Наурыз – мейрамдардың төресі

0
350

Ұлыстың ұлы күні, тұтас тіршіліктің басы – Наурыз мерекесі де келіп жетті. Күн мен түн теңелетін бұл тамаша мейрам тұтас шығыстың шын мәніндегі ұлттық мерекесі. Кеңестік кезеңнің солақай саясатының салдарынан ұмытыла жаздап,  тәуелсіздікпен қайта түлеген наурыздың маңызы, оның рухани мәні әлі де тереңірек түсінуді қажет етеді. Бұл мәселеде этнолог Болат Бопай ағамыздың айтары мол. Қазақтың салт-дәстүрі, ырым-нанымы, мінез-болмысы, адамның табиғатпен, көк аспанмен байланысы туралы 40-қа жуық кітап жазған ғалымның тұла бойы тұнған қазақылық. Сол қазақылықтың кешегісі мен бүгіні, наурыздың ішкі мазмұны туралы төмендегі сұқбатта баяндайды.

Тауық жылы шаруашылық үшін жайлы  жыл болады
Шығыстық жыл санау бойынша Тауық жылы енді кіреді. Қазақ халқы күнді, айды, жыл­ды үнемі жақсылыққа балаған. Кемі өзі көрген түсті жақсы­лыққа жорыған. Арайлап атқан таңмен келген әр күнді сәтті деп бағалаған. Қар қалың жауғанда жаз жаңбырлы болады. Жерге көк жақсы шығады. Бұл халқымыз ежелден шұғыл­да­натын мал шаруа­шы­лығы, егін, құс шаруа­шы­лы­ғына аса жайлы болмақ.
Жер жақсы көктеп, егін жақсы өсіп, мал жақсы семірсе, тұрмыс та жақсы болады. Жақсы тұрмыс, жоғары көңіл-күй кепілі. Көңіл-күй жақсы болса, денсаулық мықты болады. Қазақ «қыстың шақылдаған сары аязы, шілдеде ыстық болып, қыстағы боран, жазда құйын болып келеді» деп есептеген. Сондай-ақ бұлтқа, жыбырлаған жәндіктің қозғалысына қарап, алдағы жылдың шаруашылыққа тигізер әсерін болжаған.
Ал бұл болжамдар күн мен түн теңелген наурыз мерекесінде жасалған. Күн мен түннің теңелгенін тіршілік иелері ерекше білген. Сағат тілі нөлді көрсеткенде, судағы балықтар 5 секундтай қозғалмай тұрып, шоршып түседі екен. Табиғатта бұндай құбылыстар көп. Мысалы тышқандар інінен шығып, күн мен түннің теңелер сәтін күтеді дейді. Аспанда керемет бір музыка үнді, құлаққа естілер-естілмес, әдемі сарын пайда болып, соны төрт түліктен қой естиді екен. Сол үнді адамдар еститін болса, жеті атасына дейін қиыншылық көрмейді, ұрпақты, дәулетті болады деген сенім бар.
Наурыздың 21-і күні «Әз» дейтін амал кіреді. Қазақта «әз болмай мәз болмайды, шағала келмей жаз болмайды» деген сөз бар. Әз амалына байланысты небір жел, жаңбыр немесе қар жауады. Қар жауса,  «наурыздың ақша қарындай» деп оны сыпырмаған. Өйткені ақты құрметтеген халықпыз. Наурыз мерекесінде уыз мерекесі деген бар. «Адамның аузы аққа, малдың аузы көкке тиді» дейді. «Уыз – сүт сұлтаны, ас ұлтаны» деп қараған. Туылған сәби, нәресте, анасының үш күн уызына толық қанып ембесе, есейгенде есті азамат болмайды деген ұғымды білеміз. Төрт түлік малдың төлі 3 күндік уызды ішпесе, «марқа болғанда, маңқа болады» деген де бар. Міне, адам мен төрт түліктің және табиғатттың арасында қандай байланыс жатыр. Бұның маңыздылығы да осыдан келіп шығады. Сондықтан жоғарыда айтылған белгілерге қарап, тауық жылы шаруашылыққа жайлы болады деуге негіз бар.

