Зейнетақы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпесін!

0
191

Тәуелсіздік алғалы бері, яғни 25 жыл тарихында, Қазақстан Республикасында ең маңызды мақсат экономиканы көтеру ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік реформаларды жүзеге асыру болды. Реформа барысында әлеуметтік саланың анағұрлым әлсіз екені байқалды. Бүгінгі таңда әлемдегі барлық ел үшін өзекті мәселе – кәрілікті материалдық жағынан қамсыздандыру болып отыр. Біздің елде де бұл өзекті мәселеге айналды.

Бұл мәселенің талас­ты тұс­тары көп. Бір күнде шеші­летін оңай мәселе емес. Қар­­жы нарығының ойын­шы­лары мен Үкіметтің, тіпті халықтың ортақ мәмілеге келуін талап ететін шешім екені күмәнсіз. Бірақ зейнетақы жүйесінің мән-жа­йын түсін­діріп, қоғамның келісі­мін сұраған кім бар? Қазіргі жүйе дүниеге келген 1997 жылы да бәрі жедел әзірленіп, жарты жылдың ішінде баршаны жа­рылқайды делінген. Мақ­тау­ға ілік­кен бағ­дар­ламаның жиыр­­ма жыл­­да қызығының таусылуына не себеп? Қаржы нарығы дұрыс қалыптаспады ма, әлде зейнетақы қорларынан ақау кетті ме? Қалай айтсақ та, жеке зейнетақы қорларын таратып, оларды бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорына біріктіргенімізге көп уақыт өтпей бұл салада және бір дау шықты. Өткен жылдың 21-желтоқ­санынан бастап жүр­гізілген тер­геу жұмыстары нәти­­же­сінде БЖЗҚ-ның бас­шысы Руслан Ерденаев қамауға алынды. Осының барлығы жи­нақтала келе маңдай термен тапқан бейнеттің зейнетін кө­реміз бе деген халық үшін алаң­­датарлық жайт. Осы­ған бай­­ланысты бүгін­гі Қазақ­стан­ның зейне­тақы жүйе­сін тал­дап, бұл өзгерістердің не алып келетіндігін сараптап көрген едік. БЖЗҚ-ның бүгінгі жағдайына тоқталмас бұрын зейнетақы жүйесінің қалыптасу тарихына қысқаша тоқталсақ.
Қазақ­станның зейнетақы жү­йе­сі мы­на­дай кезеңдерден өтті. 1991-1997 жылдар ара­лы­ғында елімізде Кеңес одағынан қалған ортақ зейнетақы жү­йесі жұмыс істеп келді. Экономикалық дағдарыс пен бюджет тапшылығы бұл жүйені қайта қарауды талап етіп, 1997-1998 жылдары «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» жаңа заң жобасы қабылданып, жинақтаушы зейнетақы жүйесі енгізілді. Осы заң негізінде жеке зейнетақы қорлары құрылып, зейнетақы қаржылары осы қорларға тапсырылған болатын. Алайда, 2008 жылы орын алған әлемдік қаржы дағдарысы жеке қорларға да салқынын тигізді. Нәтижесінде оннан астам жеке қор таратылып, Қазақстан Рес­пу­бликасының «БЖЗҚ» АҚ 2013 жыл­ғы 22-та­мыз­да «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ не­гі­зінде қайта құрылды. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес 2016 жылғы 1-қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру жөніндегі ұсынымдар жасау функциялары Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық Қорды басқару жөніндегі кеңеске берілді. Осылайша зейнетақы жүйесі тікелей мемлекеттік басқаруға өтті. Бүгінгі елі­міздің зейнетақы жүйесін қысқаша айтқанда төмендегі инфог­ра­фикадан көре аламыз.
