Асанбай АТАБАЕВ

0
136

Үстіміздегі жылғы шілденің 1-інен 2-сіне қараған, Қадыр түнінде ұзаққа созылған ауыр науқастан қымбатты досымыз, қадірлі құдамыз Асанбай Атабаев 67-ге қараған шағында пәни дүниеден бақи дүниеге озды. Ол ұлтжанды асыл азамат, ағайынға қамқор, айналасына жанашыр жан еді. Сүйегі Астанадан Алматыға жеткізіліп, 3-шілде күні марқұм Іргелі ауылының бейітінде жер қойнына тапсырылды.
Асанбай Атабайұлы 1950 жылы 1-мамырда Оңтүстік Қа­зақ­стан облысы Киров ауданы Мақталы ауылында дү­ниеге келді. Мектептен соң Кеңес армиясының қатарында әскери борышын өтеді. Екі жыл «Мақталы» кеңшарында механизатор болып еңбек етті.
1971 жылы Алматы зоотех­никалық-малдәрігерлік институтынын дайындық курсына түседі. 1977 жылы осы жоғары оқу орнын қызыл дипломмен аяқтап, институтқа ұстаздық қызметке қалдырылады. Иститут кәсіподағының төрағасы болып сайланады. Жұмыс істей жүріп институттың аспирантурасына түсіп, 1992 жылы мал шаруашылығы ғылым саласында кандидаттық диссертациясын қорғады. Одан соң доцент болды.
1996 жылдан ҚР Ғылым және білім министрлігінің Аттестациялау және лицензиялау, тестілеу бөлімдерінде лауазымды қызметтер атқарды. 2001 жылы Қазақ Ұлттық аграрлық университетінде малшаруашылығы факультетінің декан қызметін атқарды.
Асанбай Атабайұлы қай орында да өзін талантты ұйым­дастырушы, білгір ғалым, іскер азамат ретінде көрсетті. Үнемі жоғары оқу орнының қоғамдық жұмыстарының бел ортасында жүрді. 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі кезінде саяси-қуғын көрген көптеген студенттерді әділетсіз жазадан арашалап қалды.
Асанбай Атабайұлы отбасында да өнегелі әке, сүйікті жар болатын. Айықпас сырқат­қа ұшыраған кезінде жұбайы Нұрбибі жан жарының қиын­шы­лығына төтеп берді. 13 жыл бойы бағып, күтті. Қызы Әсел мен ұлы Әсет өздерінің әке алдындағы перзенттік борыштарын лайықты орындады. Күллі туыстары Асекеңнің отбасына ризашылықтарын арнап жатыр.
Асанбай достарының алдында да өте абыройлы болатын. Әр шаңырақтың қызығы мен қуанышына үнемі ортақтасып жүретін. Оның аңқылдаған ақ көңіл мінезі, туыстары мен жақындарына деген шынайы пейілі оны білетін жандардың жадында ұзақ сақталатын болады. Жаның жаннатта болсын, Асеке!

Бір топ жолдастары

Жауап қалдыру