Ұлыс күнгі іс-шаралар толық қамтылып жүрген жоқ
Наурыз қазақ үшін ұлыс мереке, жаңа жыл. Тәуелсіздік алғалы үлкенді-кішілі, ауылды-қалалы, ордалы-отбасылы аумақ­­тың бәрінде белгілі дәре­жеде тойланып келеді. Халық ішінде жаңа жылды қабылдау жақсы. Өз биігіне көтерілмесе де, соған талпыну бар. Қазақтың өміріндегі бүтін салт пен дәстүр, әдет пен ғұрып, наным-сенім, ырым-жырым осының бәрі торқалы тойда, топырақты өлімде атқарылған.
Сондықтан ұлыс күнгі мерекеде атқарылатын іс-шаралар толық қамтылып жүрген жоқ. «Селт еткізер», «дір еткізер» сияқты жігіттердің қыздарға, аталардың кемпіріне тартатын сыйлықтары болған. Бұл сыйлықтар қазіргі «8-наурыз», григориан күнтізбесіндегі жа­ңа жыл мерекесіне ауысып кетті. Асылында наурыз – мейрамдардың төресі.  Сон­дықтан «Қазақстан барысы» палуан­дар жарысын, «Алтын домбыра» ақындар айтысын, әнші­лердің концерттерін, үй, көлік беру, жылдық қоры­тын­дылар, Астанада тағылып жатқан медальдардың бәрін осы наурызға орайластыратын болса, ел асыға  күтіп жүретін еді.

Дастарханға харам нәрсе  қойылмаған

Халқымызда мереке күні үлкен, кең дастархан жайылған. Тілеу көже яғни наурыз көже ұсынылып, жеті дән салынған. Оны жетімен шектемей, 15 дәнге дейін салса болады. Оның әрқайсысының өз мәні бар. Бұл жеті атадан, он бес атаға дейін барлығының аруағы разы болсын деген ниеттен шыққан. «Ат шаптырым, қоян жон дала» дастархан жайған. Жылдың басы қалай молшылықпен басталса, жылдың соңы да солай молшылықпен аяқталады деп ырымдаған. Төрт ырыстан тағам әзірленген. Бірінші ырыс – ет, наурыздың кәделі жілігі. Ол қыстан сақталған, сүрленген ірі қараның кәрі жілігі. Сонымен қатар жас еттен де қояды. Ол көнемен қоштасып, жаңамен қауыштық деген ұғым. Екіншісі – дән-дақыл ырысы. Оған шелпек, бауырсақ, күлше нан жатады. Үшіншісі – ақ ырыс. Айран, шұбат, қымыз, қатық, сарымай, іркіт соның бәрі кірген. Төртіншісі – көк ырыс. Оған алма, жүзім, мейіз, өрік секілді жеміс-жидектер жатады. Төрт ырыс төр құбыламыз тең болсын деген мәнді білдіреді. Бұған харам нәрсе араластырмаған. Сосын 40 үйден көже ішу деген болған. Бұл 40 үйден ғана емес, оң жақтағы, сол жақтағы, алдыдағы, арт жақтағы 40 үйден, яғни тұтас ауылды білдірген. Мақсат – ауылдағы әр үйден көже ішу емес. Мақсат – сол үйлердің адамдарымен амандасу, берекені сақтау, ренжіскен болса, кешірім сұрау, өлім-жітімге құран оқу, жоқ-жітіктерге көмектесу. Осыны сақтау үшін қазақ халқы абстрактылы ұғымдарды нақты ұғымдарға айналдырған. Жәй көже жасай салып, ішуге де болушы еді. Алайда төрт дән, 40 үй деп, 7 дәм қосып, қасиетті ұғымдарды әдемі сақтай білген.

Тума мінез жұқпа мінездің тасасында  қалып барады

Ғылым-техниканың, өнердің, мәдениеттің, экономиканың, жаһан­данудың негізінде адам­дардың 95 пайызы жұқпа мінезге ауысып кетті. Бұл тұмау секілді мінген көліктен, ішкен астан, киген киімнен, оқыған мектептен, көрген-білген адам­дардан, еліктеуден жұғады. Бұл қазақтың ұлы тарихын біл­меуден шығады. Ғылымда бір­нәрсеге байланысты қай жерде жазылыпты, оны  қай ғалым айтып қалдырыпты дейтін жазба дерек іздеушілік бар. Әрине, бұл жақсы. Алайда ғылымның кейбір батыстық өлшемдері біздің жағдайымызға сәйкес келе бермейді. Қазақтың тұтас тарихы ауызша, аңызға сақ­талған. «Аңыз түбі – ақиқат» деген бар. Біз өзімізде бар нәр­сені жазбаған шығармыз, алайда есте сақтау қабілетінің мық­тылығынан ауызша сақ­таған. Бүгінде бабалар тарихы, қисса-дастандар, аңыздар 100 томдық болып шығып жатыр. Халқымыздың руханияты мұнша бай болмаса, осынша дүниелер қайдан шығады?!
Кейбір дәстүрлерімізді дүмбілез адамдар керегі жоқ, исламға қарсы дейтінді айтатын болды. Бұл әсте олай емес. Қазақтың дәстүрі мен сенімі  әрдайым үйлесіп, жымдасып, қабысып отырған. Мысалы, дін жақсылыққа шақырса, қазақ «жақсылыққа жақсылық – әр адамның ісі, жаманшылыққа жақсылық – ер адамның ісі» дейді. Дін сабырлы болуға үйретсе, қазақ «сабыр түбі – сары алтын, сарғайған жетер мұратқа» деген. Ислам кешірімді, рақымшыл болуға тәрбиелесе, бабаларымыздан «алдыңа келсе, атаңның құнын кеш, біліп тұрып білмегенді кешпесең, білгенің қайсы» деген осыған мағыналас нақыл сөз қалған. Асыл дініміз «өсек айтпа», «ғайбат айту – өте ауыр күнә» десе, қазақ «алыстағы жаудың дүбірінен қорықпа, қасыңдағы досыңның күбірінен қорық» дейді. Бұл «бір ауыз киелі сөз мың адамды жадыратады, бір ауыз күйелі сөз мың адамды ажыратадыны» білдіріп тұр.
Осындай сапалы мінезді халық көп нәрседен ауытқып кеттік. Аурудың емі әлі де құ­рып бітпеген руханиятымыз­ды әлсіретіп алмау. Тұрмыс түзе­ліп, ес жиып, етік киіп, жоғы­мызды қайта жинайтын кез жетті.

