адам» жә­ді­герін табушы археолог Бекен Нұр­мұханбетұлы 81 жасында өмір­ден озды.
Бекмұханбет Нұрмұ­хан­бет­ұлы 1935 жылы Алматы об­лысы Ақсу ауданының Еңбек ауылында дүниеге келген.
1962 жылы ҚазМУ-ды бітірген. 1962 – 93 жылдары Қазақ КСР ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтында лаборант, аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі болды.
Жетісу жерінен табылып, бүкіл әлемге Қазақ елінің тари­хи төлқұжаты болып та­ныл­ған, көне сақ мәдениетінің баға жетпес асыл қазынасы – «Алтын адам» жәдігері адам­зат тарихын алтын зермен бе­дерлегені ақиқат. 1969 жы­лы Бекен Нұрмұханбетұлы археология ғылымына өзін­дік із қалдырған көрнекті ғалым К.Ақышев бастаған зерттеу тобының сапында әлемге «Ал­тын адам» атауы­мен мағ­лұм болған сақ жауын­гері­­нің оба­сын тапты.
1993 – 98 жылдары Алматы облысы Есік қаласында ашылған облыстық өлкетану мұражайының директоры, 1998 жылдан Қазақ Ұлттық ғылым академиясының Ә.Мар­­ғұлан атындағы Архео­ло­гиялық институтында ғы­лыми кеңесші, осындағы ар­хео­логиялық мұражай­дың қор сақтаушысы. Ол Қазақ­стан аумағында академик Ә.Мар­ғұлан мен К.Ақы­шев бас­қарған ғылыми экспе­ди­ция­ларға қатысты. Кейін Же­тісу археологиялық экспе­диция­сын басқарды.
Зерттеушілік жолы қола дә­уі­рінен (б.з.б. 14-ғ.) орта­ға­сырлық (б.з. 10-12-ғ-лар) ке­зең­дерге де­йінгі ара­лықты қам­тиды. Қаң­лы за­манын (б.з. 2 – 4-ғ-лар), көне түркі дәуірін (б.з. 4 – 8-ғ-лар) тұрақты зерт­теді. Атап айтқанда, Оты­рар өңі­рінің Көкмардан, Күйік­мар­дан қа­ла­ларының жұрт­тарын­да­ғы зираттарға, Арыс өз. бо­йын­дағы Бөріжар, Қара­ас­пан, Бөген обаларында қаз­ба жұмыстарын жүргізді. Көне мұраларды қорғау және пайдалану жұмыстарын жолға қою мақсатында 1980 жылы жедел көмек тобын құрды. Бұл шағын топ кейін Қазақстан аумағын түгел қамтып, сақ қорғандары Шұбарт, Молалы, Қырғауылды, Боралдай, Есік, Түрген обаларын қамқор­лыққа алды.
1999 жылы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында «Алтын адам» Ұрпақтар сабақ­тастығы ассоциациясын құрды. Ассоциацияның бас­ты мақсаты – «Алтын адам» табылған Есік обаларын ашық аспан астындағы мұражай-қорыққа айналдыру.
Бекмұханбет Нұрмұхан­бе­т­ұлы осы обалардың қоғам­дық негіздегі шырақшысы мін­детін атқарып келді. Ар­хеолог-ғалымның 50 шақ­ты ғылыми мақалалары, көп­ші­лікке арнал­ған 200-дей ма­те­риалдары жа­рық көрген.
Археолог ғылымына бүкіл саналы ғұмырын арнаған ға­лым оны білетін жұрт есінде ұзақ сақталатын болады.

«Президент және Халық» газетінің ұжымы

Жауап қалдыру