АНАМНЫҢ АҚЫЛЫ

0
166

О, Ана, сенен көз жазғаныма да көп жылдардың жүзі болыпты. От­басымыздағы жақындарың, бала­ларың саған деген сағынышпен таңды атырып, күнді батырып келеді. О, менің данышпан Анам, өмірімдегі ең ардақты ұстазымсың. Жас кезімде балалықпен, шалалықпен құлақ аспағаныммен, сенің айтқан дана сөздерің құлағымда сақталып, жүрегімнің түкпірінен орын алыпты.
Бұл күнде менің сезімге толы әсерлі көңілімнің қиналатын шағы көп. Қабіріңнің басындағы орындықта ұзақ отырып сенің рухыңмен сырласамын. Мамырдың шуақты күндерінің бірінде айнала гүл-бәйшешекке оранған, дала масатыдай құлпырған мезгілде өмірге келіпсің!.. Ата-әжелерің де ақылды адамдар болса керек, елге жақсылығы тисін, шарапаты жаусын деп, атыңды Шарапат деп қойыпты. Сен солай атыңа затың сай болып өмір сүрдің, тірі болғаныңда дәл осы күндерде 95 жасқа толар едің. Бәріміз жиналып салтанатты той жасап атап өтер едік. Алайда өкінішке қарай сен бүгін жоқсың, тірлігіңде әкем екеуің бар-жоққа, аш-тоққа бірдей төзіп, өздерің ішпесеңдер де он баланы бағып-қағып, тәрбиеледіңдер. Перзенттеріңді қатарға қосып, елімізге, халқымызға қызмет ететіндей тура жолға салып білім жолымен мәпеледіңдер. Сендердің ақылдарың мен насихаттарыңа ыждағатпен құлақ қойып, өздерің үміт күткен тұстан шығу үшін тырысып келеміз.
  Асыл ана, есіңізде ме, бір жолы әке-бала арасындағы байланыстың қалай болатыны туралы тереңнен сөз қозғап былай деп едіңіз:
– Балам, қандай жағдайда да, әкенің орны биік, оны құрметтеуге тиіссің! Ол саған ана сүтін бермегенімен, білек күшін жұмсап еңбек етіп маңдай терін тамшылатты, бізді асырады. Сен ер азаматсың, бір күндері өзің де әке боласың, «өгізге туған күн бұзауға да туады», бала-шағалы боласың, көп нәрсеге көзің жетеді. «Ата-анаңа не істесең алдыңнан сол шығады». Жақсылық жасасаң да, жамандық жасасаң да жауапсыз қалдырылмайды, – деген едің. Тыңдап отырған бәрімізге мынадай бір аңызды айтып беріп едің.
Үлкен ағаштың саясында бір сақалды қария мұңға батып жылап отырыпты. Өйткені оны бір әдепсіз бала қорлап, жағасынан алып жалпасынан түсіріп, қолындағы бар мүлкін, қалтасындағы ақшасын тартып алып кетіпті. Қарттың жерге жығылып, жылап жатқанын алыстан көрген тағы бір жас жігіт көлігінен қарғып түсіп, тездетіп қасына келіп, қартты сүйемелдеп тұрғызып, үсті-басының шаң-топырағын қағыпты.
– Ойпырмай-ә, бұл адамдардың жүрегі тасқа айналып кеткен бе, мейірімсіздікке мейлінше дәніккенін қарашы!.. Сізді ұрып кеткен жігітті танисыз ба? Ол кім болады? – деп күйінішпен сұрапты.
– Ол менің балам болатын, – депті қария, – оған беретін қарызым бар еді, соны қайтарып алды, – деп жауап беріпті. Мұны естіген жас жігіт түсінбей тұрып қалыпты. Сол кезде қарт басқаша бір әңгіме сабақтапты.
– Осыдан тұп-тура елу жыл бұрын құмар ойнауға ақша таппай, дәл осы ағаштың түбінде әкемді ұрып жығып, азапқа салып, ақшасын тартып алған болатынмын. «Әке-шешеңе не істесең, бір күні алдыңнан шығады», сұрақсыз дүние жоқ, – дейді. Мұны естіген жас жігіт қарияға жаны ашып, мініп келген көлігінің есігін ашып, «машинаға отырыңыз, сізді үйіңізге жеткізіп салайын» депті. «Рахмет, балам, менен таяқ жеген байқұс әкем де сүйретіліп орнынан әзер тұрып, үйге жаяулап жеткен болатын. Мен де сол әкем секілді жүріп барайын. Жол бойындағы әкемнің қабіріне барып Ясин сүресін оқып, Алла-Тағаладан онан соң әкемнің аруағынан кешірім сұрайын» депті, өкініштен өзегі өртеніп. Тағылым туралы ой солай өрбіген.
