«Байлығым – қазақтығым» деп өтті

0
152

2009 жылы жазушы, пуб­лицист, қоғам қайраткері Қоғабай Сәрсекеевтің «Қа­зақия» деген атаумен кі­табы жарық көрген бо­ла­тын. Автор­дың сол кітап­та­ғы нақыл­нама­ларын оқып отырып, оның ұлтжан­ды­лығының биіктігіне көз жеткізуге болады. «Бай­лығым – қазақ­тығым» де­генді өзінің өмірлік ұста­ны­мы етіп өмір сүргені оның халық үшін, оның бо­ла­шағы үшін жаса­ған істерінен көрінеді. Зор мақ­танышпен әрі Қоға­байдың қайрат-жігеріне де­ген үлкен құрметпен айта алатын оның ұрпақтарымыз ұмытпайтын ісі – қазаққа керек «Қазақ» газетін ха­лыққа қайтаруы еді.
ХХ ғасырдың басында (1913 жылы), Ахмет Бай­тұр­сыновтың сөзімен айтсақ, ха­лықтың көзі, құлағы һәм тілі болып дүниеге кел­ген газеттің ғұмыры ұзақ бол­маса да, халық алдын­дағы қызметі үлкен болды. Осыны ескеріп әрі Алаш арыстарының жарқын іс­терін жаңғырту мақсатын­да Қоғабай арадағы 88 жыл­дан кейін, адамзат ХХІ ғасырға аяқ басқан кез­де газетті қайта басып шы­ғарып, семіп қалған та­мырға қайта жан берді. Бұ­ны өзі халқынан сүйінші сұ­рап жариялап, жаңа дәуір­дегі газеттің мақсатын ай­қындап көрсетті: «Өмірге қайта келген «Қазақтың» мақсаты айқын, ұстанымы берік, жүрегі адал, қызметі – халыққа, тілегі – ұлттық мінез, тілінің, дінінің, ділінің сау, өсіп-өркендеуіне үлес қосады». Бұл газеттің ғана емес, Қоғабайдың да өз мақсатына айналды. Өзінің нақылнамаларының бірінде жазған «Қазақ тұтанса – сөнбейтін от» дегенін бар жан-тәнімен кіріскен адал еңбегімен, ұйқысыз өткізген түндерімен, қарбалас күн­дерімен дәлелдеп берді. Га­зеттің өмірге келуіне Ахаң­дар мен Жахаңдар қан­дай еңбек етсе, оның бір ғасырдан кейін қайта аяқ­қа тұрып кетуіне Қоғабай да сондай тер төкті. Ең­бегі елеусіз қалған жоқ: халық­тың ризашылығына, сүйіспеншілігіне бөленді, халқымыздың даму тари­хын­­дағы «Қазақ» газетінің атын өшіріп ала жаздаған олқылықтың орнын тол­тырды.
Өзін-өзі «еті – сенікі, сүйегі – менікі» деп халқына арнаған азаматтың «Ай­қап» журналын қазаққа қа­уыш­тырған игі ісі де үл­кен еңбекті талап еткеніне талас жоқ. Соншама қажыр-қайраттың осы азаматтың бір басынан табылғанына таң қала қарайтынбыз. Сөйт­сек, бұл ол кісінің ішкі өзегінің мықтылығынан екен ғой. «Күннен Гүн, Гүннен туса осы Қазақ, Болуға тиісті емес ешбір мазақ!» деп, қазағының намысын жоғары қойған Қоғабай ұлт бо­лашағы – жастардың тарих ақтаңдақтарының ор­та­сында адасып қал­ма­уына жанын салды.
«Қазақтың кеңдігі дала­сы­мен, пейілі аспанымен өл­шенетін ұлыс» деген нақыл сөзін оқи отырып, бұл сөзден оның өз тұлғасын көргендей боласың. Па­луан денелі бітімінде са­йын даламыздың кеңдігі мен көгінің биіктігі сыйған аза­матымыздың бұл фәниден ерте кеткені өкінішті. Алайда адамның өмірі жасымен емес, жасаған еңбегімен өлшенетіні белгілі ғой. Бұл тұрғыдан Қоғабайдың ғұ­мыры ұзақ, жолы сара. Алаш арыстарының ру­хын жалғастырып, ха­лыққа шек­сіз қызмет еткен аза­ма­тымыздың игі істері­нің жалғасын тауып отыр­ғаны­на ризамыз. Өзінің сөзімен айтсақ, «Әке – арқа, аға – жаға, іні – тірек, бала – із, ұрпақ – болашаққа салған жол» болып, бүгінде Қоғабайдың жолы даңғыл­данып, алысты жақын­датып келеді. Қазіргі «Қазақ» газетіне дұрыс бас­шылық жасап отырған аза­мат­тар­ға, газеттің алған ба­ғы­тын жоғалтпай ыждаһат­ты­лық­пен жасап жүрген еңбектеріне ризашы­лы­ғым­ды айта отырып, шы­ғар­машылықтарының ша­бытты, еңбектерінің же­міс­ті болуына ақ тілегімді біл­діремін.
«Албарынан құты аумаған шаңырақ берекелі» деген оймақтай ойды да айтып кетіпті Қоғаш. Өзінің адал жары Гүлбаршынға айтқан алғысы іспетті. Отбасының ырысын еселеп, кемтігін толтырып отырған өмірлік серігі – балаларының қамқор анасы, немерелерінің асыл әжесі ғұмырын халқының игілігіне арнаған отағасының абыройын арттырып, бас­тамаларына жігер беріп отырды. Қашанда төрінен дастарханы жиылмайтын, отынан қазаны түспейтін қолы берекелі қазақ әйел­дерінің жарқын бір үлгісі болып келе жатқан Гүлбар­шын заман­дасымыздың ба­ла­ларының қызығы мен қуанышын көруіне тілек­тес­піз.
«Қазақ қазақ ісіне қазақ боп кіріскенде ғана қазақ ісі оңға басады» деген сөзінде тұнып тұрған ұлтына, оның бүгіні мен келешегіне деген алаң көңілін көреміз. Осы сөз өзінің барлық ісіне бас­шы болған азама­тымыз еш күмәнсіз өзінің қазақ­тығымен мақтана алады. Осындай ұлының болғанын халқы да мақтаныш ете алады.
Қоғаш (Қоғабай) әлі де ор­тамызда жүрсе, осы жылғы көкектің 1-інде оның 80 жылдығын бірге тойлаған болар едік.

Әбдісағит Тәтіғұл,
академик,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Жауап қалдыру