Сыңар қанатты емес, қос қанатты ұрпақ тәрбиелейік

Сананы тұрмыс билеген заманда адамдардың бәрі жұмыстанып кетті. Олай етпеске амал жоқ. Баспана керек, көлік керек, соған қол жеткізу үшін қаржы керек дегендей. Осыдан ата-ана институты әлсіреп, тәрбие беру жағын ақсатып алдық. Алайда бұл шешілмейтін түйін дегенді білдірмейді. «Жаманның мың күнінен, жақсының бір күні артық, мың күнгі қараңғылықтан, бір күнгі жарық артық» дегендей жылдың 365 күнінде берілген тәрбиеден, бір реткі, бір сағаттық, бір айтылған сөздің бала жүрегінде мәңгі із болып қалатын тәрбиені беруіміз керек.
Одан кейін сатылап, балабақ­шадағы, мектептегі, универитеттегі жалпы қоғамдық тәрбиені күшейтуге болады. Байқаймын, мектеп оқулықтарында көп­теген қателіктер кеткен. Бастауыш сынып оқушыларына 9 бет, 10 бет қылып романдардан үзінді беріп қояды екен. Олай істемеу керек. Одан да әдемі жазылған, өміріне әсер ететін, дәстүрлі, этнографиялық оқулықтар жасауымыз керек. Балаларды соған дайындап алғаннан кейін барып қана, ары қарай ғылымға алып кетуге болады. Ал шала сауатты баланың романды оқуға, түсінуге жасы да, қарым-қабылеті де жетпейді. Сондықтан, оңайдан күрделіге, ұлттықтан жаһандыққа қарай сатылап оқытсақ, сыңар қанат­ты емес, қос қанатты ұрпақ тәрбиелеп шығар едік.

Басты тілек – бірегей жобаны  жүзеге асыру

Бар саналы ғұмырымды қа­зақ этнографиясына арнап ке­лемін. 40-тай кітап, көптеген ма­қала жазып, сұқбаттар бе­ріп жүрмін. Алайда бұның бәрі теңізге тамған тамшыдай аздық етеді. Әрі барлық дүние­лер қағаз күйінде. Оның өзі бәрі­нің қолына тие бермейді. Сондықтан көкейімде көптен жүрген бір ой, арман бар. Ол бәріне ортақ, барлығы игілігін көре алатын қазақ этног­ра­фия­лық ауылын жасасам деген арман.
Бұл нарық заманына ыңғай­лан­ған, көп адамға жұмыс тауып беретін, тәлім-тәрбие беріп, ұлттық тарихпен сусындатар жақсы жер болар еді. Қазақта бәрі бар, тек ол әр жерде шашырап жатыр. Осы ауыл соның басын құрайтын мекен.
Бұны туристер көп ағыла­тын белгілі, еліміздің беткеұс­тар орындарының біріне айнал­дыруға болады. Ол үшін «Қазақ этнографиялық ауылы» деген үлкен жоба даяр тұр. Қазақта кезеңіне, дәуіріне, қолданылу аясына, мазмұнына, жасалған сүйегіне қарай 52 түрлі киіз үй бар. Осы 52 киіз үй ауылдың шетінде бір жерде кереметтей тігіліп, болмаса кірпіштен салынып, сырты қоршалып заманауи мәдениетпен жаса­латын болса, сол ауылда қазақтың қара шегесінен бастап, қарашаңырағына дейін табылар еді. (Суреті 5-бетте). Осы наурыз секілді мерекелерді өткізетін кемелді орта болар еді. Бүгінгі дала мәде­ниетінен қала мәдениетіне ауыс­қан, қабат үйге үйренген қазаққа осында бір орта керек-ақ. Бұл қазақ мәдениетінің нақ­ты, затты һәм жанды көрінісі болар еді.

Сұқбаттасқан
 Меліс СЕЙДАХМЕТОВ,
«Президент және Халық»

 

Жауап қалдыру