Әбдуәли ҚАЙДАР

0
255

Кеше, 27 ақпан күні қа­зақ тіл білімінің көрнек­­­ті маманы, белгілі түр­­кітанушы, тәуел­сіз­дік­тің алғашқы жыл­дарын­да-ақ латын әліп­биіне көшу мәселесін тұң­­ғыш көтерген ғалым, академик, филология ғы­лым­дарының докторы, профес­сор, Ұлы Отан со­ғы­сының ардагері Әб­дуәли Туғанбайұлы Қай­дар 95 жасында өмірден озды.

Әйгілі академик, ғалым Әбдуәли Қайдар кеше дүниеден өтті. Ұлт мақта­нышы, көрнекті ғалым 1924 жылы 13 желтоқ­­сан­да Ал­маты облы­сының Ең­бек­­шіқазақ ауда­нындағы Тал­­дыбұлақ ауылында қыз­меткер отбасында дү­ниеге келген. 1942 жыл­дың мамырында қазақ орта мектебінің 9 сыныбын және он айлық педагогикалық курсты аяқ­тасымен, өз еркімен сұра­нып майданға аттанды.
Соғыстан кейін Қазақ мемлекеттік университетін үздік бітірген Ә.Қайдар 1951 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының аспи­ран­ту­расына қабылданып, оны 1954 жылы «ұйғыр ті­лі» мамандығы бойынша бі­тірді. Міне, осылай ас­­пи­­­рант­тан академикке дейінгі, кіші ғылыми қыз­мет­­­керден (1954) ака­демия­­лық Тіл білімі ғы­лы­ми-зерттеу инсти­туты­ның ди­­рек­­торлығына (1978-1995 жж) дейінгі ғалым­ның ғы­лымдағы ғұмы­ры өнегелі сатылардан өтті.
Көрнекті тұлғаның ғы­лымдағы ғұмыры ҚР Ұлт­тық ғылым академиясында, қазіргі ҚР Білім және ғылым министрлігінің құ­зы­рындағы Ахмет Бай­тұр­сынұлы атындағы Тіл білімі институтында өтті. Ғалымның жалпы түркі­тану ғылымына, соның ішінде, әсіресе қазақ тіл білімі мен ұйғыртану саласына қосқан нақтылы үлесі мен сіңірген еңбегі оның жариялаған 500-ден астам ірілі-ұсақты зерттеулерден, оларда көтерілген сан-алуан лингвистикалық проблемалардың теория­лық өзектілігі мен прак­тикалық қажеттілігінен де, тақырыбынан да айқын көрінеді. Солардың ішінде жеке кітап түрінде жа­рық көрген монография, жинақ, сөздік, мектеп пен жоғары оқу орындарына арналған оқулықтары мен кітапшаларының жалпы саны елуден асыпты.
Ә.Қайдар – лексикография саласында өнімді еңбек еткен ғалым. Бұл салада оның: «Уйгурско-русс­кий словарь» (1961), «Қазақ тілінің қысқаша эти­мо­ло­гиялық сөздігі» (автор­лардың бірі) (1966), «Қа­зақша-орысша бір буын­­ды түбірлер сөздігі» (1986), «Тысяча метких и образных выражений: ка­захско-русский фразеологический словарь с этнолингвистическими пояснениями» (2003), «Халық даналығы (қазақ мақал-мәтелдерінің түсіндірме сөздігі және зерттеу)» (2004) және «Қазақтар ана тілі әлемінде 1-том. Адам» атты этнолингвистикалық сөздігі және т.б. еңбектерін атап айтуға болады.
Академик Ә.Қай­дар – қа­зақ этнолингвис­тика­сының негізін салушы ғалым. Ол жаңа да дербес саланың бағыт-бағдарын, мақсат-мүддесін айқындап, ғы­лыми тұжырымдамасын не­гіз­деп берді.
Ғалымның қазақ этносы туралы зиялы қауым­ның сауалына және көп­ші­ліктің ой-пайымдарына жауап ретінде ұлттың мен­талдық ерекшелігін көр­сететін «Қазақ қандай халық?» (2008) атты кө­лем­ді еңбегі жарық көрді. Этнос­тың болмысына қа­тысты мыңдаған, тіпті мил­лион­даған мағыналық бірлік­тердің жиынтығы мен синтезін таныту мақ­са­тын­да «Қазақтар ана тілі әле­мінде: «Адам» (1 т.), «Қоғам» (2 т.), «Табиғат» (3 т.) атты 3 томдық этнолингвистикалық сөздік баспаға дайындалды.
Майдандағы жауынгерлік ерлігі үшін Ә.Қайдар ІІІ дәрежелі «Даңқ», І дәре­желі және ІІ дәрежелі «Отан соғысы», екі мәрте «Қы­зыл Жұлдыз» ордендерімен және «1941-1945 жыл­дардағы ұлы Отан соғысында Германияны жең­гені үшін», «Москваны қор­ғағаны үшін» т.б. медальдармен марапатталды. Ал ғылыми-педагогтік қыз­меті, ғылымды да­мы­тудағы, ғылым кадрларын даярлаудағы еңбектері үкімет тарапынан жоғары бағаланып, «Халықтар дос­тығы», «Отан» орденде­рі­мен, сонымен қатар «Құр­мет нышаны» ордені­мен (Түркия) және 12 медальмен, көптеген құрмет грамоталарымен аталып өтілді.
Сондай-ақ ол Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ғы­лым қайраткері, Шоқан Уәли­ханов атындағы мем­лекеттік сыйлықтың иегері, Түркияның «Dil Kurumu» лингвистикалық қоғамы­ның құрметті (академик) мү­шесі, Башқұртстан Ұлт­тық ғылым акаде­мия­сы­ның құрметті академигі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрметті президенті болды.
Саналы ғұмырының жетпіс жылға жуық уақытын тіл білімі саласына арнаған мар­құмның топырағы торқа, иманы саламат болсын!

