Шерхан Мұртаза

0
128

Үстіміздегі жылғы 9 қазанда қазақтың аса көрнекті жазушысы, публицист Шерхан Мұр­таза пәни дү­ниеден бақи дү­ниеге озды. Ұлт жолын­да қаламын қару етіп қыз­мет қылған қа­быр­ғалы қалам­гердің артында мол мұра, өлмес өнеге мен өшпес із қалды.
Осы қазаға орай Мем­лекет басшысы Нұр­сұлтан Назар­баев мар­құмның ту­ған-туыс­тары мен жа­қындарына көңіл ай­ту же­делхатын жол­да­ды.
«Шерхан Мұртаза бүкіл ғұмырын төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің да­муына арнаған біртуар аза­мат, қазақтың мұ­ңын мұңдап, жоғын жоқ­таған нар тұлғалы қа­ламгер, қарымды қоғам қайраткері болды. Ұлт руханиятында өзіндік қол­таңбасы бар заңғар жа­зушы соңына мол мұ­ра, өрісті өнеге қал­­дыр­­ды.
Шерхан Мұртаза қазақ журналис­терінің бірнеше буынын тәрбие­леген ұлттық баспасөз­дің биік бәйтерегі еді. Қашанда әділдік пен ақиқаттың алдас­паны болғаны үшін қара сөздің зергері, шын­дық­тың шырақ­шысы атанған Шер­хан Мұрта­заны хал­қы «Шера­ғаң» деп қадір тұтты.
Сонау Те­мір­таудағы еңбек жолымның тікелей куәсі болған ол Тәуелсіз мем­ле­кеттің іргесін қала­ған жылдарда да жаным­да жүріп, елді ілгерілету ісіне зор үлес қосты.
Шерхан Мұртазаның қазақ руханиятындағы орны мен жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды деп сенемін», – делінген жеделхатта.

Ар-намыстың  алдаспаны еді
Қазақ әдебиеті аса көр­некті жазушысы, публицист Шерхан Мұртазадан айырылды. Алаш арманын ту қылған, ар-намысы алдаспанның жүзінде ой­наған, елінің ертеңін ойлаған тұлғаның орны ойсырап-ақ қалды.
Шерхан Мұртаза 1932 жылы 28 қыркүйекте Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Мыңбұлақ ауылында дүниеге келген. 1955 жылы М.В.Ломоносов атын­дағы Мәскеу мемле­кеттік уни­верс­итетінің жур­на­лис­тика факультетін тә­мам­даған. «Ле­ниншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газе­­тінің, «Со­циалистік Қазақ­стан» (қа­зіргі «Егемен Қа­зақ­стан») газетінің тіл­шісі, әдеби қызметкері болды. 1963-1970 жылдары «Лениншіл жас» газетінің ре­­дакторы, «Жазушы» бас­па­сының, «Жалын» альма­нахының, «Жұлдыз» жур­налының бас редакторы, Қа­зақстан Жазушылар ода­ғы басқармасының екінші хат­шысы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы әрі Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, 1989-1992 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, 1992-1994 жылдары ҚР мемлекеттік телерадио компаниясының төрағасы болып істеді. ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты болған. Жазушының әр жылдары «Табылған теңіз» (1963), «Белгісіз сол­дат­тың баласы» (1969), «Ах­мет­­­жанның анты» (1973), «Мыл­тықсыз майдан» (1977) повестері, «41-жыл­ғы келіншек» (1972), «Ин­тер­нат наны» (1974) әңгі­мелері, «Қара маржан» (1977), бес кітаптан тұра­тын «Қы­зыл жебе», «Ай мен Айша» (1999) роман­дары, шығармаларының төрт том­дығы (1990-2000), шығар­маларының 6 том­дығы, таңдамалы шығарма­лары­ның 7 томдығы, «Елім, саған айтам, Елбасы, сен де тыңда» (К. Смайыловпен бірге) (1998), «Бір кем дүние» (2008) кітаптары жарық көрген.
Қазақ руханиятында ұлт қаламгерлерінің  ұлы мек­тебін қалыптастырған, әде­биетіміздің алыбы, мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза өмірден озды. Қайталанбас қайсар тұлғаның туған еліне, туған жұртына қаралы туды құшақтап көңіл айтамыз!

Мәдениет және спорт министрлігі,
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы

Ұшса – сұңқар, шапса –тұлпар ағамыз…
Шіркін, дүние-ай десейші! Кеше ғана жайраңдап Парламенттің төрінде, елдің сөзін сұңқардай даусы саңқылдай сөйлеп отырған Шерағамыз да дүниеден өтті….
Бауыржан ағамыз бен Тұма­ғаңнан кейінгі Мың­бұлақ­тан ұшқан қы­рандар­дың бірі еді. Ұшса – сұңқар, шапса – тұлпар ағамыз ең алдымен кісілік кел­бетіне кір жұқтырмаған пара­сат иесі болды. Шера­ғаңның аға­лығы мен азамат­тығы­ның өзі неге тұрады? Шығар­машылық иелерінің баяғы­дан келе жатқан «Гогольдің шекпенінен шықтық» дейтін сөзі бар. Ал бізде қолына қалам ұстап, елдің сөзін екі ауыз ойға сыйдыратын сақа журналистердің көбі «Шерхан ағамыздың шек-пенінен шыққан шәкіртпіз» дейді. Ол сөз – бір кездері «Лениншіл жасты» түбегейлі түрлендіріп, «Егемен Қазақ-станға» жұртты елең еткізіп, халық оқитын газет жасаған Шерағаңның журналистика саласына салған сара соқпағының өтеуіндей сөз.
Жалпы, қолымызға билік тиіп, қызметте жүргенде елдің қамын ойлап ақ сөйлейтін, жарып сөйлеп жасырмай айтатын адам­дарды іздеуші едік. Бір кездері «Социалистік Қазақ­стан» болған аға газеттің ре­дакторлығы босаған кез­де орталық партияның идеология жөніндегі бөлім меңгерушісі едім, Орталық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков аға­мызбен ақылдасып Ше­рағаңды «Қазақ әдебиеті» газетінен бүгінгі «Егемен Қазақстанға» апарып едік. Келе салып ата газетті ажарландырып, «Егеменді» ел оқитын сүйікті газетке айналдырып жіберді.
Жарықтықтың жүзі былайғы жұртқа суық болғанымен, жаны жібектей жұмсақ еді. Қайырымды, бауырмашыл еді. Ағамның жарқын күлкісі мен айбатты сөздері әлі көз алдымда.
Опасыз дүние деген осы болар?.. Кеше елдің қақ төрінде жайқалып жүрген Шерхан аға кейінгі кезде көп қиналды да ғой!.. Өмір ғой!.. Алдынан жарылқасын!

