Қарағанды Қазыбегін ұмытпайды

0
87

Қарағандылық белгілі сазгер, суретші Қазыбек Бексұлтановтың пәни дүниеден бақи дүниеге сапар шеккеніне де қырық күннің жүзі болыпты. Әдетте суретші, сазгер туралы сөз қозғағанда бұл өнер ата-анасынан немесе нағашысынан дарыды, қияли, ерекше бала еді деп жатады. Ал марқұм Қазыбек Бексұлтановтың әкесі Қарқаралыда туып-өскен Зейін мен шешесі Жамал өнерден қара жаяу емес еді. Олардың кенжесі Қазыбек өнерге деген құштарлығын ерте байқатып, Алматыдағы Чайковский атындағы музыкалық училищеге оқуға түседі.
Содан Қазыбек небары 17 жасын­да, яғни 1965 жылы өзі шығар­ған әндерімен көзге түсіп, Мәс­кеуде өткен VI халықаралық конкурс­тың лауреаты атанады. Тіпті, кейбі­реулерге қол жетпес арман болып көрі­нетін КСРО Композиторлар ода­ғына мүшелікке қабылданады. Ал­матыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияны да бітіреді. Үлкен өнерге даңғыл жол ашылғандай еді. Бірақ кәсіби композиторлық бағыт­қа ауысуына нешетүрлі кедергі тап келді. Үй-іші де мұндай кәсіпті жақтыра қоймайды.
Бикен екеуі отбасын құрғаннан кейін Қарағандыға көшіп келіп, пединституттың музыка және ән бөлімшесін бітіріп, мектептерде ән-күйден сабақ береді. Бірінен соң бірі Мәди, Мадияр, Бибігүл, Әйгүл, Бимұхамет, Әсемгүл атты алты ұл-қыз желкілдеп өсіп келе жатты.
Қазыбек бір жағынан сазгерлік өнерін дамыта түссе, бір жағынан жур­налистиканы да серік етті. Рес­публикалық «Қазақстан мұғалімі» газетінің меншікті тілшісі, Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» га­зетінде мәдениет бөлімінің қыз­меткері болды. Журналистер ода­­ғына мүшелікке қабылданды.
Қазақстан Магниткасының жа­лын алаулаған цехтарын, көмір шахталарын әнге қосу ниетімен ол отты мамандықты да, шахтерлік қиындықтарды өз басынан өткерді. Өстіп жүріп тыңдаушының жүрек қылын шертетін 120-дан астам лирикалық ән жазды. Әндері Қазақ радиосының «Алтын қорына» еніп, Роза Бағланова, Ермек Серке­баев, Бибігүл Төлегенова, Рашид Мұсабаев сияқты күміскөмей, жез­таңдай әншілердің орындауында жұрт арасына кең тарады. Бірталай шығармалары атақты «Серпер», «Дос-Мұқасан», «Гүлдер», «Жетіген» ансамбльдерінің орындауында ха­лықтың жүрегіне жол тапты.
Қазекеңнің шығармашылық із­де­­ніс­теріне әйгілі әнші Рашид Мұ­са­баев­тың жоғары баға бергені бар. Оның «Қарқаралы вальсі», «Қара­ғанды туралы әң», «Қарағанды жас­тары», «Шахтер жұлдыздары», «Аяз ата келеді!» деген әндері кезінде ха­лық арасында кеңінен танымал бол­ды.
Сазгердің отбасы құндылықтары­на арнаған шығармалары бір төбе. Бұған «Әже әлдиі», «Анашым», жарына арнаған «Бикенім» әндері жа­тады. Биыл екеуінің отас­қан­дарына 50 жыл толмақшы еді. Амал не тағдыр ондай қуанышты бірге көруге жазбапты.
Қазекең 6 баладан 17 немере, бір шөбере көріп кетті. «Ұрпақ­тарым­ның ішінде Мәдиім өз алды­на бір төбе» деп отырушы еді. Республика жастарының жалынды жетекшісі болып, ғылымда саясаттану ғы­лымдарының кандидаты атанып, мемлекеттік қызметте де ҚР Пре­зидент Әкімшілігінде сектор мең­герушісі сияқты лауазымға жетіп, қызмет бабымен өрлеп келе жатқан асыл азамат небары 42 жасында, 2011 жылы кенеттен қайтыс болды. Мәдидің қазасы онсыз да нәзік жүрегін жаралап кетті…
Бүкіл өмірін сазгерлік, журналис­тикалық қызметке арнаған Қазыбек Бексұлтанов есімін қарағандылықтар ұмытпайды. Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа, иманы саламат болсын!

Мұрат ЖАНЫСБАЕВ

Жауап қалдыру