Азаматтық борышқа адалдық

0
146

Тосын хабар қашанда төбеден түскен тастай болатыны бар. Ал ол жайсыз болса жай соққандай есеңгіретіп те тастайды. Ержұман қайтыс болды деген қайғылы хабарды кенет естігенде не болғанымызды білмей қалдық. «Айналайын-ай, туған үйіміздей болған ұжыммен жалғастырып жүрген жалғыз дәнекер еді, одан да айырылып қалдық па!?» деп аһ ұрды бәйбішем де. Шынында да, атаулы күндерді құр жібермей, құттықтап, жиырма жылға жуық жұмыс істеген ұжымымыздың қызық-қуанышын, қайғы-қапасын хабарлап, күнделік тірлігінен құлақдар етіп отыратын сол еді.
Қолда өскен жүйріктің тай аты, қолда өскен жігіт­тің бала аты қалған ба, жақында ғана жетпіске тол­ға­­нын атағалы жатыр деп есіткенімде өз құлағы­мызға өзіміз сенбей, бұл да біздің қатарымызға қосылып қал­ған ба деп аң-таң болға­ны­мыз бар. Қаншама жерден қарымды қалам­гер, қабырғалы қай­раткер деңге­йіне көте­ріліп, атақ-дәрежесі таудай «Ераға» атанғанымен, біз үшін ол баяғы аяқ-қолы балғадай бала жігіт, тыңғылықты да тындырымды, зерек те елгезек, кейде еркелетіп «Ержұма!» деп қоятын Ержұман болып қала беретін.
Тұлпарды шаппай тұрып тұяғынан, сұңқарды ұшпай тұрып қияғынан танитын халықтың ұрпағы емеспіз бе? Біз оны сонау жетпісінші жылдардың ортасына таман диплом алдындағы тәжірибеден өтуде көр­генбіз. Көргенбіз де келешегінен үміт күткенбіз. Қазақ баспасөзінің шаңырағында тәжірибеден өткелі талай талапкерлер келіп жүр ғой. Біразы редакцияның тапсырмасына жүрдім-бар­дым қарап, жағымды мінездеме алу үшін ғана жылпылдап жүретін. Ал бұл болса тапжылмай отырып, жұмыс істейді, қазылып хат қорытады. Тәжірибені ең ауыр әрі жауапты насихат бөлімінде өтті. Теориялық материалдар, күрделі мақалалар көбіне орысша түседі. Соларды сарыла отырып аударады. Тілі жатық, ойы орамды. Бара-бара шағын материалдарды жазып отырмай, машинкаға айтып отырып аударуға жаттықты. Аудармаларын өзін қатыстыра отырып қарап, мұртын басатынбыз. Апы кіріп-күпі шығып жататын газет жұмысында аударманы айтып отырып аудару онда ауадай қажет болатын. Кейін осы тәсіл оның дағдысына айналды.
Оқуын бітірген соң бірден қызметке аламыз деп келісіп қойған едік, журфакты қызыл дипломмен тәмәмдаған оны уни­верситеттің өзінде қал­дырып, алғашқы курс­қа куратор етіп алып қалыпты. Алайда әскери борышын теңіз флотында атқарып, қарбалас жұмысқа үйреніп қалған еңбекқор жас ұстаздықтың жайбасарлығынан жалы­ғып, алты айдан соң аға газетке өзі келді. Біз қуана қарсы алып, оны баяғы бөліміне аға қызметкер ғып қабылдадық. Жасыратыны жоқ, жұмысты апырып, жапырып өте жақсы істеді. Бөлім бастығы Бекболат Әдетовпен ағалы-інілідей боп кетті. Кейін оның қолынан өткен материалдар баспаханаға қалам тимей жіберіліп жатты. Көрнекті, кемел тұлғалармен сұхбат жүр­гізуге көбіне соны жіберетінбіз. Ол кезекшілікке барғанда газеттің ойдағыдай шығарына әб­ден сеніп, жағамыз жайлау болып қалушы еді.
Жігіттің қай жұмысты болсы н жанын салып атқаратын ұқыптылығына, тындырымдылығына, тіпті жанкештілігіне басқалар да көз салып жүреді екен. Жетпіс тоғызыншы жылы оны жастар газетінен аттай қалап, «Лениншіл жасқа» орынбасар етіп алып кетті. Онда ол табаны күректей сегіз жыл жемісті жұмыс істеді. Баспасөздің басшылық жұмысының қыр-сырын кәміл меңгерді. Жастар газетінде жүріп ол Баубек Бұлқышев атын­дағы сыйлықтың тұңғыш лауре­аты болды.
Темірдей тәртіпті сүйетін, өзі ерінбей еңбек ететін, тапсырманың орындалуын қатаң талап ететін басшы жұрттың бәріне бірдей ұнай бермесі аян. Сол бір жылдары жариялылық деген желөкпе науқан басталып, басшыны ұжымның өзі сайлайтын, жұмысының бағасын әріптестері беретін болғанда мақтаулы мінездеме ала алмай Ержұманның еңсесі сәл түсіңкі жүргенін байқап, бастығымды көндіріп, партия тұрмысының меңге­рушісі ғып «СҚ»-ға қайта алған едік.