Әттең, шіркін, асыл анашым-ай, данышпан парасаттым-ай, сен дәстүріміздің таңдаулы үлгілерін бұлжытпай ұстайтынсың!.. Осы күнгі жастар ана насихаты, әке ақылынан адасты, тыңдамайды, естісе де атқармайды. «Адамдарға зұлымдық жасап жүріп, жәннаттан дәмеленетін күнәһар пенделер көбейіп кетті». Бізді киіндіру үшін, түні бойы шырақтың жарығымен жыртығымызды жамап, бойыңдағы ыстық махаббатпен жанымызды жылытатын едің. Үстеліміз кішкене, дастарханымыз жұпыны болса да, көңіліміз кең, уайым-қайғымыз жоқ болатын.
Сен жұмыстан келгенге дейін біздер мектептен келіп алсақ, іргелес көршілеріміз «Кел, балам, қарның ашқан шығар, анаң жұмыстан келгенше біздің үйден бірер шыны шәй іше тұр!» деп, шақыратын еді. Қуанғанымыздан жүгіріп барып дастарханға жайғасар едік те, құйып берген «әткен шәйға» тандыр нанды турап тұрып ішіп алатын едік. Аяқ-қолдарың шыт-шыт жарылған, жұмыстан қалжыраған сен, демалмастан екі білегіңді түріп, он баланың қарнын тойдыру үшін тамақ жасай бастайтынсың. Кешке қарай арып-ашып, шаршап-шалдығып әкем келетін.
Бәріміз мәре-сәре қуанысып, қаз-қатар тізіліп отырып сенің жасаған дәмді тамағыңды мейірлене жейтінбіз. Аулада сен еккен алуан гүлдер жайқалып тұратын, үйіміз мұнтаздай тап-таза, тамақ алды­мыз­да даяр, киім­деріміз ретті, кір­шіксіз, әр кім­нің өз міндеті бо­­латын.
Енді ойласам таң қаламын, сонша көп жұмысқа қалай ғана үлгердің екен!..
Әй, кім біледі, бүгінгі күндегілер темір болса да төзе алмас еді. Алайда, сен бәріне шыдадың, бәріне үлгердің, біздерді қатарға қостың. Ер-азаматтар тұрақтап істей алмайтын ауыр жұмыстарды атқарып бала-шағаң үшін ақша тауып бізді бақтың. Жан анам, сенің тәлім-тәрбие туралы тағы бір құлағымызда қалған асыл сөзің бар еді. Келіндерге ылғи да: «Баланы бесігінен тәрбиеле!» деп, туа сала әр немереңе ұлттық тәрбие беруге, сөзсіз түрде ана тілінде сөйлеуге үндеп қадағалап отыратын едің. Сенің сол сөзіңді қадірлегендіктен болар, өмір бойы ана тіліміздегі мектептерде оқыдық. Өскен соң қолымнан келгенінше ана тілді мектептерді қолдап, қуаттан отырдым, балаларымды да ана тіліндегі мектептерге оқыттым, әсіресе отбасында өздерінің тілінде сөйлеуді қатаң түрде бақыладым, сенің берген бағыт-бағдарыңды бұлжытпай орындап келемін, ана!
Уақыт өтіп, барған сайын біз ел ағасы атанып немерелер өсіп-жетілді, сен әпкеме, қарындасыма және бізге: «Ұят деген сөзді өте жоғары бағалап, қастерлеңдер. Ұят деген балаларды жамандықтан тияды, жалғандықтан алыс жүргізеді, харамнан тосады, ол адам болудың күш-құдіреті» деген едің. Сен үзілді-кесілді түрде: «Мен ұяты жоқ баладан үміт күтпеймін» дейтін едің. Ұяты бар бала нәпсісін тежей алады, ұятты пендеде иман болады деп әрдайым қайталап құлағымызға құйып отыратын едің. Ардақты анашым, сен шұрқыраған он баланы сабасына түсіріп, әне сондай философиялық мәні бар қағидалармен тәрбиелеп отырдың.
Елімізге, халқымызға жан-тәнімізбен қызмет етудің берік сенімі, мықты іргетасы сіздің қолыңызбен қаланып, ақыл-парасатыңызбен көтерілген болатын. Сен анамыз ғана емес, біздің шынайы ұстазымыз бола білдің. «Өмірден өткен ардақты адамдарды, әзіз жақындарыңды сағынып еске алып, дұға жасап отырыңдар» деуші едің. Ал атақты ғұлама Ибн Әбидунийа: «Ата-анаңның рухына бағыштаған дұға-тілектерің қабыл болсын десең, қиналған мұқтаж жандарға жәрдем қолыңды соз!» дейді. Екі пікір де үйлесіп жатыр. Біз, перзенттерің, немерелерің, осы ережеге сәйкес өмір сүріп, сен жасап берген қағиданы атқарып келеміз.
