Қасиетті мекендер және жол азабы

0
279

Қостанай облысының Арқалық пен Аманкелді ауданы­ның ортасында орналасқан Тасты ауылының тұсында жолдан жүз метрдей жерде 17 қыркүйекте Кейкі батырдың басы жерленетін мовзолейінің құрылысы аяқталып қалды. Аталмыш екі аудан соған қызу дайындық жасауда. Аңызға айналған мерген батырдың басы өз топырағына Петербургтен 95 жылдан кейін оралып отыр. Сол тарихи айтулы күнгі асқа жер-жерден, Астана мен Алматыдан адамдар ағылатыны анық. Сөйтіп Кейкі мерген мавзолейі тұрған бұл жер қазақ халқы үшін қасиетті мекендердің біріне айналады.
Торғай өңірінде қасиетті мекендер бұрыннан да жетерлік болатын. Бірақ соларды қасиеттей алмай келдік. Оған Кеңес үкіметі кезіндегі атеистік көзқарас, дінге сенбеу, сенгендердің қудалануы себеп болғаны белгілі. Соған байланысты қаншама қадірлі мешіттер мен әулиелердің күмбезді кесенелері бұзылды десеңізші! Дегенмен, сол әулиелер мен ишандар көрде жатып Алланың құдіретімен өздерін-өздері қор­ғады. Мысалы, Аманкелді ауданы орталығында тұрған Сатыпалды ишанның және Торғай өзенінің орта бойында, қазіргі Қайыңды ауылының тұсындағы қыпшақ Құлымбет әулиенің күмбезді тамын бұзып, кірпішін алғалы жатқан белсенді коммунистер талып  құлап, аузы-басы қисайып, артынан тәубаға келіп басына түнеп, құдайы беріп, әупірімдеп аман қалған.
Одан әрі Жанкелдин ауданы көлемінде Қызбел тауы етегінде Оспан қожа әулие мен Назар абыздың кесенелері тұр. Екеуінің басына да адамдар түнеп, әуелі Алладан, сосын әулиеден тілек тілейді. Ал өз ұрпақтары жыл сайын немесе жыл аралатып Алматыдан да, Астанадан да барып жатады. Тіпті, Торғай селосының өзі тарихи қасиетті мекен. Мұндағы Ы.Алтынсариннің өзі салдырып, мұғалім болған мектеп саф алтындай сақталуда. Ахмет Байтұрсынов мен Міржақып Дулатовтың музейі және басқа айтулы тұлғалардың ескерткіш­тері қаншама.
Ал Аманкелді ауданы орталы­ғындағы саябақта Аманкелдінің сүйегі жерленіп, ескерткіші тұрғызылған. Негізінде, Кейкі мергенді өзінің қарулас досы әрі сардары Амакелдінің қасына жерлеу керек еді. Бірақ ондай ұсынысты биліктегілер тыңдамады. Аманкелдіден үш щақырым жердегі Ағаштыкөл атты мекенде ғарыштан немесе ұшақтан ғана көруге болатын бір гектар аумақта салынған қазақы ою-өрнектердің  суреті қазір бейне бір аңыздай ауыздан-ауызға тарап айтылуда. Бұл ғажайып ою-өрнекті суреттерді 2006 жылы Америка ғарышкерлері космостан түсіріп алып жария еткен екен. Аллам-ау, неткен салғырттық жайлаған елміз, содан бері он жыл өтсе де соған мән бермей келіппіз. Оның үстінен адам да, мал да өтіп жатады. Бірте-бірте көмескіленіп өшіріле береді емес пе?! Сондықтан аудан басшылары сол бір гектар аумақты тездетіп қоршаттырып, үстіне өскен шөптерді жұлып, өрнектер айқын көрінетіндей қалыпқа келтірулері керек. Одан әрі ғалымдар зерттеп, оның қай заманда кімдер, қалай, не себеппен салғаны жайлы өз пікірлерін айтар. Мұндай ғарыштан көрінетін мәнерлі сурет Оңтүстік Американың бір мемлекетінің жерінде ғана бар екенін оқып, суретін көргеніміз бар-ды. Сөйт­сек, ол өз аяғымыздың астында, күнде үстінен  басып өтіп жүріп­піз ғой.
Ендеше, Аманкелді ауданы өңірі мен оның Ағаштыкөл және Тасты мекені туристерді қызықтыратын сакральды-қасиетті орындар екені даусыз. Кейкі батыр жерленетін кесене төңірегінде тағы екі киелі жер бар. Оның бірі – дәл Тасты ауылының тұсындағы Тасбұлақ. Жолаушылар оған бұрылып, тоқтап, суын ішпей өтпейді. Оның суы мұздатқыштан жаңа алынғандай суық.
Суы мұншалықты суық бұлақ мүмкін еш жерде жоқ та шығар. Үшінші қасиетті жер – сол бұлақтан бірнеше шақырым жер­дегі Қарынсалды өзенінің қы­рында тұрған Құтан әулие Ата­лықұлының кесенесі. Оның тұ­сына да тоқтап, құран оқып өте­міз.
