Асыл азамат, биік тұлға, көрнекті қайраткер еді

0
118

Өмір – өзен. Уақыт жайлап, күндер толассыз, ал жылдар болса зулап өтіп жатады. Балғын балалық шақ биік арманға айналады, оның қалай өтіп кеткенін ешкім де байқай алмайды. Бұл өмірдің бір тұңғиық жұмбағы болса керек. Осы жұмбақ та жалған ғұмырдан етжақын адамдарың өткенде қа­бырғаң қайысады, қай­ғы­ның қара шекпенін жамы­ласың. Қимайсың. Сағынасың. Ес­ке алып, аруағына құран ба­ғыштау ғана қалады біздерге. Осы жолдарды амалсыз жаздырып отырған жақын досым, көрнекті мемлекет қайраткері, құқық қорғау саласында ұзақ жыл қызмет еткен белгілі тұлға Серікхан Жақыповтың қазасына да қырық күн болыпты.
Серікханмен балалық ша­ғымда танысқан едім. Ол Семей облысы Абай ауда­нының орталығы Қарауылда туып-өсті. Жас кезінде Қайнар ауылында тұратын жақын туыстарына келгенде танысқан едік. Содан бері 60-жылдан аса өмір өткен екен. Біз достығымыз жарасқан жақын жандар болдық. Қимас досың туралы сөз айту адамға үлкен қиямет жүк екенін мен енді түсініп отырмын.
Дегенмен, жас ұрпақ білсін деген оймен асыл жанның өмір жолы туралы бірер ауыз сөз айтуды жөн көрдім.
Секең Қазақ Мемлекеттік университетінің заң факультетін жақсы аяқтап, заңгер мамандығын алып, еңбек жолын 1973 жылы Орта Азия әскери округінің Фрунзе (қазіргі, Бішкек) қаласының әскери прокуратурасында әскери тергеуші болып бастады. 1975-1980 жж Фрунзе қаласының Октябрь ауданының прокуроры, одан кейін Қырғыз ССР прокуратурасының ерек­ше маңызды істері жөнін­дегі тергеушісі болды. 1980-1985 жж Қазақ ССР прокуратурасының ерекше маңызды істері жөніндегі тергеушісі, аға тергеушісі, 1985-1986 жж Алматы қала­сы Алатау ауданының, 1986-1990 жж Алматы қаласы прокурорының орынбасары, бірінші орынбасары қызмет­терін абыроймен атқарды.
1990-1992 жж егеменді еліміздің Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Ол Қазақ­стан Республикасы Жоғар­ғы Кеңесінің Сыртқы және халықаралық байланыс жө­ніндегі комитетінің төра­ғасы, 1992-1993 жж Алматы қаласы прокурорының бірінші орынбасары ретінде еңбек етті. 1994-1995 жж Жоғарғы Кеңеске қайтадан депутат болып сайланды.
1996-1998 жж Мәскеу қаласында ТМД елдері бо­йын­ша Ұйымдасқан жем­қор­лық және басқа да қыл­мыстарға қарсы күресті үй­лестіру бюросында елі­міздің Ішкі істер министр­лігінің өкі­летті өкілі болып қызмет е­т­ті.
1998-1999 жж еліміздің Бас прокуратурасында Тергеу мен алдын ала анық­тау істерін қадағалау басқар­масын, артынан департамен­тін басқарды.
1999-2001 жж Қарағанды, 2001-2002 жж Шығыс Қа­зақстан облыстарының про­ку­роры қызметін атқар­ды, артынша Бас прокуратурада де­партамент бастығы болды.
С.Жақыпов Жоғарғы Ке­ңес депутаты, Комитет төра­ғасы болып тұрған шақта Елбасымен бірге егеменді елімізді әлем елдеріне таныстыру, Халықаралық тиімді қатынастар орнату мақ­сатында көптеген шетелдік іс­сапарда болды. Жұмыста үлкен патриоттық сезіммен қалтқысыз, таза еңбек етті.
Алматы қаласы мен об­лыс­тардың прокуратурасын басқарған жылдары уни­верситеттерде жастармен кездесіп, құқық қорғау сала­сының қызметін насихаттап, талапты түлектерді прокуратураға қызметке шақыр­ды. Өзі оларға тә­лім-тәрбие беріп, қолдау көр­сетті. Қазір оның көптеген шәкірті еліміздің прокуратурасында жоғары лауазымды қызметтер атқарып жүр.
Серікхан Жақыпұлы қан­дай лауазымды болмасын асқан жауапкершілікпен ат­қа­ратын. Қандай жағдайда болмасын ел мүддесін өз мүддесінен жоғары қоя білген, пайымы терең, кәсіби деңгейі өте жоғары, адами қасиеті мол, елін қалтқысыз сүйе білген таза патриот жан еді. Оны Секеңді білген кім де болса мойындайды.
