Лотореялық терминалдарға тыйым салынуы тиіс

0
144

Бүгінде Алматыдағы екі дүкеннің бірінен ойын автоматтарын кездестіресіз. Қаланың төменгі және шеткі аудандарындағы адам көп жүретін жерлерде автоматтар қос-қостан тұр. Оларды қоршай қаумалаған жастар одан да­ көп. Айтпақшы, қазір ойын автоматтары деген түсінік жоқ. Оларға тыйым салынғалы, құмар ойын түрін кәсіп еткендер автоматтарды жасыл-сары лотореялық терминалдармен тез-ақ ауыстырып қойған. Ол тер­миналдар заңдық тыйымнан ада. Өйткені Қазақстанда лотореялық терминалдарға рұқсат етілген. Шын мәнінде олардың әлгіндегі автоматтардан мазмұндық айырмашылығы жоқ. Осылайша аты ауысқанымен, заты өзгермеген құмар ойын талай қазақты тапқан-таянғанынан айыруда.
«Лотореялық терминал­дар­дағы ойын сенсорлық экран ар­қы­лы ойналады. Оның кә­дуілгі қағаз лотореялардан айыр­­машылығы аз. Бірақ ар­тық­шылықтары көп. Басты­сы – терминал арқылы кез келген жер­де, кез келген уақытта ұтыс­қа ие болу мүмкіндігі жоғары. Бұрынғыдай лоторея сататын дүңгіршектер іздеп сабылмайсың. Дүкенге, сауда үйіне кіре қалсаң, вокзалдарда, аялдамаларда алдыңнан шыға келеді. Бұндай терминалдар бүгінде әлемнің көптеген елінде танымалдыққа ие. Және оның әрекеті ешқандай заңға қайшы келмейді». Бұл лотореялық тер­минал иелерінің сөзі. Шын мәнінде бұл аппараттар ойын автоматтарынан да қатерлі. Өйткені бұл терминалдарда ұсынылған ойындар санының көптігімен жә­не әралуандылығымен, ойын графикасының тартым­ды­лы­ғымен көзге түседі. Оның бәрі адамды құмар ойынға үйір етуге бағытталған. Аппаратпен ой­наушылардың көбі бұны ойын автоматы емес, көңіл көтеру, лотореяның жеңіл түрі, оңай ақшаға кенелу жолы деп қате ойлайды.
Бұндай аппараттарда жемтік тастау тәсілі қолданылады. Тер­минал қашықтан, арнайы орна­тылған құрылғы арқылы қал­тафоннан басқарылады. Онда терминалға түскен және терминал берген қаражат туралы деректер көрсетіледі. Автомат иесі қалауына қарай терминал жұмысын арнайы бағдарлама арқылы баптап, бастапқыда терминалға түскен қаражаттың көбін ойнаушыларға беріп, аз бөлігін өзіне қалдырып адамды көптеп тартуға жұмыстанады. Соңында терминал жұмысын 60:40, 70:30, 80:20, 90:10 па­йыздық есебімен өз пайдасына бағдарлайды. Осы екі арада ойыншылар о баста ұтып, кейін бүкіл ақшасын қалай ұттырып жібергенін аңғармай қалады. Осылайша, анда-санда бір жылт еткен мүмкіндікті сәттілікке балап, құмар ойын шырмауына түседі.
Есімін жарияламауды өтін­ген Ш. атты азамат осы терми­налдарға бірнеше ай бойы тапқан таянғанын салып келгенін айтады.
– Ойын автоматтарының «ло­хот­рон» екенін бұрыннан білем. Алайда өзімді дер кезінде тоқтата алатындығыма сенімді болып ойнап көрдім. Басында анда-санда, жол түскенде ғана ойнайтынмын. Кейін үйдің жанындағы дүкенге орнатыл­ған­нан кейін үйге керекті заттарды алуға барған сайын ойнайтынды шығардым. Артынша дүкенге арнайы осы үшін барып жүрдім. Көп ұзамай терминалдар жұмыс орнымның маңына қойылғанда жұмыстағы жігіттермен қалып ойнай бастадық. Ұтыс жағы әр кезде әрқалай болатын. Кейде 10 мың теңге ұтасың. Ертесі 30 мыңға ұтыласың. Көбіне ұты­лады екем. Оны кейін байқадым. Жалақымды күнбе-күн алам. Алған бетте сол жаққа тартам. Бүгін ұтылғанымды, ертең шығарып алармын деп жүріп, бірнешен ай бойы 300 мың теңгедей ақшаны осы аппаратқа салып жіберіппін, – дейді өзегін өкініш оты өртеген аспаз болып жұмыс істейтін жігіт.
Оның сөзінше, таныстарының талайы әлі терминал соңында жүр екен.
– «Одан ұтам деу бос әурешілік, түбінде қолыңдағы барыңды соларға санап бересің» десем еш тыңдамайды. Өзім де сондай болғам. Әне-міне ұтатын сияқты болып тұрасың, – дейді ол.
Азық-түлік дүкенінде сатушы болып істейтін Айгүл атты әйел құмар ойынға құмартушылар арасында мектеп оқушыларынан бастап, 50-дегі еркектер де көп екендігін айтады.
– Мен жұмыс істейтін дүкен қожайыны «аренда төлейді» деп терминал қойдырғалы, бұл жер дүкен емес, бал арасына айналды. Оқушылардан бастап, 50-ді еңсерген еркектерге дейін ертелі-кеш осы аппарат жанынан шықпайды. Түрлі оқиғаның куәсі болдым. Бір күнде пәтерақының, оқуының ақшасын ұттырып жібергендерді де көрдім. Қан­ша жылап-сықтағанымен, ұтыл­­ған ақшаларын терминал ие­сі қайтарып бермейді. Бірде біреулердің ұтысқа ие болып, сың­ғырлаған тиын алып жат­қанын көрген мектеп оқушылары оларға қызықтай қарап қалыпты. Ертең сол балалардың да ойнамасына кім кепіл?! Бұл терминалдарды алып тастамай жақсылық жоқ. Көзі ашық талай қазақ баласының осыларға жем боп жүргенін күнде көрем. «Осыны қоймайсың ба?» десем, «қоям, апай» деп мені де, өзін де алдайды. Бірақ құмар ойынды біржола тастап кеткендер өте аз, – дейді Айгүл апай.
Терминал иелері аппарат қой-ғаны үшін әрқайсысына ай сайын әжептәуір ақша төлейтіндіктен, оларды кез келген жерге орнату аса қиындық тудырмайды. Әрі иелерін көл-көсір пайдаға кенелтіп отырған терминалдар көбеймесе, азаймайтыны түсінікті. Сондықтан құмар ойынды көпе-көрнеу қоздырып отырған лотореялық терминалдар заңдық тұрғыда ойын автоматы деп танылып, оған тыйым салынуы тиіс. Ол жүзеге аспайынша отандастарымыз ойын автоматтары опа таптырмайтынын сезе тұра, терминалдарды әлі қанша торуылдайтыны белгісіз.

Меліс СЕЙДАХМЕТОВ,
«Президент және Халық»

Жауап қалдыру