Енді тақырыбымызға қатысты тағы бір проблеманы көтерейік.
Торғай облысы жабылғаннан кейін оның орталығы Арқалық қаласының 70 мың тұрғынының 30 мыңы және облыс көлеміндегі ыдыраған ондаған совхоздың жұмыссыз қалған адамдары жаппай көшіп, Астана мен оның маңындағы елдімекендерге келіп орналасты. Амалсыздан көшіп кетсек те кіндігіміз туған жер мен өскен елге байлаулы. Жыл ішінде бірнеше реттен елге барып тұрамыз. Астанадан Атбасар қаласына дейінгі асфальт жол тақтайдай бір мін жоқ, үлкен шапшаңдықпен жүйтки зулап келе жатқан астыңдағы автокөлігің бейне бір қалқып келе жатқандай әсерде болады екенсің. Жол салушылардың адалдығына, сапалы салғанына өте риза болдық. Әрі қарай Дер­жавинск қаласына дейін де жамаулы жолдар кездескенімен, кідіріссіз жүріп отырасың. Ал Державинскіден Қостанай облысы Арқалық ауданына қарасты Восточный ауылына дейінгі 60 шақырым аралықтағы жолда көрген құқайымыз бастан асады. Жай құқай емес, азап десе де болғандай. Көтерме жолдың үсті бомба түскендей ойылып-ойылып қаптаған қазан шұңқырларға айналған. Кей жерлері ептеп жүруге келеді. Жүруге келмеген жерлерде амалсыз төмен түсіп дала жолымен алға тартасың. Оның да сайлары мен жыралары жол бөгейді.
Ақмола облысына қарасты осы алпыс шақырымды көрген құ­қайымыз бен кейістігімізді қосып, әсірелеп айтқанда, алты сағат жүрдік десек болады. Бұл аудан бұрын Торғай облысына қараған кезде тақтайдай еді. Өйткені, Державин ауданы ғана емес, одан арғы Жақсы, Қима аудандары да Торғай облы­­сының аумағында яғни қара­ма­ғында болатын. Облыс бас­шы­лары Арқалықтан осы аудан­дарға күн сайын жүріп өтетін жолы болғандықтан, оны жақсы кү­тімге алып, бақылауда ұстаған. Ал Торғай облысы жа­был­ған жиырма жылға жуық уақыт бойы бұл жол жаңар­тыл­маған, тіпті жөнді жөн­деуден де өтпеген. Себебі, Ақмо­ла облысының әкімдері аудан­дарды аралағанда Державинскіге келеді де, сол жерден қайтады. Басқа облыстың қаласы болғандықтан және барар шаруасы жоқ болған соң, Арқалыққа бармайды. Содан бері Ақмола облысының қаншама әкімдері ауысты, солардың бір де бірі бұл соры кайнаған жолмен жү­ріп көрмегені анық. Осы 60 шақырым жол қазір ешкімнің меншігіне жатпайтын иесіз жол, қорқынышты, иесіз мекенге айналған. Ал одан әрі Арқалыққа жеткізетін Қостанайға қарасты жол тап-тамаша, машинаңыз сырғып отырады.
Жұртшылықпен кездесулерде тұрғындар жоғарыда сөз болған, жолаушыларды неше­ме жылдар бойы шаршатып әбден жүйкелеріне жаудай  тиіп, жұқартып, титықтатып бол­ған 60 шақырымдық жол жайын айта келіп, осы мәселені көтеріп, Ақмола облысының су жаңа әкімі Мәлік Кеңесбайұлы Мырзалиннің назарын аударуды сұрады. Біз өтінішті дұрыс санайтынымызды, өзіміздің де бұл жолдан қорлық көріп жүргенімізді айта келіп, күні ертең Кейкінің мавзолейі тұрғызылып, табылса сүйегімен, табылмаса басы жерленгеннен кейін Тасты жерінің тәуеп ететін сакральды мекенге айналатынын, тәуәп етіп келушілер қашанда көп болатынын, сол себепті бұл жолдың бүтіндей жаңартылуы керектігін облыс әкіміне жеткізетінімізді айттық. Әрине, оған дейін қалған бір ай ішінде тым болмаса, жол бойындағы шұңқырларды тегістеп жамау, жеңіл жөндеу жұмыстарын жүргізсе болар еді. Бұл жолмен ертең өз машиналарымен келген депутаттар мен әкімдер, тіпті министрлер де жүруі әбден мүмкін. Өйткені басқа жол жоқ. Мен өз тарапымнан айтарым, облыстың жаңа әкімі Мәлік Мырзалин осы алпыс шақырым жолды алдымен жуық арада өзі бір жүріп өтсе екен деймін. Сонда барып мәселенің мәнін терең түсінері сөзсіз.

Жұма-Назар СОМЖҮРЕК,
жазушы

Жауап қалдыру