Аманкелді Каримуллин

0
23

8 қазан күні ұзақ жылдар мемлекеттік органдарда бас­шылық қызметтер істеген Аманкелді Кәрімұлы Ка­римуллин 71 жасында пәни дүниеден бақи дү­ниеге озды. Қазақтың тағы бір асыл азаматынан айырылдық. «Айналдырған ауру алмай қоймас» демекші, ұзаққа созылған ауыр науқастан (бірнеше жыл комада жатып) Аллаға аманатын тапсырғанын естідік.
Аманкелді 1947 жылы 26 қазанда Батыс Қазақстан облысы Орда қалашығында (Бұрынғы Бөкей ордасының орталығында) жарық дүние­ге келген. Алматыдағы Қа­зақ ауылшаруашылығы инсти­тутын (қазіргі Агроу­ни­вер­ситет) бітіріп, Ғылым академиясының зертха­на­сында лаборант, Алматы облысының шаруа­шылықтарында агроном болды, басшылық қызмет­тер атқарды. Өте бір мә­дениетті, парасатты жігіт еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарында Алматы қаласы әкімінің орынбасары, Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бас­тығының орынбасары сияқты қызметтерде өзін іскер, мемлекетшіл азамат ре­тінде танытты.
1995 жылы ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі болып тағайындалды. Одан соң Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметін ат­қарды. Одан беріде Алматы қаласының Бостандық ауданының әкімі болды. Бекзат қалпымен, адамгершіл мінезімен, адалдығымен айналасына ізгі шуағын шашатын. Қарапайым жұрт­шылық та, достары да жоғары бағалайтын. Қай қызметте де абырой биігінен көрінді.
Амал не, арыстандай азамат сегіз жыл бұрын ауыр сырқатқа ұшырап, төсекке таңылды. Әбекеңнің жары Гүлбаршын Қожақызы биология ғылымдарының докторы, профессоры екенмін деп отырмай, қиындықтармен талмай күресіп, соңғы сәтіне дейін балаша күтіп қасында болды. Адал жар деген осы болар. Ұлы Асқар да әкесінің еңбекқорлық жолын қуып келеді.
Әбекең немерелерін көріп кеткені де көңілге демеу.
Марқұмның иманы саламат болсын!

Жауап қалдыру