Жеті атаңды неге білуің керек?

0
387

Жеті Атаға дейін үйлен­беу дәстүрі түркі тектес халық­тардың ішінде тек қазақтарда ғана бар дейміз. Неге екенін білеміз бе? Осы жайында оқыған бір аңыз-әңгімені ұсынбақпын.
ХV-ғасырда Қазақ Хандығы орнап, оны Керей мен Жәнібек хандар басқарғаны белгілі. Бірде Жәнібек ханның ақылшысы, кеңесшісі Жиренше шешен қатты ауырып, төсек тартып жатып қалыпты. Жақын жерлердегі талай белгілі емші, бақсыларды шақыртып қаратса да, еш ем қонбапты. Соңында атақты Өтебойдақ деген емші барын біліп, соны шақырады. Өтебойдақтың емінен кейін Жиренше жазылып, дертінен айығыпты. Жәнібек хан емшіге риза болып, бірнеше сұрақ қойыпты. Көп сұрақтарына қонымды жауаптар алып, соңғы сұрағын қойыпты:
– Қандай ауруды емдеу қиын?
– Тұқым қуалайтын ауруды емдеу қиын.
– Ал, оның алдын алуға бола ма?
– Болады. Жеті Атаға дейін туыс адамдар қыз алыспауы керек. Жеті – қазақ үшін қасиетті сан.
Өтебойдақ емшінің айтқанын Жәнібек хан жадына тоқып, халыққа жеті атаға дейін үйленуге тыйым салыпты. «Кімде кім жеті атаға толмай үйленсе, өлім жазасына кесілсін» деген жарлық шығыпты. Содан бергі қазақ хандары да осы жарлықты бұлжытпай орындап отырыпты. Ал, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы «Шипагерлік баян» атты шипагерлік кітап жазған адам.
Өмір тәжірибесі мол халқымыз кейінгі ұрпаққа жеті атасын білуді міндеттеген және оны үйретіп жаттатқан. «Жеті атасын білмеген – жетесіз» деген содан қалған.
Енді жеті Ата қалай аталатына келсек.
Газет-журналдарда да, кітаптарда да жеті Атаны көбіне былай бөліп келеді:
1. Әке
2. Бала
3. Немере
4. Шөбере
5. Шөпшек
6. Немене
7. Туажат
8. Жүрежат
9. Жекжат
10. Жұрағат
11. Қаймана.
Менің ойымша, «туажат» пен «жүрежаттың» орны ауысып кеткен сияқты. Себебі, «жүрежат» дегені – жүре-бара жат болады дегені, ал, «туажат» дегені – туа сала жат болып кетеді дегеннен шыққан деп ойлаймын. Сондықтан, 7 – жүрежат, 8 – туажат болуы керек сияқты. Сонда қазақтарда өзара құдандаласу тек сегізінші ұрпақ – туажаттан басталады. Шежірелерімізді біле жүрейік!

Жауап қалдыру