«Prezident & Halyq»
газетінің редакциясы

Ұлағатты ұстазымыз еді

Академик Әбдуәли Қайдар қазақ халқының тіл білімінің дамуына зор үлес қосқан айтулы тұлға. Ол саналы ғұмырының басым бөлігін тіл білімі саласын дамытуға арнады. Әбдуәли Қайдар басқарған жылдарда Тіл білімі институты қалыптасу мен дамудың үлкен жолынан өтті. Біз Әбекеңнің қармағында қызмет еткенімізді, ғалым ретінде қалыптасқанымызды мақтан тұтамыз. Жалғыз мен ғана емес ондаған шәкірттері көрсеткен өнегесі мен қамқорлығы үшін ол кісіге мәңгілік қарыздар.
Әбекең қазақ тілінің мәртебесі үшін қызмет етіп, ұзақ жылдар Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ латын әліпбиіне көшу мәселесін тұңғыш көтеріп, Елбасына хат жолдады. Бүгінгі таңда еліміздің латын әліпбиіне көшуі – осы бастаманың жемісі.
Ғалымның жалпы түркітану ғылымына, соның ішінде, әсіресе қазақ тіл біліміне қосқан үлесі аса қомақты. Әсіресе лексикология, диалектология, этнолингвистика, тіл саясаты және түркі тілдерінің тарихы мен мемлекеттік тіл мәселелері тақырыптарымен етене айналысты.
Әбдуәли Қайдар біз үшін ұлағатты ұстаз болды. Ғалымның есімі оны білетін жандар мен шәкірттерінің жадында ұзақ сақталатын болады. Ұстаздың алды пейіш, арты кеніш болсын!

Ерден ҚАЖЫБЕК,
А.Байтұрсынов атындағы
Тіл білімі институтының
директоры, профессор

Ана тілінің қаһарманы!

Өмірден ұлы ғалым, абыз адам өтті.
Ұлт руханияты мен ұлт ғылымының алып бәйтерегі құлады.
Бар өмірін «инемен құдық қазғандай» тіл ғылымы мен тіл тарихына арнаған аса көрнекті түркітанушы, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, жомарт жүректі абыз жан Әбдуәли аға біз үшін ғылым жасау мен ұлтқа қызмет етудің шынайы үлгісі еді. Жастық шағы қиын-қыстау кезеңде өткен, от кешіп жүріп еліне аман орал­ған, өз дәуірінің рухани жүгін арқалаған күрескер, қай­сар тұлғаның бүкіл саналы ғұ­мы­­ры ана тілінің – қазақ сө­зі­нің құ­діреті мен қасиетіне ар­нал­ды.
Біз ұлағатты ұстазымыздың сабырлы жүрісіне, салмақты мінезіне, терең біліміне әрқашан тәнті болатынбыз. Әбдуәли аға болмысы таза, ғылым үшін жаратылған адам еді. Ағаның әр ойы мен әр сөзінен ұлт тарихының бедерлі кезең­дері, құнарлы дәуірлері менмұн­далап тұратын.
Ұлы жүрек қағысын тоқтат­қанымен, ғұлама бітімді тұл­ғаның артында қалған бай рухани, ұшан-теңіз ғылыми мұрасы қазақ халқымен бірге жасары күмәнсіз. Кешегі алаш арыстары мен алыптарының өлмес рухтарына қанат бітірген, олардың ұлтты сүю мен ұлтқа қызмет ету жолындағы ұстанымдарын жалғаған, көзі тірісінде аты аңызға айналған абыз бітімді корифейлеріміздің бірі академик Әбдуәли Туған­байұлы Қайдардың есімі шәкірттерінің жадында, елінің жүрегінде мәңгі сақталады.
Рухыңыз пейіштің төрінде шалқысын, ардақты аға, аяулы ұстаз!

