Қазақы амандасу һәм баланы еркелету

0
129

– Бұрын қазақта қазіргі­дей үлкен-кіші, еркек-әйел жап­пай сүйісіп амандаспайтын, – деді ата мен сусын апарғанда.
Әлгінде Бәкеңнің (Бақытжанның – ред.) кішкентайдан бірге өскен, бірге оқыған досы келіп, екеуі­нің орысшалап сүйісіп сәлем­дескенін көрген болатын. Мына айтқан сөзіне сол сү­йісу түрткі болды-ау деймін…
– Әсіресе батпандай ер-азаматтардың кездескен жерде сүйісіп амандасуы деген қазақ қауымында бұрын атымен жоқ еді. Осы сүйісу Хрущевтің би­лік құрған кезінен кең етек алып, жайылып кетті. Жақсыны да, жаманды да алаламай тез қабылдай қоятын «талантымыз» бар. Бастықтың әр қимылын қалт жібермей, қайталап кәукелектейтін жағымпаз жампаңдығымыз тағы бар. Сөйтіп, жалпаңдап жүріп, жапалақ болып кетер ме екенбіз, құдай білсін…
Ер-азаматтар қолдасып амандасушы еді. Сағы­ны­сып көріскенде құшақ айқастырып қауышатын. Міне, осыларды «еркек­ше сәлемдесу» дейді. Ал әйелдер өзара құшақ­тасып, сүйісіп амандаса бе­ретін. Қариялар өзінің баласындай, немересіндей жастарды жақсы көріп еміренгенде құшағына қысып, арқасынан қағатын.
Осы жерде бір нәрсеге тоқтала кетейін. Бұрын қазақтар ер баланы еркелеткенде басынан сипа­маған. Арқасынан қаққан. «Басынан сипау ұл баланы аяп, мүсіркеу сезімдерін туғызады, төмен қарап жүретін жасық болып қалады» деп түсінген. Ата-ана, ел-жұртына қорған болатын, шаңыраққа ие болатын ұлдың көзін жерден алмайтын жігерсіз, есіркеуді тілеп тұратын ынжық болғанын қаламаған. Ал арқасынан қаққанда ер бала батылданады, жігерленеді, еңсесін тік ұстап, тура қарауға дағдыланады. Неге болса да тайсалмай қарайтын қайратты, батыл болып ержетсін деп ұлды арқадан қағыпты.
Ал қыздарды керісінше басынан сипаған. Қыз – жатжұрттық, қыздың бағы – үйде емес, түзде. Қыз басқа босағаны аттап, өзге үйдің отын жағады, ұрпағын өсіреді. Қызды «кететін бала ғой» деп еркелетеді. «Алдында не күтіп тұр екен, тағдыр-талайы қалай болады» деп басынан сипап аялаған. Қыз баланы басынан сипағанда басы еріксіз еңіс тартады, көз жанары төмен түсіп, жасырынады. Кісі бетіне бажырайып қарамайтын әдетке үйреніп, қызға ла­йық биязы мінез қалып­тасады. Арқадан қағу мен бастан сипаудың осындай талғамды астары, тәр­бие­лік мәні бар екен.
Ал енді әжелер мен апалар жасы кіші жақындарын жақсы көргенде ұл болсын, қыз болсын, оларды құшақтап, маңдайынан не қолынан сүйеді. Қазір де ел ішінде жиі болмағанымен бұл әдет сақталып келеді. Жас балалардың маңдайынан иіскеп не сүйіп: «Үлкен азамат бол!», «Бақытты бол!», «Өркенің өссін!», «Өмір жасың ұзақ болсын!» – деп тілектерін қос қабат айтып жатады.
Тегінде қазақ жас баланы, әсіресе кішкентай сәбиді бетінен сүймейтін, қызығып қарамайтын, таң­данып сұқтанбайтын. Бұлар – тыйымдар. Ертеден келе жатқан осы ырым-тыйымдар негізсіз емес. Сәби құстың балапаны сияқты, нәзік әрі сыртқы әсерді өзіне тез қабылдайды. Ересек адамдар баланы мейірленіп сүйгенде әр адамның бойындағы әр­түрлі деңгейде болатын биоөрісті сәби көтере алмайды. Сәбиде қорғану күші әлі жетілмегендіктен науқастанып қалады. «Көз тиді», «сұқ өтті», «аш кірді» деп жатамыз ондайда.
Бұрын халық емшілері сумен ұшықтап, адыраспан, аршамен аластап, тұзбен емдеп жататын. Әрине, ешкім де жас баланы әдейі ауыртайын демейді. Көп адамдар өзінің бойында, көзінде қандай дәрежеде өріс бар екенін біле бермейді, ол тіпті ойына да келмейді. Сондықтан сәбиге қатысты жерде үлкендердің абайлап, сақ болғандары жөн. Өте еміреніп жақсы көру зар­дап­сыз емес, балаға қауіп болуы ықтимал, – деді ата.

Зейнеп АХМЕТОВА,
Бауыржан Момышұлының келіні.

Жауап қалдыру