Бұл кезде басшы кадрлар өзіне резерв даярлауы керек деген тағы бір бастама шаң берген-ді. Әр басшы өзіне үш адамнан ізбасар әзірлеп, олардың бас-басына мінездеме беріп, оны Орталық партия комитетінің бюросына бекітіп алуға тиіс болатын. Соның кезегі маған келгенде мен бас басылым басшысының бірінші орынбасары ретінде өзіме резерв ретінде Сауытбек Әбдрах­манов, Ержұман Сма­йылов және Қадір Әлім­құ­ловты таңдап, со­лар­­дың мінездемесін бюро­да бекіттіргенім бар.
Көп ұзамай Ермұжан бас редактордың идеология жөніндегі орынбасары болды. Одан мені тоқсаныншы жылы Парламент газетін шығаруға шақырып, бас редакторы етіп бекіткенде осының алдында «СҚ»-ға бас редактор болып келген Шерхан Мұртазаевқа өз орныма Е. Смайыловты көтеріп, екін­ші орынбасарлыққа Сабыржан Шүкіровты ұсын­дым. Шерағаңа мың да бір рахмет, сөзімді жерге қал­дыр­май, орынбасарларын менің айтқанымдай жа­сақ­тады.
Содан Ержұман да өзім сияқты жиырма жылға жуық бірінші орынбасар болып, бас басылымның үлкен ұжымын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап, газеттің мерейін асырып, мәртебесін көтеруге жан аямай атсалысты. Арасында бір жарым жылдай бірінші басшы да болды. Екеуміз екі басылымның тізгінін ұстап отырған тұста «түрт шайтан» деп ши жүгіртпесе отыра алмайтын кейбір сыбырлақтар мен жыбырлақтардың ара­мызға от тастағысы келгені де бар. Бірақ ондай арандатуларға ол да, мен де мән берген емеспіз. Бұрынғы аға мен іні, ұстаз бен шәкірт болып қала бердік. Бір-біріміздің қадір-құрметімізге, сыйлас­тығымызға көлеңке түсірген емеспіз. Оған бір ғана мысал. Шамасы тұңғыш немересін көріп, қызығына тоймай жүрген кез болуы керек. Бір кездескенімде:
– Аға, менің сіз сияқты сап-сары сүйкімді немерем бар. Сізді соның аузына түкіртіп алайын деп едім, – деді кеп күлімдеп ерек бір көтеріңкі көңілмен.
– Жақсы, бауы берік болсын! Қазіргі келіндер шалдың сілекейінен жиреніп жүрер. Одан да батамды сырттай берейін. Алатаудай айбарлы, Қаратаудай қазыналы, Көкшетаудай қасиетті, еліне елеулі, халқына қалаулы азамат, болсын! – деген едім. Арамызда иненің жасуындай кірбің болса, ол немересінің мендей болуын тілей ме?
Жалпы, екеуміздің өмірі­мізде де, мінезімізде де егіздей ұқсас-жайттар жетер­лік. Газет үшін ол – ға­лымдығын, мен ақын­ды­ғымды құрбан еттім. Жаз­ғанымыз құтты күнді құрғатпай баспасөз бетінен көрініп жатқан соң, кітап шығарайын деп, ол да, мен де құлшына қойған жоқпыз. Өзіміз шыққан тау биік болсын деп, бойдағы барды, ойдағы нәрді өзіміз пұшпағын илеп жүрген басылымға беріп, жүйкенің сөлін, жүректің жалынын соған төктік. Бәз-біреулер қолында билік тұрғанда том-том кітаптар шығарып алмады деп кінәламайтын да шығар. Бірақ біз ардан аттамай, қоғамға, заманға сай қалтқысыз қызмет етіп, азаматтық борышымызды адал атқардық-ау деймін. Қызмет бабында заман ағымына сай талабымыз қатал болған шығар, алайда тірі пендеге қылдай қиянат жасаған жоқпыз. Досқа адал, жастарға қамқор болдық.
Осы қасиеттің жарқын көрінісін өз басым Ержұман­ның бойынан әріптесі, әрі досы Ербол Шәймерденов қайтыс болғанда көрдім. Оның барлық жабдығын өз қолынан атқарысып қана қоймай, артында қалған әдеби мұрасын алты том етіп шығарып берді. Ол жайында шыққан естелік кітапқа енген әр мақала қашан қолына тигенше жарғақ құлағы жастыққа тимей, телефоннан түскен жоқ десе де болады.
Торқалы топырағы өзіне бұйырған туған жеріне деген мейірі мен пейілі өз ал­дына. Туған ауылы, аға­йын аумағы алдындағы пер­зенттік парызын ол көзі тірісінде-ақ өтеп кетті. Ауылдың арғы-бергі аза­мат­тары, Ұлы Отан соғы­сының ардагерлері, қан-майданнан оралмаған қаһар­мандары туралы тартымды кітап жазып, ата­мекеннің тұтас тарихын түзді. Азаматтық борышына адалдықтың бір белгісі осы болар.

Сарбас АҚТАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген
мәдениет қайраткері

Жауап қалдыру