Фаузия ОРАЗБАЕВА,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, педагогика ғылымдарының докторы,
Абай атындағы Қаз ҰПУ профессоры

Латын әліпбиіне  көшуді ұсынған

Әбдуәли аға қазақ­тың ғасырда бір туатын азамат­тарының бірі еді. Ол қазақ тіл білі­мінің дамуы­на қос­қан үлесі тұрғы­сынан Абай­дан, Ахмет Бай­тұр­сы­новтан кейінгі әйдік ғалым болатын.
Әбдуәли ағаны инсти­тут­та ғылыми қызмет­кер бол­­ған 70 жылдардан бері білемін. Ол кісі кеңес­тік кезеңде, одан ке­йін тәуел­сіз­дік алған тұс­­­­та қазақ тілін көр­кей­ту­­ге, ғылыми ба­йы­та тү­сі­руге орасан еңбек сі­ңір­ді. Бүгінде күн тәрті­бін­де жүрген қазақ әліп­биін ла­тынға көшіру мәселе­сінің бас­­тауында да осы Әб­дуәли Қайдардың тұр­ғаны көпшілікке мәлім. Ол кісі еліміз тәуел­­сіздік ала сала ла­тын әліпбиінің ал­ғаш­қы нұсқасын дайын­дап Ел­басына ұсын­ған болатын.
Араға ширек ғасыр салып қазақ жазуын латын әліпбиіне ауыстыру туралы саяси шешім қабыл­дан­ған­да тоқсаннан асқан Әбдуәли аға осы істің оңды шешілуіне атсалысты. 2017 жылы Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Президент жарлығы шыққанда Ғалымдар одағы жұмыс тобын құрып, латын негізді қазақ әліпбиінің жобасын жасады. Жұмыс тобының құрамына Әбдуәли Қайдар, Ра­биға Сыздықова сияқ­ты тіл білімінің алып­тары бас­таған ғалым­дар енді. Мен ұйым­дастыру-үйлес­тіру жұмыстарымен шұ­­ғыл­­­дандым. Жұмыс тобы 3 ай бойы еңбек етіп, өзін­дік нұсқасын ұсын­ды. Пре­зи­­денттің атына екі хат жазылды. Ол тұста биліктің ұсынған нұсқасының олқы тұстары көп болып, сын садағына ілініп, қоғамда қызу талқыға түсіп жатқан болатын. Ғалымдар одағы жанынан құрылған жұмыс тобы ұсынған нұсқадан кейін 2018 жылы президент қайта жарлық шығарып, біздің нұс­қа­ның концепциясын бас­шылыққа ала отырып, жаңа әліпбиді бекітті. Бұл Әбдуәли аға бас­таған ғалымдардың үлкен ең­бегі. Дайын әліпби нұсқасын пре­зидентке жіберерде Әбдуәли аға­ның тіпті көзілдірігін тақпастан ел үшін тағдыршешті хатқа тебірене қол қойғаны әлі күнге есімде.
Әбдуәли Қайдардың есімі қазақ тіл білімінің тарихында ұлы ғалым ретінде қалды. Бақұл болыңыз, ана тілдің абызы!

Оразалы СӘБДЕН,
Қазақстан Ғалымдар
одағының президенті, академик, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

Отан үшін отқа түскен

Таңғы қоңырау ұйқыны әп-сәтте ашты: «Әбекең кетті бұл дүниеден!». Ой, жалған дүние-ай! «Басы басталған нәрсенің аяғы да болады» деген рас екен ғой. Ғасырға жуық жасаған, Отан үшін отқа түскен, ұлттық тіл білімін асқақ биіктерге көтерген Әбдуәли Туғанбайұлы Қай­дар ақсақал да бақи дү­­ниеге кете барыпты. Бұл қа­зақ тіл білімі ғылымы үшін айтуға қиын қасірет, ор­ны толмас қаза. Тағ­дыр­дың жазуына не істей алар­сың?!
Осыдан небары бір айдай бұрын өзімен әңгімелесіп отырғанда майдан тақы­рыбын қозғағанбыз. Май­дандағы күндерін, бейтарап аймақта қалған неміс пулеметін жауып тұрған оқтың астымен жорғалап барып алып келген ерліктерін баяндап берген. Дауысы баяу, кідіріп сөйлегенмен ойы орнықты, баяндауы жатық шығып тұрды. 95 жаста өзін былайша ұстауы шынын айтқанда таң қалдырып еді. Сөйтсем Әбдуәли ағаның бұл ең соңғы интервьюі екен-ау.
Әбдуәли Туғанбайұлы сондай әңгіме­лерінің бірінде «тіл білімі саласында жүздеген шәкірт тәр­биеледім» деп мақта­ныш­пен айтқаны да бар-тын. Ағаның ғылыми жетек­ші­лігімен филология ғылым­дары бойынша 17 адам ғылым докторлығы мен 75 адам ғылым кандидат­тығына диссертациялар қор­ғағаны рас. Шәкірттері бү­гінде Қазақстанның түк­пір-түкпірінде, сондай-ақ елімізден тыс жерлерде Мәскеуде, Уфада, Абаканда, Нүкісте, Ташкентте, На­льчикте, Кемеровте, Біш­кекте, Моңғолияда, Қы­тайда жемісті еңбек етіп жүр. Ақиқатында Әбекең тіл білімінің Алатауы еді.

Марат ТОҚАШБАЕВ,
«Prezident & Halyq» газетінің
Бас редакторы, профессор

 

Жауап қалдыру