Наурыз мерекесі аталып өтілді

0
215

22-наурыз күні Талдықорған қаласындағы әз-Наурыз мейрамы «Бұлақ көзін ашу» рәсімімен басталып, шаралар «Жастар» саябағы маңында арнайы тігілген киіз үйлер қалашығында жалғасты.
«Нұр себеле, Ұлыстың Ұлы күні» мерекелік шарасында жүз­деген қала тұрғыны мен қонақ­тары облыстық мекеме-ұйымдар ұйымдастырған киіз үйлер қалашығының алдына қо­йылған түрлі көрмелерді тама­шалады. Атап айтқанда, ха­лық дәстүрлерінің көрмелері, қолөнер және қылқалам шебер­лерінің «Шеберлер ауылы», балалар көркемөнер мектебі тәр­бие­ленушілері туынды­ларының, Қазақстан халқы Ас­самб­леясының ұлттық-мәде­ни орталықтарының «Достық алаңы» көрмелері, сол сияқты кәсіпорындар мен шағын және орта бизнес нысан­­дарының «Қазақстанда жасал­ған» көр­месі ұсынылды. Сон­дай-ақ ұлт­тық спорттық ойындарды өт­­кізу­ге арналған алаңдар ұйым­дас­тырылды.
Облыс әкімі Амандық Баталов киіз үйлер қалашығының ал­дында ұлттық салт-дәстүрлер рәсіміне қатысып, жас нәрес­телердің тұсауын кесті.
«Жастар» саябағындағы сан қилы мазмұндағы көрмелермен танысқан облыс әкімі Амандық Баталов үлкен сахнаға шығып, көпшілікті Наурыз мерекесімен құттықтады.
– Бұл мереке Шығыс күн­тізбесі бойынша Жаңа жыл са­­налуымен қатар, ежелден жаңару мен жаңғырудың, береке мен молшылықтың символы ретінде қалыптасқан. Тамыры тереңнен нәр алған осынау жалпыхалықтық құндылықтар бүгінгі күні Мемлекет басшы­сы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевтың басшылығымен еліміз­дің дамуына мықты іргетас бо­лып отыр, – деді А. Баталов.
Бұдан әрі облыс басшысы мемлекет қолдауының арқа­сында Алматы облысы тұрғын­дарының әл-ауқаты артып, әлеуметтік-экономикалық жағ­дайы ілгеріліп келе жатқа­нын­дығын тілге тиек етті. Қол жеткен жетістіктердің мысалы ретінде облыстың екі мил­лионыншы тұрғынының дүниеге келгенін атап өтті.
– Біздің бүгінгі басты мақ­сатымыз – Президент алды­мызға қойған тапсыр­маларды, «Қазақ­станның үшінші жаң­ғыруы: жаһандық бәсекеге қабі­леттілік» атты Жолдауын­дағы жүктеген міндеттерді жүзеге асыру. Бұл орайда мақсат­тары­мызға облыс тұрғын­­дарымен бірге жұмыла жұмыс істеудің арқасында жететі­ні­мізге сенім­дімін, – деді.
Мұнан кейін облыс әкімі жеті­сулықтарға ізгі тілегін білдірді:
– Наурыз мерекесінде ақ дастарқан дәмге толып, үлкен­дер «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, бәле-жала жерге енсін!» деп ақ бата берген. Осын­дай шынайы тілек, ізгі лебізден асқан жақсы сөз бар ма?! Сондықтан баршаңызға мықты денсаулық, бейбіт өмір мен молшылық тілеймін! – деді сөзінің қорытындысында.
Бұдан соң «Ана тілі аруы» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Сондай-ақ Ұлыстың ұлы күні Жетісу жерінде спортшылардың жары­сымен де ерекше есте қалды. Білекті ер азаматтар 35 келіден астам қойды көтеруден сынға түсті. Қойды иығына салып, кемінде 70 реттен көтерген ер азаматтардың күш-жігері көпшілікті тəнті етті.
Мереке мазмұнды концерт­пен жалғасты. Кешкілік жас­тарға арналған би кеші ұйым­дастырылды.

Жауап қалдыру