Асыл анашым, мен сен туралы айтсам тауыса алмаймын, күнді түнге, түнді таңға жалғап сөйлер едім!.. Жасым ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жасына келгендіктен жер ортасына жақындағанымды байқаймын. Сені бұрынғыдан да көбірек есіме алып, өзіңмен қиялымда сырласып, ойыммен әңгіме шертісіп отырамын. Бұл да бір өмірдің заңы, уақыттың үкімі болар, кешегі уыздай жас балаң ақ самайлы ата болды. Мойылдай қап-қара шашымды қырау шалып, аттың ту құйрығындай қайратты қалың шаштарым оталған ормандай селдіреді. Кейде немерелерім келіп, «Ата, шашың неге ағарып кеткен?» деп, сұрайды. Бұл сөздерді естігенде бір оқиға ойыма оралып мырс етіп күліп қоямын.
Баяғыда бір кісінің баласы қайта-қайта тәртіпсіздік жасап, мектептен қаша береді екен. Шыдамы таусылған әкесі баласына қарап: «Сен есейіп келесің, енді ақылды болуың керек. Жаның ашымай, әр күні тәртіпсіздік жасаған сайын менің бір тал шашым ағарады» депті. Мұны естіген тентегі: «Енді білдім, атамның шашы неге аппақ қудай десем, сіздің жаныңыз ашы­­май атамды шар­шатып бітірген екенсіз ғой!», – деп, жауап бе­ріп­ті.
Есіңде ме анашым, сен бірде маған қа­рын­даш­ты көрсетіп мысал ете оты­рып: «Бала тәрбиесінде мынау қарын­даш­тай бол» деген едің, мен толық түсінбей: «бұл қарындаштың не қасиеті бар?», – деп сұрадым. Сен оның бес ерекшелігі бар» деп әр біреуін анықтап айтып бердің.
Бірінші, қарындашпен ғажайып нәрселерді жасауға болады, бірақ оны қол басқарып отырады. Балаңды тура жолға салып отырмасаң, өзі білген сарайды салады.
Екінші, не жазсаң да қарындашты ұштап тұруға тиіссің, бұның әурешілігі көп болғанымен жақсы шығармалар жазылады. Балаң да сол секілді, сенің тәрбиең баста ауыр тигенімен соңғы нәтижесі пайдалы болады. Көрген қиыншылыққа шыдамдылық қажет.
Үшінші, қарындашпен қате жазсаң, оны өшіруге болады. Егер өмірде бала тәрбиесінде қателессең оны түзету қиын.
Төртінші, қарындаштың ең маңызды жері сырты емес, оның ішкі өзегінде. Іші таза қарындаштың жазған шығармалары мың жылдарға дейін өзгермей сақталады. Жақсы тәрбие алған балаң да сол, әулеттің абырой беделін жоғарылатады.
Бесінші, қарындаштан із қалады, сен де сол секілдісің, әр басқан қадамыңнан із қалады. Мүмкіндік болса, тек жақсылықтан із қалдыруға тырыс… деген болатынсың.
Жаным Анам, соңымда қандай із қалдырып, мынау тірлікте қалай кетіп бара жатқанымды халқым айтар… Сенің ақылыңа, терең парасатыңа әркез тамсана рахмет айтумен келемін. Жүзі жарқын, ақылы дария, жігері темірден берік жан ана, тартқан күллі жапа-машақатыңның есесіне Алла саған жұмақ сыйласын деп тілеймін. Қанша жүгірсек те, қанша биікке көтерілсек те, өмір жолымыздың бір нүктеге барып тіреліп тоқтайтынын жақсы біліп, ол ақиқатқа көзіміз жетті. Сені қаншалық қадірлей алдым, оны бір Алла өзі білер. Мынау қолымдағы бір шоқ гүл кезінде сен еккен әтір гүлінің тамырынан шыққан бұтақтар. Әкем екеулеріңнің қабірлеріңді осы гүлдермен көмкерейін. Иісі сонадайдан аңқып, бұл жерді жұмақ бақшасына айналдырсын!.. Он перзентіңнен туып-өскен немере, шөберелерің өсіп, кәдімгідей бір ауыл болып қалды… Біздің байлығымыз – сол сендердің заузаттарың.
Жатқан жерлерің жұмсақ, рухтарың жәннатта болсын! Пейіште нұрың шалқысын, Асыл Ана! Күн ұясына батып барады екен, ендеше, мен үйге қайтайын. Ертең азаннан тартып бәріміз үлкен үйге жиналамыз. Үйде еш нәрсе өзгерген жоқ, төрде сенің орның. Бұл босағаны кім бұрын келіп аттаса, сенің орныңа сол отырады. Бәріміз кішкене бала секілді сен отыратын орынға таласып асыға жетеміз. Мейлі біздің санымыз қаншаға жетсін, қалай жайылсақ та бәрібір сенің орның үңірейіп тұр, біздің саған деген сағынышымыз барған сайын арта түсуде. Төмендегі жүрек сөзімді сен естімесең де, әулетің, ұрпақтарың естиді ғой деп жазып отырмын.
95 жасқа келген мерейлі күнің құтты болсын, Ана!!! Алла Тағала ол дүниеде сені жұмақтық құл ретінде дәрежеңді көтерсін, ардақты әзіз анашым!!!