Енді зейнетақы жүйе­сінің жұмыс істеу тәртібіне тоқ­талсақ. Зейнетақы жинақ­тау­шы қорлардың ең маңызды сапасы табыстылық, сенімділік және ашықтық екендігі белгілі. Табыстылық – бұл кез келген зейнетақы жинақтаушы қордың ең маңызды көрсеткіші. Қор сіз үшін қаржы мол тапқан сайын соңғы нәтижеде зейне­тақыңыздың көлемі арта түседі. Мәселен, сізде және досыңызда 1 миллион теңгеден ақша жинақталды делік. Сіз­дің зейне­тақы қорыңыз бір жылдың ішінде 20 мың теңге, ал досыңыздікі 40 мың теңге көлемінде табыс әкелді. Демек, сіздің досыңыздың зейнетақы қоры тиімді жұмыс істеуде әрі оның зейнетақы жинағы жылдам өсуде деген сөз. Оның пайызы да, сомасы да жоғары. Болашақта сіздің жиналымдарыңыздың арасын­дағы айырмашылық барынша үлкен болады. Сіз зейне­тақы­ңызға немереңізге велоси­­пед сатып алсаңыз, ол көлік алып бере алатындай қау­қарлы болады. Ал қорлар­дың табыстылығы неге негіз­деледі? Сіздің қорыңыздың та­нымал қазақстандық және ха­лықаралық компанияның құн­­ды қағазына ие болуы (инвес­тициялануы) барынша маңызды. Мұндай қағаздар мол болса, онда қор белсенді әрі табысты жұмыс істейді деген сөз. Қазақстанда бір ғана зейнетақы қоры жұмыс істегендіктен, оның табысы мен сапасы барлығымызды алаңдатады. Қазақстан зейне­тақы жүйесі әлем­дік озық тәжірибеге сай құ­рыл­­ғанымен, бас­қару сап­а­сы тұрғысынан төмен деңгейде. Себебі, өткен жылы қордан 5 млрд теңгеге жуық қар­жы жым­қырылғандығы мәлім болды. Бұл қаржылар «Бузгул Аурум» деген әлдебір компанияға инвестицияланып, ізім-ғайым жоқ болған. Жы­ғылғанға – жұдырық дегендей өткен жыл аяқталар тұста, 29-желтоқсанда Ұлт­тық банк «КазИнвестБанктің» лицен­зиясын кері қайтарып алғаны және оған банктік және басқа да барлық операцияны жүргізуге, тіпті қор нарығына шығуына тыйым салғаны мәлім. Соның салдарынан бұл банк жабылып қалды. Артынша халықтың зейнетақы жинағының бір бө­лігі (2.9 млрд теңге) «Казин­вестбанкте» ұсталғаны анық­талды. Сонымен, егер сот «КазИнвестБанкті» банкрот деп жарияласа, жеке тұлғалардың өз салымдарын «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» (KDIF) арқылы қайтарып алу үміті де сөнбек. Өйткені KDIF мәліметтері бойынша БЖЗҚ кепілдіктегі қаржыларды ке­рі қайтару тізімінде соң­ғы орындардың біріне жай­ғасқан. Соған қарағанда бұл қаржылар зейнетақы қорына қайтарылмайтын көрінеді.
Бірыңғай жинақтаушы зей­не­тақы қорындағы (БЖЗҚ) зейнетақы жинақтарын осы банк­ке беру туралы шешімді Ұлт­тық банк 2016 жылдың ба­сында қабылдаған екен. Осын­­дай дәр­менсіз банкке ха­лық­тың жыл­дар бойы жи­нап-терген қаржысын неге тапсырылғандығын Ұлт­тық банк­­тің монетарлы опера­циялар департаменті дирек­торы­ның орынбасары Нұржан Тұрсынханов «Шағын және орта бизнесті дамыту мақ­сатында БЖЗҚ-ның 200 млрд теңгесі банктерге несие түрінде берілген. Біз 30 банктің барлығын осыған қаты­суға ша­қырдық. Әрқай­сысына рей­­тин­гіне қа­рай 14-16,5%-бен 3,5 жыл­ға бер­дік. Бұл қаражатты игеруге 6 ай уақыт бе­рілді. Бұ­ған бақылау жасап, мониторинг жүргізуге «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорын шақырдық. Нәтижесінде әлгі 200 млрд теңгенің 113 млрд-ын 15 банкке үлестірдік. Қалған 15 банк қаржы алудан бас тартты», – дейді. Бақылау жасап, мониторинг жүргізуге міндеттелген «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының басшысы осы жылдың 5-қаңтарында өз еркімен орынтағын тәрк еткелі тым-тырыс. Бұдан бөлек