Әбдімәжит ӨТЕШ

0
91

Үстіміздегі жылғы 17 қа­рашада Алматы қаласы Алатау ау­данындағы №178 лицейдің директоры, білікті басшы, белгілі математик, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің және «Құрмет» орденінің иегері Әбдімәжит Қоңырбайұлы Өтеш 60 жасқа қараған шағында кенеттен қайтыс болды.
Әбдімәжит Қоңырбайұлы 1958 жылы 28 маусымда Жам­был облысының Сарысу ауданындағы Ақтоғай ауылында дүниеге келген. 1972 жылы Республикалық физика-математика мектебіне оқуға түсіп, 1974 жылы бітіріп шығады. 1978 жылы Абай атындағы ҚазПИ-ді математика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған. Студент шағында Лениндік стипендияның иегері болды. Педагогика саласында 34 жыл еңбек еткен.
Білім беру саласындағы ерен еңбегі және оқушыларды олимпиадаға дайындау ісіндегі жетістіктері үшін бірнеше мәрте Білім министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
1999 жылы білім беру саласындағы ерен еңбегі үшін «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» белгісімен, Ы.Алтынсарин төсбелгісімен, 2009 жылы «Құрмет» орденімен және «Қазақстан тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.
Әбдімәжит Қоңырбайұлы Алматы қаласында физика-математика бағытында оқытатын көптеген мектептерді ашуға атсалысты. 1997-2000 жылдары Алматы қаласы Республикалық физика-математика мектеп-интернатында директор болды. 2000 жылы №141 мектепте, ал 2003 жылы Дарынды балаларға арналған №173 физика-математика лицейінде, 2010 жылдан №126 физика-математика мектеп-лицейінде, 2013 жылдың қаңтар айынан бастап жаңадан ашылған №178 физика-математика лицейінде директорлық қызметті атқарды.
Әбдімәжит Қоңырбай­ұлы­ның халықаралық, респуб­ликалық ғылыми-әдістемелік басылым­дарда математика пәнін оқыту әдістемесі бойынша мақалалары ұдайы жарияланып тұрды. Ол шыққанына 20 жыл толатын республикалық «Алгорифм» журналының негізін қалады. Көптеген оқу құралдары мен оқулықтардың рецензенті.
Ә.Өтештің оқу процесін дұрыс ұйымдастыра білуінің арқасында ол басшылық еткен мектептер Алматы қаласы бойынша тек қана алдыңғы қатардан көрініп келді. Осы уақыт аралығында 235 оқушы «Алтын белгі» иегері атанды.
Әбдімәжит Қоңыр­бай­ұлы­­ның елге сіңірген еңбегі, жарқын бейнесі, азаматтық тұлғасы әрдайым ел есінде сақталады.

«Президент және Халық»
газетінің редакциясы

Жауап қалдыру