Сөзімді растау үшін С.Жа­қыповтың 2009 жылы 16 желтоқсан күні «Егемен Қазақстан» газетінде жа­рияланған «Бәрі де есте, бәрі де көз алдым­да» деген мақаласынан үзінді­лер келтірейін: «1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы күндерінде мен Алматы қаласы прокурорының орынбасары, қызмет бабымен қалалық ішкі істер басқармасында болдым. 17 желтоқсан күні сағат 9-10 шамасында «Қазақ жастары Орталық алаңға шығып, өздерінің шет жақтан басқа ұлт адамын Қазақстанның бірінші басшысы ретінде бекіткеніне наразылық танытып жатыр», деген хабар келіп жетті. Шынын айту керек, бұл жағдайға өз басым қатты қуанып, нағыз азаматтар екен деп, жастарға іштей ризашылығымды білдірдім…» деп жазған екен. Прокурорға бар есік ашық қой, сондықтан ол болған жағдайлардың куәсі болған. Бұл көлемді мақаланы жүрегіңіз тебіреніп, көзіңізге жас алмай оқу мүмкін емес.
«Ұмытпасам, кешкі сағат 7-11 мезгілінде Ішкі істер басқармасына үсті-үстіне қой­ша тоғытып, әртүрлі жас­­­та­ғы адамдар, негізінен жас­тар әкелініп, қамалына бас­тады. Сағат кешкі 10 ша­масында, мен прокуратура қызметкері ретінде, ішкі істер басқармасының бастығы Елеонскийден қа­мал­ған­дардың тізімін жә­не не үшін қамалғандары туралы хаттамаларын беруін талап еттім. Маған қа­мал­ған азаматтардың тізі­мін әкеліп берді, бірақ не үшін ұсталғандары туралы ешқандай да хаттама толтырылмағаны белгілі болды. Тізімді қарасам, негізінен жастар, соның ішінде 12 жастағы жасөспірім Байғазинов деген қазақ баласы да бар… Шақыртып сөйлестім. Көзі қып-қызыл қан, тіпті көзін шығарып жібере жаздаған. Өзін соқ­қыға жыққан адамның кім екенін білмейді», деп өзі куә болған оқиғаларды тізбектеп жазған.
Содан С.Жақыпов өз жауапкершілігіне алып көптеген жастарды қамаудан шығар­тып жіберген. Кейіннен осы ісі үшін Мәскеуден арнайы келген Одақтық прокуратура басшылығы тарапынан қатаң ескерту алған.
1989 жылы ол Желтоқсан оқиғасына байланысты мемлекеттік деңгейде құрылған жұмыс тобына кіргізіліп, тергеушілерден құрылған жұ­мыс тобын басқарды. Ол осы жұмыс тобына «ел намысы үшін күресуде табан­ды­лық таныта алатын азаматтарды ұсынғанын, бірақ жоғары жақ олардың көбін қоспағанын» жазады.
1990 жылы ол Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланса да Желтоқсан оқиғасы бойынша құрылған жұмысшы тергеу тобынан кетпеген. «Соны­мен, қанша кедергі­мен жұмыс жасаған жұмыс тобы және комиссия мүше­лері өз тұжырымдары мен ұсыныстарын әзірлеп бітіп, өзінің тарихи міндетін орындап шықты. 1990 жылы қараша айында баспасөзде Желтоқсан оқиғасын тексеру комиссиясының қорытынды материалы жарық көрді. Соның негізінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Төрал­қасы арнайы қаулы қабыл­дап, ол бұқаралық ақпа­рат құралдарына да жария­ланды. Қалай дегенмен, республикамызда ең ал­ғаш демократиялық жол­­мен сайланған бұл депутат­тар тобы көптеген заң­дар шығарып, еліміздің Әнұраны, Елтаңбасын, Көк байрағын қабылдап бекітті және де 1986 жылғы Жел­тоқсан оқиғасына түпкі­лікті баға берді. Ол Парла­мент осынау өлшеусіз еңбегімен тарихта қалмақ.
… Қазір болған оқиғаны айту жеңіл, ал ол уақытта шын­дықты айтып қана қоймай, Желтоқсан оқиға­сын түпкілікті зерттеуге араласу қиынның қиыны еді.
Иә, содан бері 23 жыл өтіпті…» – деп аяқтайды С.Жақыпов өз мақаласын.
Осы мақалада айтыл­ған жайлардың өзі С.Жақы­п­ұлының халық игілігі үшін қаншалықты адал еңбек еткен, жаны таза асыл азамат болғанын байқатады. Ол Желтоқсан оқиғасын зерттеген Мемлекеттік комиссия басшыларының бірі ретінде ғана емес, еліміздің мемлекеттігін қалыптастыруда өлшеусіз мол еңбек сіңірген демократиялық жолмен сай­­ланған Жоғарғы Кеңес­тің депутаты, Комитет тө­ра­ғасы ретінде де тарихта қалатын болады. Ол көптеген Мемлекеттік наградалармен марапаталған, оған Кеңестер Одағы прокуратурасының құрметті қызметкері атағы берілген. Бірақ Серікхан тұлғасы қаншалықты биік болса да өмірде өз атына ешқандай мақтау сөз жақындатпаған жан еді. Сөз арасында: «Еліміз іргелі, жастарымыз келешекті болса екен!» деп отыратын. Айтқаның келсін, ардағым!
Бақұл бол, арда досым! Сен қашанда біздің жүре­гіміздесің! Алдың пырақ, артың шырақ болсын!
Сенің есімің қазақ халқымен бірге мәңгі жасайтын болады!

Асқарбек ҚҰСАЙЫНОВ,
академик

Жауап қалдыру