АНАМА АРНАЙМЫН
Жылды қуып айлар өтті, жан ана,
Қасіреттер өртеп жатыр ділімді.
Тамақ бердің дастарханда балаға,
Қамсыз күннің сағынышы білінді.

Әкемменен қатар жүріп анашым,
Қыдырдың ба бақидағы бақтарды?!
Аналардың рухы нұрлы дара шың,
Жанның сырын саған ұлың ақтарды.

Маған медет болды дана сөздерің,
Сен болған соң, іздемедім әкемді.
Сен өткенде бұлау болды көздерім,
Шаттық кетіп, қайғы бұлтын әкелді.

Келдім міне, өзім өскен ордама,
Жүрегіме шаншылғандай сұр жебе.
Күлген болам айналама зорлана,
«Балам-ау!» деп сен шықпайсың түрлене.

Ащы жасым жуды неше жүзімді,
Қайғы-шерім тығылады алқымға.
Май айында шуақ шашар күніңді,
Сағынамын, берік тұрып антымда.

Шарапат деп атап ұлық затыңды,
Дұға жасап гүлдер қойдым басыңа.
Мейірімді, өзің едің ақылды,
Сағынышпен келдім сенің қасыңа!

Балаң:
Ділмұрат КУЗИЕВ
Аударған:
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

Жауап қалдыру