Абдрахман Асылбек

0
43

Қазақ әдебиеті мен руханияты ауыр қазаға душар болды. 81 жасқа қараған шағында көрнекті ақын, аудармашы Абдрахман Асылбек дүниеден озды.
Абдрахман Асылбек 1938 жылы 1 мамырда Жамбыл облысының Талас ауданына қарасты Үшарал ауылында туған. ҚазПИ-дің тарих-филология факультетін бітіргеннен кейін мектепте мұғалім болған. Аспирантурада оқыған, облыстық газетте, республикалық Қазақ радиосында, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде қызмет жасаған. Сондай-ақ «Жазушы», «Жалын» бас­паларында, Қазақстан Жа­зу­шылар одағындағы көр­кем әдебиетті насихаттау бю­росында, Қазақстан Жазушылар одағының Жамбыл облыстық бөлімшесінде, республикалық «Әділет», «Мә­де­ниет», «Заң», «Көзқа­рас» газеттерінде қызмет істеген. «Заңгер» журналында бөлім меңгерушісі, редак­тордың орынбасары, ҚР Бас Прокуратурасының «Құқық­тық Қазақстан» газетінің Бас редакторы болған.
1955 жылы «Бейбітшілік бақшасы», «Жауды аяған жаралы» сияқты тырнақалды шығармалары басылған. Балаларға арналған алғаш­қы өлеңдер жинағы 1961 жылы жарыққа шыққан.
Содан бергі уақытта отыздан аса жыр кітабы оқырманға жол тартқан. Сатира және аударма жанрларымен де айналысқан. Біршама әдеби байқаулардың жеңімпазы, жүлдегері болған. Сондай-ақ қазақ эстрадасында шырқалып жүрген, халықтың жүрегінде жатталып қалған көптеген ән мәтіндерінің авторы.
«Жапырақтар», «Қиял қия­сында», «Алтын дән», «Ала­тау аясында», «Ғажап ба­ла», «Балам туралы бал­лада», «Әлемге үні тара­ған», «Көкорай көктем», «Түрлі-түрлі бала бар», «Туысыңды таптың ба?», «Светофор сыры», «Алтын арай», «Ерден атайдың ертегілері», «Достық балладасы», «Байқа, балақай», «Бәй­шешектер», «Хантау қойнауында», «Ақ тілек», «За тучами – солнце», «Сауыс­қанның сәлемі», «Сыйқырлы сыбызғы», «Ақ моншақты аруым», «Шапағат шуағы», «Балбұлақ», «Айдай сұлу аруым», «Әнші бала», «Сү­йеді екем», «Биназар батыр», «Байғозы батыр», «Құ­ран­ға құрмет», т.б. кітаптары жарық көрген.
А.Асылбектің Құран Кә­­рімді қазақта тұңғыш рет өлеңмен мазмұндаған, 80 жасқа келген мерейтойында тұсауы кесілген «Қасиетті құран – мәңгілік мұраң» деген тәржімасы жарық көрген болатын.
Жарты ғасырдан астам уақыт бойы қазақ халқының руханиятына аянбай еңбек еткен еліміздің абыз ақ­сақалы Абдрахман Асыл­бектің жарқын бей­несі ел жадында ұзақ сақ­тала­тын болады.

«Prezident & Halyq» газетінің редакциясы

Жауап қалдыру