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ

Қош, аңыздың ақырғы тұяғы!
Ел өмірінде орны ай­рық­ша, екі туып, қос қайта­лан­байтын тұлғалар бо­лады. Өз заманында айбат­ты аға қазақтың көркем сөзі мен көсем сөзін қоғамдық мін­беге көтеріп, ата-баба­ларымыздың айбынды ру­хын қайыра атқа қон­дырды. Ұр­пақ санасын тәр­биеледі. Ке­лешекке өзінің ішкі бүкіл ай­тарын айтып өткен сирек­те­ріміздің бірі болды, Ше­ра­ғам!
Соңынан ерген інісі, қа­ламдасы һәм замандасы ретін­де дәл осындай қара­лы хабарды естіген кезде кө­кірегімізге жас тол­ды. Бі­рақ ол көз жасы Шера­ғаңды жоқтау ғана емес, енді қайтып елдігі­міздің бү­тін­дігін ойлайтын ерлер си­реп кетпесе екен деген, Шерхан Мұртазаның жал­ғасы қазақтың ұлы топы­ра­ғын­да болса екен деген намыс пен жігердің, қажыр­лы қайраттың, ішкі рухтың сөзі секілді болып елестейді.
Шерхан аға маған кейде ақбоз атқа шірене қонып, қолына ақ найзасын ұстап, беліне ай қылышын байлап келе жатқан баяғының батырларын елестетуші еді. Ол кісінің әрбір қимылы, әрбір сөзі бізге қамшы болды. Көп уақыт бойы өзінің сол биігінен түскен жоқ. Тек соңғы кездерде ғана денсаулығы сыр беріп, сыр­қатқа бой алдырды. Со­ның өзінде ажалды қа­бағымен үркітіп отырды. Ажалдың өзін жанына жа­қын жібергісі келмей, жұ­дырығын түйіп, қазақтың жоғын жоқтап жатқандай көрінетін сол кезде…
Біз сондай тұлғадан айырылып отырмыз!.. Қазаққа Шерхан секілді тұлға керек кез енді келген сияқты деп ойлаймын. Шерағаң шын мәнінде өзінің аңызы мен ақиқаты арқылы ұлыларымыздың санатын байытқан ірілердің бірі!.. Біз не дейміз, мұндай қаралы сәтті Ұлы Даланың бай­тағында Шерханын жоқ­тап жатқан үлкенге де, кіші­ге де басу айтамыз. Жат­қан жерің жайлы бол­сын, аға!
Қазақ әдебиетінің қа­сиетті кеңістігінде Шер­хан Мұр­тазаның өз биігі бар! Сол биіктен ол бізге аңыз­дың ақырындай болып ақи­қаттанып барады! Қош, аңыз­дың ақырғы тұяғы!

Нұрлан ОРАЗАЛИН

Ұлтымыздың әкесі, иманың саламат болсын!
Шерағаңның қаза­сына байланысты қалың жұрт­­шылықтың қабырға­сының қайысуы – ұлы қаламгерге деген халық сүйіспеншілігінің дәлелі. Оның төркінінде ұлт­шылдық мінез тұр. Ол дүниеге бір шаңырақтың қуа­нышы болып келіп еді, аза­мат болған тұсында өз ұлтының арыстандай ақыр­ған қамқоры болды, одан дүниеден өткенінше Қазақ деген халық оны пір тұтты.
Қазақ тіліне қоса орыс тіліне мәртебе беру жөнінде мәселе көтерілгенде «Екі тіл жыланда ғана болады» деп тоқтатқан Шерағаң болатын. Парламентте жерді сату туралы бап талқыланғанда: «Жер деген – Ана, анасын ешкім сатпайды» деп тойтарыс берген де Шерағаң болатын. Қазақтың наркескені айтатын жерде айтты, тұратын жерде тұрды.
Шерағаң ақиқатында өмір­­ден ұлтымыздың Әкесі бо­лып өтті. ХХІ ғасыр­да қа­зақ үшін онымен теңде­се­­тін­дей бірде бір тұлға болған емес! Біз жазушыдан, қайраткерден, ең соңғы шынайы депутаттан ғана емес ұлтымыздың Әкесінен айырылдық! Жетімсіреген қазақтың қабырғасына ба­татыны да сол. Иманың са­ламат болсын, еренім, халқы үшін туған өренім, жағымпаздыққа бас имей, күресуді үйреткен тереңім! Мәң­гілік өміріңде де қаза­ғыңа жұлдыз болып қала бер! Алла алдыңнан жарыл­қасын!!!

Марат ТОҚАШБАЕВ

Жауап қалдыру