БЖЗҚ-ның 400 млрд теңгеге жуық қаржысы еліміздің екінші деңгейлі банктеріне несиеге берілген. Олардың арасында Qazkom, Цеснабанк, Сбербанк, Fortebank, Еуразиялық банк, БанкЦентрКредит, Kaspi, АТФ Банк және басқалары бар. Қазақстан азаматтарының зейнетақы жинақтары банктерге теңгелей 9% сыйақымен 10 жылға берілген екен. Халық арасында ай сайын өз жалақысы мен табысынан 10%-дық алым төлеп, зейнетақы жинағын адал аударып тұратын азаматтар қаржысының банк банкрот болған жағдайда «аман қалатынына» күмәндана бастады.
Енді қордың бүгінгі жағ­дайына тоқталсақ. ҚР ҰБ-ның деректері бойынша 2016 жылғы 1-желтоқсанда «Бірыңғай жинақтаушы зей­не­та­қы қоры» АҚ салым­шыларының зейнетақы жи­нақ­тары 6,636 млрд. теңгені құрап, оның ішінде 5,276 млрд. теңге (80%) мөлшеріндегі зейнетақы жарналары және 1.360,6 млрд. теңге (20%) мөлшеріндегі инвестициялық кіріс болған. Демек, 2016 жылдың инвестициялық табы­сының таза сомасы 457,7 млрд. теңге болып, кірістілік 7,7 пайыз болса, құнсыздану 6,2 пайыз­ды көрсеткен. Бұл жерде құнсыздану (инфляция) деңгейінің ресми деректен жоғары болғандығын ескерсек, қор табысы қуантарлық емес. Тәуелсіздік жариялағалы бері Қазақстанның таңдаған жолы нарықтық экономика мен демократия екендігін ескерсек, БЖЗҚ-ын жеке қорларға таратқан жөн екендігін көп сарапшылар қолдауда. Себебі, Мемлекеттік монополия болған жерде тиімді, сапалы басқаруға қол жеткізу өте қиын. Мұндай жағдайда бюрократия күрт дамиды. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жұмысына көңілі толмаса, салымшылардың басқа таңдауы жоқ. Міне, осындай олқылықтар халықты алаңдатып, мемлекеттік билікке деген сенімсіздікті күшейтуде.
Зейнетақы қорына деген күдік күшейіп, халық арасында: қордағы қаржыны мерзімінен бұрын алуға бола ма? деген сұрақ та жиі талқылануда. Бұл сұраққа Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев: «Қазіргі таңда зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алуға заңмен тыйым салынған. Бүгінде БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алуға қатысты халықаралық тәжірибені зерттеп жатыр, бұл мәселе әлі қарастырылуда», – деп қысқа қайырған. Заңдық тұрғыда зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алуды зейнеткерлік аннуитет деп атайды. Зейнеткерлік аннуитеттің шарты бойынша жасы 50-ге толған зейнетақы жинағында 8,5 млн теңгеге жуық қаржысы бар әйелдер мен 6 млн теңгелік жинағы бар 55-ке толған ер адамдар өз қаржысын мерзімінен бұрын ала алады. Алайда, бұған көп халықтың қолы жете бермесі анық. Оның себебі, сіз 8,5 млн теңгелік зейнетақы жинағын жинау үшін ай сайын зейнетақы қорына 40 мың теңгеге жуық салым салуыңыз қажет. Ал ол үшін сіздің бір айлық жалақыңыз 400 мың теңгені құрауы шарт. Мұндай жалақы көптің арманы екендігі айтпаса да түсінікті. Демек, зейнетақы қорындағы қаржыны иесіне қайтарып алу оңайға соқпасы анық. Ендігі үкілеген үміт зейнетақы қорына бақылау жасауға тиіс Ұлттық банкте ғана. Ұлттық банк халықтың ертеңге деген сенім оты зейнетақы қаржысын қызғыш құстай қорғай ма? Әлде зейнетақы қорындағы қаржылар ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кете ме?

Жүсіп  ЖҰБАТОВ,
«Президент және Халық»

Жауап қалдыру