Аяулы аға, асыл жан

0
169

Көргені көп, көңілге түйгені мол, білімдар, аса еңбекқор, өмірі өнеге жандардың өмірден өткені өзекті өртейді. Сондай аяулы жандардың бірі Молдияр Серікбайұлының 85 жасқа қараған шағында дүниеден озғанына да қырық күнге жуықтап қалды. Алланың әміріне шара бар ма?!
Молдекең ғалым, белгілі геолог, картограф еді. Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің) геология-география факультетін бітірген соң қай жерде қызмет атқарса да бар білімі мен тәжірибесін осы саланы зерттеуге арнады. Ол туған өлкесі Қазақстанның ғана емес, көршілес республикалар Өзбекстанның, Түрікменстанның, Қыр­ғызстанның, Таулы Алтайдың, Сі­бір­дің геологиялық карталарын, тек­тоникалық картасын, қазба байлық­тарының картасын, Қазақстан­­ның 14 облысының әкімшілік-аумақ­тық картасын, Орта Азияның, Қы­тай­дың, Ресейдің Астрахан, Саратов, Волгоград, Самара, Челябинск, Қорған, Омбы облыстарының, Баш­құртстанның аумағын қамтыған топог­рафиялық картасын құрас­тырумен шұғылданды.
Молдекең жан-жақты білімдар кісі еді. Ол есімдері елімізге белгілі жарқын тұлғаларымыз Тұрар Рыс­құловтың, Мұхамеджан Тыныш­баевтың, Санжар Аспан­дияровтың, Смағұл Сәдуа­қасовтың, академиктер Төлеген Тәжібаевтың, Серікбай Бейсем­баевтың, Ақжан Машановтың, Өмірхан Байқоңыровтың есімдерін есте қалдыру ісіне барынша атсалысып, тиісті органдарға талай рет ұсыныстар енгізген еді. Сонымен қатар Қазақстан өңірлеріндегі тарихи атаулардың қалпына келтірілуіне ерекше еңбек сіңірді. Тіпті елдімекендердің де шежіресі мен тарихын жазып жүрген еді.
Өткен жылдың жазында Америкада тұратын қызыма барып емделіп қайтқалы жүрмін, келген соң хабарласамын, алда ақылдасып атқаратын шаруа бар, деген еді. Содан желтоқсан айының ортасында хабарласып, Америкадан келгенін айтып, бірер күн тынығып алайын, сонан соң жолығайық, Тұрар Рысқұлов жайындағы жиған-терген дүниелеріммен таныстырайын, соларды жарыққа шығарып үлгеруіміз керек, өзім жазуға шамам жоқ, денсаулығым жарамайды, деген-ді. Асыл аға өмірден өтерін сезді-ау деймін. Күтпеген жерден мәңгілік сапарға аттанып кете барды.
Зымыраған, зырлаған уақыт-ай! Молдекеңнің бұл фәниден өткеніне қырық күн болып қалыпты. Жаныңыз жәннатта болсын, аяулы аға, асыл жан. Қара орман халқыңыз Сіздің еңбегіңізге дән риза. Есіміңіз еліңіздің есінен шықпайтынына кәміл сенемін. Пейіште нұрыңыз шалқысын.

Ғазизбек ТӘШІМБАЙ.

Жауап қалдыру